Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оны ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов алдымен күн тәртібімен таныстырды әрі бұл басқосудың аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе өткізілетінін атап өтті.
Алғашқы кезекте «Ауданның ауылшаруашылығы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» бөлім басшысы Сырым Жарқымбаев есеп берді.
Ауданда ауылшаруашылығында 1935 шаруашылық субъектісі тіркелген. Олардың 220-сы белсенді жұмыс істеп тұр, оның ішінде 115-і өсімдік шаруашылығымен, 56-сы мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 20 500 адам жұмыс істейді. Аудан бойынша ауыл саны 46 және бір қала бар. 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі – 91,0 млрд.теңгені, нақты көлем индексі – 102,1% құрады. 2026 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жалпы ауылшаруашылығы өнімінің өндірген көлемі 3,7 млрд. теңге болды. Нақты көлем индексі – 90,7%, облыстағы үлес – 11,6%. 2026 жылға жоспар бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі – 93,0 млрд.теңгені, нақты көлем индексі – 102,1% құрайды деп күтілуде. Ауданда алдағы вегетациялық кезеңге және егіс науқанына дайындық жұмыстары жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 2026 жылға белгіленген егіс көлемі 24 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 7,3 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 9 мың гектар, майлы дақылдар – 835 гектар, картоп – 600 гектар, көкөніс – 900 гектар. 2025 жылы су үнемдейтін технологияларды қолданысқа енгізу жоспары 2410 га, орындалғаны 1190 га немесе 49,4%. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологиясын 1578 га жер көлеміне енгізу жоспарлануда. Шаруа қожалықтармен осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 18 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі көктемгі және күзгі егін жинауға 301,4 тонна арзандатылған дизель отынын алды немесе 100% игерілді. Күзгі дала жұмыстарына 111,4 тонна отынына өтінім толық игерілді. 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 13 шаруа қожалығы 294,8 тонна арзандатылған дизель отынын алуға өтінім берді. Оның ішінде көктемгі 174,8 тонна, күзгі 120 тонна. 2025 жылдың басынан 452 млн. теңгеге 42 бірлік техника сатып алынды. 2026 жылы 35 техника сатып алу жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 118 жобаға 1 млрд. 106 млн. теңге несие берілді. Қазіргі уақытта 263 жобаға 2,3 млдр. теңге көлемінде құжаттар тапсырылып, қаржыландыру күтілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауданда 590,0 млн теңгеге 20 өндірістік кооперативі тіркеліп, «Қонаев» ӘКК 374,0 млн. теңгеге 13 кооперативтің құжаты қабылданды. Бүгінгі күнге 4 қарыз алушыға 108,5 млн. теңгеге несие берілді. 2026 жылы облыстан 104 жобаға 1,9 млрд. теңгеге алдын ала лимит бекітілді. 2025 жылы ауданға «Кең Дала» бағдарламасы аясында 1 млрд 150,2 млн. теңге бөлініп, 7 шаруашылық 1 млрд 215,4 млн. теңгеге несие алып, игеру деңгейі 105,7% құрады. 2026 жылға 2 шаруашылық жалпы сомасы 404,6 млн. теңгеге өтінім берді, олар – «Азия Агрофуд» АҚ және «Рахимов» ШҚ.
Мұнан кейін Қаныбек Айтжанов, Орынбай Жанәділ, Тұрғанбек Оразалиев, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов осы мәселе жайында ой-пікірлерін білдірсе, Сейтқали Ыбытаев аудан өзендеріндегі судың азаюы, Сапар Жұмабаев ауыл шаруашылығы техникаларының жайы мен субсидия жөнінде, Несіпбала Әбділдаева тамшылатып суару туралы сұрады. Сырым Ақылжанұлы сұрақтарға толыққанды жауап қайтарды. Сондай-ақ кейбір өзекті мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов түсініктеме берді.
Бұдан соң кеңес мүшелері мен депутаттар «Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жұмыстары туралы» аталған бөлімнің басшысы Олжас Тлепбергеновтің есебін тыңдады.
2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 253,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 29,1 млрд теңгеге артық деген сөз. 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 288 млрд теңгеге бекітілді. Қазіргі таңда Қарасай ауданында жалпы инвестиция көлемі 130,5 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар – «MP Solution» ЖШС-нің «А» класты логистикалық кешені, «Future University» – креативті индустриялар паркі, «Jiang nan Kazakhstan» ЖШС – көтерме-тарату орталығы және өнеркәсіптік-логистикалық аймақ, «Caspian Beverage Holding (Буратино)» ЖШС – алкогольсіз сусындар өндіру және бөтелке ыдыстарын шығаратын зауыты, «Asia Steel A» ЖШС – рулонды болатты ыстық мырыштау және бояу цехын салу, «Pladis Kazahstan» ЖШС-нің өндірісін кеңейту жобасы, «Noves Polimer» ЖШС-нің ПВХ профильдерін өндіру зауыт, «KYZYR GROUP» ЖШС – түсті металдарды қабылдау және қайта өңдеу зауыты, «Big City Market» ЖШС – «Алтын Орда» әмбебап нарығын жаңғырту. Сонымен қатар тағы басқа кәсіпорындары тарапынан шамамен 125 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылуы күтіледі.
Қарасай ауданының кәсіпкерлік бөлімі тұрақты негізінде азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне баға мониторингін жүргізеді. Күн сайын мониторинг бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелері облыс бойынша қорытындылау үшін Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауда бөліміне жолданады.
2026 жылғы қаңтар айынан бастап Қарасай ауданының кәсіпкерлік бөлімі сауда заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша 36 сауда субъектісіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,ресми парақшаларда ақпараттық материалдар жариялады. Осыған орай 2026 жылы жүргізілген мониторингтік рейд барысында 12 дүкенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі анықталды. Аталған факт бойынша материалдар Сауда департаментіне ресми түрде жолданып, нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданды.
Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап аудан аумағында орналасқан дүкендерде, компьютерлік клубтарда, сыраханалар мен мейрамханаларда қала және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлерімен, сондай-ақ аудандық полиция басқармасымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 27 мейрамхана, ойын-сауық орталығы және сауда нысандары тексерілді. Компьютерлік клубтарда кәмелетке толмаған жастардың болғаны анықталып, олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, Қаскелең қаласы мен ауылдық округтер аумағында түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сату фактілері бойынша барлығы 10 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделді.
Қарасай ауданы аумағында 40 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді. Аталған АЗС-терде АИ-92 маркалы бензин тапшылығы байқалмайды, бензиннің бөлшек саудадағы бағасы 1 литр үшін 237-241 теңге аралығында. Сонымен қатар, аудан аумағында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудалайтын шамамен 40 нысан бар, онда газдың бағасы 1 литр үшін 112 теңгеден аспайды.
Бұл мәселе жөнінде Сейтқали Ыбытаев, Орынбай Жанәділ, аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков, Несіпбала Әбділдаева, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, аудандық мәслихат аппаратының қызметкері Қордай Әбілбеков, ұсыныс-тілектерін айтса, Сапар Жұмабаев бағаны тұрақтандыру мен инвестиция тарту жайына назар аударды.
Келесі кезекте аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі ұсынған «Қарасай ауданынындағы «FOCUS ISAEVO өндірістік-логистикалық кешенін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы» талқыланып, алдымен бөлім басшысы Дінсұлтан Бейсембек сөйледі. Мұнан кейін жоба жетекшісі Әнуар Тұманшаев жобамен таныстырды. Бұл жобаға кеңес мүшелері мен депутаттар тарапынан нақты түзетулер енгізіліп, келесі отырыста талқылауға қайта шығарылсын деген шешім қабылданды.
Сонымен қатар отырыста аудандық жер қатынастары бөлімі ұсынған «Аудан бойынша фермерлік немесе шаруа қожалығына және ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін конкурсқа қатысатын ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тізіміне» келісім берілді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
