Жылда облыс көлемінде өткізілетін аудандардың мәдениет күндері биыл өзгешеленіп, енді елді мекендердің өнер ордалары сынға түсуде. Нақты айтқанда, ауыл мәдениетін арттыру мақсатында Алматы облысында «Ауылым – алтын бесігім» байқауы өтті.
Осы аптада бұл сайысқа төрелік ететін комиссия құрамы Қарасай ауданына келіп, оған қатысуға лайықты деп табылған Шамалған Мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламаларды тамашалап, жалпы аудандағы мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді. Байқауға Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Ерұлан Жебегенов бастаған төрешілер тобы Қонаевтан арнайы келді. Оларды талантты өнерпаздар, аудандық, ауылдық Мәдениет үйлерінің директорлары ән шашуымен қарсы алды. Қонақтарымыз Тұңғыш Президентіміздің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына жол тартып, ондағы көрмелермен, ауылымыздың тарихи-мәдени мұрасымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай арнайы бой көтерген 30 метрлік Ту тұғырды тамашалады.
Қадірменді қонақтарды Шамалған Мәдениет үйінің алаңында аудандық ішкі саясат, мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова, аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева және Шамалған ауылдық әкімдігі, ауыл тұрғындары зор құрметпен қарсы алды. «Грация» би тобы «Шашу» биін орындап, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық одағының» мүшесі, Халықаралық, Республикалық айтыстардың жеңімпазы Аяулым Жұмабекқызы Шамалған жерінен шыққан тұлғаларды арқау етіп, өз арнау жырын орындап, көпшілікті тәнті етті.
Шара барысында ауыл жастары қазақтың ұлттық спорттық ойын түрлері «асық» ойыны», «арқан тартыс», «кір» тасын көтеру, «балуандар күресі», «садақ ату» ойынымен тойдың сәнін келтіре түсті. Байқау ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы тарихи көрмеден бастау алып, «Шежіре-тәлім отауы» Ақ әжелерінің түрлі қолөнер бұйымдары көрмесімен, киіз үйдің ішкі көрінісі, ши тоқу шеберлігі, «Ер қаруы – бес қару» тақырыбында батырлар көрмесі «Тәуелсіздік» тақырыбында ағаштан, түрлі құрылыс материалдарынан жасалған, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, ерте заманғы әйел адамдардың тұрмыста қолданған ыдыс-аяқтар түрлері, үйірме оқушыларының салған сурет көрмелермен жалғасын тапты.
Кезекте қонақтарға арналған концерттік бағдарлама Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің үйірме қатысушылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысқан театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылым Шамалған ауылы көп ұлттың киелі мекені екенін айқындайтын «Ұлттар биі» прологымен жалғасын тапты. Концертте «Назқоңыр» көркем өнерпаздар ансамблі Н.Тілендиевтың «Ата толғауы» күйін нақышында орындады. Келесі кезекте Шамалған ауылының өнерпазы, дүниежүзілік «Ахыска» түріктері қауымдастығы президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі, Сабир Гусейнов өзінің авторлық күйін көрермен назарына тарту етті. Шамалған үйінің әншілерінен құралған квартет «Шамалғаным» әнімен жүректерді тербеп, ерекше сезімге бөледі. Шамалған ауылының көркем өнерпаздары «Үшқоңыр» әнін орындап концерттік бағдарламаны тәмамдады. Көрермен залы ауыл ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері, ауыл тұрғындарымен лық толып, концертке шақырылған қонақтар мен көрермендер алғыстарын жаудырды.
Айта кету керек, байқауға Алматы облысының барлық ауылдарындағы Мәдениет үйлері қатысып жатқандықтан, оның қорытындысы қазан айының он бесінен кейін белгілі болады. Мұндағы басты мақсат – шалғай жатқан мәдени ошақтардың тамырына қан жүгіртіп, нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Ауылдық клубтарда еңбек ететін мәдениет қызметкерлерінің қабілет-қарымын шыңдап, жаңа есімдерді анықтау.
Бұрым ОРЫНБАСАР.