Аудан көлемінде атқарылған жұмыстың есебі туралы соңғы жиындардың бірі осы аптаның алғашқы күні Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында өтті. Аталған жиында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек алдымен Қарасай ауданын дамытуға қатысты жұмыстарды баяндап, жергілікті халықтың ой-пікірлерін, өтініш-тілектерін тыңдады.
Есептік кездесуде 9 ай көлеміндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтылғанда Бірінші Май ауылдық округіндегі атқарылған істер мен келешекте жүзеге асатын бірқатар жобалардың жай-жапсары түсіндірілді.
Бүгінде аталған ауылдық округтің құрамына Бекболат, Қайнар, Сауыншы ауылдары және бір саяжай кіреді. Мұндағы жалпы халықтың саны 9,5 мыңнан асады.
Округте ауыл шаруашалық саласын дамыту соңғы уақытта жақсы қолға алынған. Өйткені «Ауыл Аманаты» бағдарламасының аясында бірнеше кәсіпкер бизнестерін бастап, мемлекет ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып отыр. Мәселен, үш кәсіпкер төмен пайызда несие рәсімдеп, мал шаруашылығымен және танқурай өсіру ісімен айналысуда.
Электрмен жабдықтау бойынша бұл округке қарасты Бекболат ауылында жақсы өзгеріс бар. Аталған елді мекеннің электр жүйелері биыл толықтай жаңартылды. Ал алдағы уақытта дәл осындай жұмыс ауданның 14 ауылында жүзеге асырылмақ. Оның ішінде Қайнар ауылы да бар. Сонымен қатар Бекболат ауылында жалпы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын 11 көшеге жарықтандыру желісін орнату жоспарлануда. Ол үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, құрылыс жұмыстарын іске асыру үшін облыстық комиссияның қарауына бюджеттік өтінім берілді.
Осы және басқа да ауылдың ахуалын арттыру жолындағы жобалар жайлы аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы кеңінен түсіндірді. Одан кейін ол ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселеге де назар аударып, әрбіріне жеке тоқталып, жауап берді.
Алдымен қайнарлықтардың кәріз жүйесіне қатысты сұрақ талқыға салынды. Айтуларынша, жеке үйлерден орталықтандырылған кәріз жүйесіне құбыр тартылмаған. Соған ауыл халқының біразы көмек сұрады. Алайда бұл жұмыстар мердігер мекеменің міндетіне кірмейтіндіктен, бұл жұмыстар абонент ретінде тұрғындар өз қаражатына тартуы тиіс. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы мен округ әкімі Елдос Мұқатай жан-жақты жауап берді. Десе де бұл мәселені тағы да зерделеу мақсатында Бексұлтан Ақылбекұлы арнайы жиын өткізіп, талқыға салатынын жеткізді.
Одан кейін Бекболат ауылының халқы 2023 жылы мемлекет меншігіне өткен Мәдениет үйінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қашан күрделі жөндеу жүретінін сұрады. Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбектің сөзіне сүйенсек, ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тіпті ол осы жылдың көктемінде сараптамадан да өткен. Қазіргі таңда оған қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ бекболаттықтар Алматы қаласынан аталған елді мекенге қарай жүретін №244 маршруттың аялдамасын созу туралы мәселе көтерді. Тұрғындардың өтініші – бұл қоғамдық көлік ауылдың кіре берісінде емес, ішіне қарай тағы 2-3 шақырым жүріп барып тоқтаса дегені. Сәйкесінше, сол жерден жолаушылар қайта отырса, көпшілікке қолайлы болар еді. Бұл мәселені бір жақты шешу үшін Бексұлтан Ақылбекұлы Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировке тапсырма берді. Ал ауылдық округтің әкімі Елдос Мұқатайұлының айтуынша, тұрғындардың өтініші негізінде дәл осы маршрутқа жауапты Алматы қаласының қалалық мобилділік басқармасына ұсыныс айтылған. Аталған мекеме оны келесі жылы қарастыратынын айтқан екен.
Ал Қайнар ауылының тағы бір тұрғыны Болашақ көшесінің жағдайы 5-6 жыл көңіл қуантарлықтай емес екенін айтып, ең болмағанда ұсақ тас-топырақ төсеп беруін өтінді. Бұл мәселені Бексұлтан Ақылбекұлы назарда ұстайтынын және жақын арада шешуге тырысатынын жеткізді. Ең болмағанда, құм-қиыршықты тас қоспасымен көмек көрсету амалын қарастыратынын айтты.
Одан бөлек бұл жиында жарықтандыру, жерлерді заңдастыру, саяжайдың маңына жол белгілерін қою сияқты бірқатар мәселелер талқыға салынды. Оның бәрін мұқият тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы әрбірі тиісті деңгейде шешілетінін түсіндіріп, мекеме басшыларына қосымша зерделеу жөнінде тапсырма берді.
Жиын соңында есептік кездесуге арнайы қатысқан Қарасай ауданының прокуроры Айдос Чорманов жергілікті халыққа өзін таныстырып, округтегі мәселелерді заң аясында шешуге әрдайым дайын екенін айтты. Сондай-ақ аудан прокуратурасының есігі ашық деп, заңсыздықтың алдын алуға бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
