Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылда атқарылған жұмыстар бойынша Қарасай ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Бұл аграрлық салаға да байланысты. Биылғы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 65,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,1%-ға орындалды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 109 жоба қабылданып, 1,02 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 18 шаруа қожалығына 262,4 тонна арзандатылған дизель отыны берілді. Мұның бәрі, әрине, аталған саланы дамытуға бағытталған жұмыстар.
Жоғарыда көрсетілген көрсеткіштерден басқа, ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де жұмыстар жайлы аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевпен тілдесіп, атқарылған жұмыстар жайында ғана емес, алдағы ахуалы қалай боларын да сөз еттік.
– Сырым Ақылжанұлы, жыл басынан бері есеп бойынша ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды саралай өтсеңіз. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім байқалады ма?
– Жалпы Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы өзге салалармен қатар жыл өткен сайын дамып келеді. Егер сандар тілінде сөйлесек, 2024 жылы 74,6 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2%-ды құрады. Ал ағымдағы жылы өнім шығару 65,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,1%-ға (облыстағы үлес – 11,7%) орындалды. Бірақ осы жерде ескере кету керек, бұл тек тоғыз айдың ғана көрсеткіші. Яғни жылдың соңында сандарда өзгерістер орын алады.
Ауданда жалпы көлемі 19,5 гектарды құрайтын 6 ірі жылыжай кешенінде жылына 8 мың тонна көкөніс өнімдері өндірілуде. Ал биылғы жылға жоспарланған жылдық өнім көлемі 83 млрд. теңгеге орындалды.
Мұнан бөлек Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Игерілмеген және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, оны тиімді пайдаланатын азаматтарға берілуі керек», – деп айтып өткен еді. Осыған байланысты Қарасай ауданы аумағында пайдаланылмай жатқан 44,4 мың га ауыл шаруашылығы жері анықталып, оның 14,5 мың гектары мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Сондай-ақ 12 мың га жер телімінде қайта игеру жұмыстары өткізіліп, меншік иелері бақылауға алынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта ауыл шаруашылығының дамуына жақсы серпін береді.
– Қарасай ауданында қанша шаруа, ферма қожалықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бар? Сол жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Ауданымыздың аумағында ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жалпы саны – 1919. Ашып айтқанда, 124 – ауыл шаруашылық кәсіпорыны, оның екеуі мемлекеттік кәсіпорын, 14-і – өндірістік кооператив. 91 – жеке кәсіпкерлік және 1704 – шаруа қожалығы бар. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 20 500 адам жұмыс істейді. Аудан бойынша ауыл саны –46 және 1 – қала, аула саны – 45 016.
Жалпы биыл ауданымыздағы шаруалар қанғаттанарлықтай өнім жинады. Бұған қажетті ауыл шаруашылығы техникасының, жанар-жағармай материалдарының, тұқымдардың және тыңайтқыштардың жеткілікті болуы секілді бірқатар факторлар ықпал етті.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айының қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің өндірген көлемі 65,3 млрд. теңгені құрады. (НҚИ – 100,1%, облыстағы үлес – 11,7%). Биылға жоспарланған жылдық өнім көлемі – 83 млрд. теңге.
– Техника туралы не айта аласыз? Бүгінде ауданымызда ауыл шаруашылығына қажетті техника мен құрал-жабдықтар жеткілікті ме?
– Қарасай ауданы бойынша 991 ауыл шаруашылық және мамандандырылған техника тіркелген. Оның ішінде 367 трактор, 32 астық жинайтын комбайн, 86 тіркеме, 45 соқа, 27 сепкіш, 68 культиватор және 51 тырма және тағы да басқа 315 құрылыс, жол жөндеу техникалары бар.
Машина-трактор паркін жаңарту бойынша тіркелген ауыл шаруашылығы техникасы – 608 бірлік (трактор, комбайн, тіркеме, жабдықтар). Дала жұмыстарын жүргізуге техника дайындығы 97 пайызды құрап отыр.
2025 жылы өз қаражатынан сатып алынған техника бойынша айтатын болсақ, ағымдағы жылғы 427 млн теңгеге 40 бірлік ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды (жоспар 26 бірлік немесе 153,8 % орындалды). Оның ішінде 395 млн. теңгеге 34 бірлік трактор және 32 млн. теңгеге 6 бірлік ауыл шаруашылық техникасы жабдықтары алынды. Соның нәтижесінде, ауданда ауыл шаруашылығы техникаларының тозу деңгейі 17%-дан 12%-ға дейін төмендеді.
– Ауыл шаруашылығын айтқан кезде мал шаруашылығын да атап өтпеске болмас. Бүгінде өңірімізде аталған сала қалай дамып келеді? Қай шаруашылықтарды ерекше атап өтуге болады?
– Әлбетте, Қарасай ауданында мал шаруашылығымен айналысатын фермалар бар. Олардың ішінен ерекше етті ірі қара мал шаруашылығын дамыта отырып, 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салған «Жетісу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін, сондай-ақ «Мамед» шаруа қожалығын ерекше атап өуге болады. Қазіргі уақытта онда 400-ден астам ірі қара бар.
Мұнан бөлек бүгінде ауданымызда асыл тұқымды сүт бағытында бес шаруашылық жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Алатау» шаруа қожалығы 500 бас асыл тұқымды малы бар. Оған қоса, екі асыл тұқымды сүтті бағыттағы «Neo Milk» және «Tengri Milk» ЖШС шаруашылықтарын айтуға болады. Сонымен қатар «Дәурен-ай» ШҚ мал бордақылу алаңында 200 бас ірі қара малын ұстайды. Бүгінгі күнге оның әрқайсысы өз өнімдерін өндіріп, халыққа сатуда.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек жаңа талаптарға сәйкес 400 басқа арналған сүт тауарлы ферма (МТФ) салынуда және 2000 басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылды.
– Енді ауыл шаруашылығы саласымен айналысып жүргендерге арналған жеңілдіктерге тоқталсақ. Осы бойынша кеңірек айтып беріңізші.
– Жеңілдік пен қолдау жайында сөз ететін болсақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 263 жоба бойынша құжаттар «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданып, оның ішінде 109 жобаға 1,02 млрд. теңге көлемінде несие берілді. Оны алғандардың ішінде 19 – мал шаруашылығы, 5 – егін шаруашылығы, 5 – ауылшаруашылық, 13 – тамақ өнеркәсібі, 34 – қызмет көрсету, 20 – құрылыс материалдары мен 13 – жеңіл өнеркәсіп техникасын сатып алуға бағытталған.
Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауданда 590,0 млн. теңгеге 20 өндірістік кооперативі тіркеліп, «Қонаев» ӘКК 374,0 млн. теңгеге 13 кооперативтің құжаты қабылданды. Нәтижесінде, қазіргі таңда үш өндірістік кооперативке 87,8 млн. теңге несие берілді, қалғаны қаралу үстінде. Ашып айтқанда, Жандосов ауылындағы «Ариф Агро» өндірістік кооперативі 29,5 млн. теңге несие алып, жем-шөп өңдеу элеваторын сатып алған, Алмалыбақ ауылындағы «Панорама» өндірістік кооперативі 28,8 млн. теңге несие алып, пластик өнімдерін шығаруда және Алмалыбақ ауылынан «Олжа-Береке» өндірістік кооперативі 29,5 млн. теңге несие алып, ірі қара мал басын сатып алды.
Одан бөлек «Кең дала» бағдарламасы аясында төрт ауыл шаруашылық тауарларын өндірушіге жалпы сомасы 1 млрд. 97 млн. теңгеге 6 несие берілді. «Бақдаулет» ШҚ – 31,9 млн. теңге, «PCD GROUP» ЖШС – 671,5 млн. теңге, «Душкин С.Н» ШҚ – 140,3 млн. теңге, «Азия Агрофуд» АҚ – 252,9 млн теңге.
2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 6 мың тонна көлемінде тыңайтқыштармен қамтамасыз етіліп, жоспар толық көлемде орындалды. Оның ішінде 450 тонна тыңайтқышқа мемлекет тарапынан 70 млн. теңге субсидия бөлініп отыр.
Сондай-ақ ағымдағы жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 18 шаруа қожалығы 262,4 тонна арзандатылған дизель отынын алды. Оның ішінде көктемгі – 190 тонна, күзгі – 72,4 тонна.
– Сырым Ақылжанұлы, өзіңіз білетіндей, кейінгі кездері су тапшылығы мәселесі жиі айтылып келеді. Осы ретте ауыл шарушылығына суды үнемдеу технологиялары енгізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі уақытта қандай деңгейге жетті? Қай шаруа қожалықтары мұны жақсы атқаруда? Мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылған?
– Жалпы бұл технология жоғары өнімділіктің болуына, суды, энергияны және уақытты үнемдеуге, өндіріс шығындарын азайтуға және пайданы арттыруға жақсы мүмкіндік береді. Оның үстіне бүгінде елімізде суды үнемдеу өте маңызды бағыт болып табылады. Сондықтан ауыл шаруашылығында тамшылатып суаруды қолдану керек пе? деген сұрақ өзектілігін жоғалтқан. Тек нақты жұмыстар жүргізілу керек.
Биыл Қарасай ауданы бойынша барлығы 2410 гектар аумаққа ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Оның ішінде тамшылатып суару 1410 га, ал жаңбылатып суару 1000 га құрайды.
Ал бүгінгі күні ауданда 1190 га алаңда су үнемдеу технологиялары енгізілді, оның ішінде тамшылатып суару – 580 га, жаңбырлатып суару – 610 га. Ашып айтар болсақ, «Жетісу» ӨК – 370 га, «АгроФирма Керуен» ЖШС – 130 га, «Алтын дән» ӨК – 130 га, «Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты» ЖШС – 450 га, ШҚ «Бейбарыс» – 60 га, ШҚ «Рахимов» – 40 га, ШҚ «Green Park» – 10 га.
– Келер жылғы меже бойынша біршама жоспарлар құрылған болар. Сонымен бөліссеңіз.
– Алдағы жоспарларымыз туралы айтатын болсақ, 2000 басқа арналған саумал өндіретін шаруашылық «Neo Milk» ЖШС-гі құрылып, жұмысын бастады және «Ричваллей» ЖШС-і бір га жер теліміне жылы жай кешенін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Жетісу Агро» мекемесі жылына 100 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салуды 2026 жылға жоспарлауда. Бүгінгі күні толық рұқсат құжаттары рәсімделуде.
«Жүніс» шаруа қожалығы голландиялық технология бойынша қырыққабат өсіріп, 1000 тонна өнім өндіруде. Одан бөлек мекеме жаңа талаптарға сай қойма салуды жоспарлап отыр.
– Сырым Ақылжанұлы, уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Қарасай ауданының ауылшаруашылық бөлімін алда келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Қажырлықпен атқарып жүрген жұмыстарыңызға сәттілік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілейміз!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
