Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, елдің дамуы үшін бірқатар салада атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Үкіметке нақты тапсырма жүктеп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Мемлекет басшысының ерекше тоқталған бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Қасым-Жомарт Кемелұлының агроөнеркәсіпке айрықша көңіл бөлгені жақсы жаңалыққа айналды.
Президентіміз өз сөзінде ауыл шаруашылығы ғылымын жедел дамытуды алға тартты. Оның айтуынша, қолданбалы аграрлық ғылым өркендемей, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ мерзімді әрі қарқынды дамыту мүмкін емес.
Әрине, бұл өте құптарлық ой деп білемін. Ауыл шаруашылығы – халық айналасатын, мемлекетті дамытатын жетекші сала. Сондықтан оны дамыту, тиісті деңгейде реформа жасау артық етпес.
Расымен, осы уақытқа дейін бұл салаға көңіл бөлінбеді емес, әлеуетін арттыру жолында жұмыстар істелді. Алайда нәтижесіз болып жатқанын жасыра алмаймыз. Сол үшін Мемлекет басшысы Жолдау барысында нақты тапсырма жүктеп, аграрлық ғылымның алға жылжуына айрықша мән берді.
«Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек», – деп Президенттің айтқанын өте орынды деп есептеймін.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ветеринария мен фитопатологияның артта қалып жатқанына да ерекше назар аударды. Бұл олқылықтар агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Бұл мәселені шешуді де Үкіметке жүктеді.
Президенттің бұл тапсырмасы жүзеге асса, ауыл шаруашылығы саласы одан әрі ілгерілейтініне сенімім мол. Нақты жоспар бар жерде нәтиже болады деген ойдамын. Жолдаудағы айтылған нақты тапсырмалар еліміздің жарқын жаққа бастарсы сөзсіз.
Жүнісәлі НАЖМИДИНОВ,
«Нажмидинов» шаруа қожалығының басшысы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
