Сүт өндірісін өркендетуге мемлекет те мүдделі. Сондықтан шаруаларға қолдау зор. Әсіресе, асыл тұқымды сиыр өсіремін дегендерге субсидия беріледі. Мәселен, ауданымыздағы Жаңатұрмыс ауылында орналасқан «Мамед» шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандырып, сүт өндіру ісін қолға алған. Сол өңірге өткен аптаның сенбі күні «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев келіп, «Мамед» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, еңбеккерлермен жүздесті. Кездесуге «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалының жетекшілері мен өзге аудандық филиалдың белсенді мүшелері де қатысты. Алыстан келген меймандарды аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев, аудандық «Ауыл» партиясының өкілетті төрағасы Жанәділ Орынбай және «Мамед» шаруа қожалығының басшысы Ахмед Гасанов қарсы алды.
Кездесудің басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған шағын ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға байланысты жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын байқап, мамандар мен шағын кәсіп иелерінің жай-күйін бақылау, осы салаға қатысты дұрыс ақпарат беру. Алдымен, Әли Әбдікәрімұлы және өзге «Ауыл» партиясының мүшелері шаруа қожалығының жай-жапсарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Сүт өндіруге ден қойған «Мамед» шаруа қожалығында бастапқыда тек төрт сауын сиыр болған. 20 жыл ішінде ұжымдағы ірі қара саны артып, қазіргі таңда 500 басқа жетті. Соның 170-і сауынды сиыр. Тұқымы жақсы болғандықтан біреуінің өзі күніне 25-30 литр береді. Әр сиыр басына жылдық орташа сүт өнімінің көрсеткіші 6300 литр. Негізгі тапсырыс беруші – компания «Food master» су зауыты. Бұдан басқа шаруашылықта шағын өндіріс цехтарында ірімшік, қаймақ, айран секілді сүт өнімдері тапсырысқа қарай өндіріледі. Мұнда ет өндірісі де қолға алынған, яғни, бұқалары бордақыланады. Мал азығын да өздері дайындайтын шаруа қожалығы Жаңатұрмыс ауылында 200 гектарды жалға алады екен. Онда жүгері және пішендеме егіледі.
Шаруашылық мал тұқымын асылдандыру мен өткізетін сүті үшін мемлекеттен субсидия алып отыр. Сәйкесінше, осында істейтін жұмысшы 25 адамның да жалақысы уақытылы төленеді.
Осының барлығын көрген Әли Әбдікәрімұлы, шаруашылықтың жай-күйімен танысып, адал еңбекпен табысты еселеп отырған ұжымның басшылығына алғысын білдірді.
– Еліміздегі осындай шағын және орта шаруашылықтарды қолдау есебінен ертеңгі күні өнімнің сапасы да, көлемі де өсетін болады. «Мамед» шаруашылығының қазіргі деңгейі үлкен еңбектің арқасы. Ірі қаралар тұратын жай-жапсарды араладық. Малдың күйі жақсы, күтімі де ерекше екен. Ұжымға әрі қарай тынбай еңбектеніп, дамып, ұлғая беруді тілеймін, – деді Әли Әбдікәрімұлы,
Сондай-ақ, басқосу барысында елді-мекендердің әлеуметтік ортасын жаңғырту бағытында атқарылатын жұмыстар жайында сөз қозғалып, ауылдардың инфрақұрылымы, урбанизация және аграрлық сектордағы маман тапшылығы сияқты өзекті мәселелер де талқыға салынды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.