Ауылдың ахуалын жасқартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Ауыл – ел бесігі». Ол 2019 жылы өз жұмысын бастаған. Негізгі мақсаты – елді мекендегі білім, денсаулық, мәдениет, спорт сияқты маңызды салаларды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және маңызды нысандарды қайта жаңғырту.
Аталған мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрушілердің қатарында Қарасай ауданы да бар. Өйткені соның арқасында 2019 жылдан бастап 2025 жылға дейін аудан аумағында әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылым дамыту бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Нақты айтқанда, дәл осы аралықта 66 жоба іске асырылып, былтыр құрылысы басталған тағы екі жоба биыл аяқталғалы тұр.
Атап өтер болсақ, 2020 жылы – Іргеліде, ал 2021 жылы Кемертоған, Әйтей, Райымбек және Жібек жолы ауылдарында электр желілері жаңғыртылды,
Ал автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша 56 жобаның жұмысы аяқталды. Нәтижесінде аудан бойынша 35 елді мекенге қарасты 127 көшенің, жалпы алғанда 113 шақырымы жөнделді.
Білім саласында да жарқын өзгерістер орын алды. Мәселен, Алмалыбақ, Жібек жолы ауылдарындағы орта мектептерге және Іргелі ауылындағы Л.Толстой атындағы орта мектепке 600 бала сиятындай жапсаржайлар салынды. Сонымен қатар Жамбыл ауылындағы Оқу-өндірістік комбинаты ғимараты мен Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өтті.
Биыл енді ел игілігіне берілетін екі нысанның аяқталуы күтілуде. Олар – Жібек жолы мен Әйтей ауылдарында салынып жатқан 200 көрермен сиятын Мәдениет үйлері.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
