2023 жылы елімізде «AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жасалған бағдарлама бойынша өз ісін ашу үшін жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер беріледі. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба бойынша шағын несиелерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар, табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Алғашында пилоттық жоба ретінде басталған бұл бастама Үкімет және Президент тарапынан қолдауға ие болып, кейіннен республиканың барлық аумағында белсенді түрде жүзеге асырыла бастады. Ауылдық жерлерде тұрып ауыл шаруашылығымен айналысатындарға маңызы зор жоба биылғы жылы да өз жалғасын тауып, шаруашылықтар пайдасын көруде.
Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, табысын арттыруға мүмкіндік беруге бағытталған жобаның мақсаты, талаптары жайында және де оның аясында бүгінде Қарасай ауданында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқынбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сырым Ақылжанұлы, «Ауыл аманаты» жобасы ауданымызда қалай жүзеге асуда? Қарасайлық кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық туындады ма?
– Жалпы Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға және де ол жердегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы да осы бағытта іске асырылған еді. Ол ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға жақсы мүмкіндіктер береді. Әсіресе қора-жайы, егістік жері бар бірақ қаржысы жоқ тұрғындарға кәсіп бастауына оң ықпал етеді. Дегенмен жоба өткен жылы ғана іске қосыла бастағандықтан, оған қатысқысы келетіндер сана енді ғана ақырындап ұлғайып келеді.
Бағдарлама аясында Қарасай ауданы бойынша жалпы құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын 313 жобаның құжаттары жинақталып, оның 104-і «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) қарауында жатыр.
Айта кету керек, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жеке өтінім бойынша 9,2 мың теңге, ал, кооперативтік өтінім бойынша 29,5 мың теңге қаржыландыру қарастырылған.
Сонымен қатар жоба аясында алты өндірістік кооператив құрылып, құжаты «Қонаев» ӘКК өткізілді. Қазір қаржының бөлінгені күтілуде.
– «Ауыл аманаты» бойынша несиелендіру бес бағытта жүзеге асырылуда. Біздің ауданымыздың кәсіпкерлері көбінде қандай бағыт бойынша несие алуда? Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, жоба бойынша негізінен қаржыландыру бес бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, бірінші өңдеу саласына қатысты жобалар, мысалы, жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы. Екінші, өсімдік шаруашылығын дамыту, үшінші, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, төртінші. мал шаруашылығын дамыту бойынша және басқа да бағыттағы бизнес жобалар болып табылады.
Біздің Қарасай ауданы бойынша қазіргі уақытта 52 жоба 448,0 млн.теңгеге қаржыландырылып, нәтижесінде 28 жеке кәсіпкер мал шаруашылығын, бір жеке кәсіпкер құс шаруашылығын, бес жеке кәсіпкер кондитерлік өнімдер өндірісін, сондай-ақ 18 жеке кәсіпкер әртүрлі бағытта ісін дамытуда. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ
– Бағдарлама шеңберінде берілетін қаражаттың көлемі қанша?
– Жалпы жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беріледі. Егер кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысатын болса онда 7 жылға, ал басқа істі нәсібіне айналдырар болса, 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Яғни қаржы көлемі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 27 млн 600 мың теңге, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 8 млн 600 мың теңгеге дейін. Несиенің шекті мерзімі – 60-84 ай. Оны өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 ай.
– Қаржылай қолдауға ие болу үшін қандай талаптарды орындау қажет?
– Негізінен несие алуға көп талап көрсетілмеген. Жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Бірақ ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу қажет. Ал шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Сонымен қатар қаржылай қолдауды алу үшін бірінші кезекте несие тарихы дұрыс болуы қажет және кепіл мүлкі болуы шарт. Кепілдік ретінде несие алушы үйін, көлігін және өз атына тіркелген өзге жылжымайтын мүлкін қоя алады. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстарының кепіл мүлкін қарастыруға болады. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады.
– Бағдарламаға қатысу үшін қайда жүгіну керек?
– Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен округ әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Нақтырақ айтқанда, азамат алдымен өзі тұрып жатқан ауылындағы жергілікті әкімдікке барып, керек құжаттардың тізімін алып, оны жинақтағаннан кейін қайтып келіп, өтінім жазуы тиіс. Барлық құжаттар реттелгеннен кейін оны округ әкімдігінің мамандары аудандық әкімдікте отыратын «Қонаев» ӘКК өкіліне жібереді.
Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бизнес-жоспар әзірлеуге кеңес алу үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай ауданындағы филиалына барсада болады. Онда мамандар бағдарламаның шарттарымен тиімділігін түсіндіріп, қажетті кеңестерін береді.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.