Жергілікті бизнес өкілдері ауданымыздағы ауруханаларға қолдау көрсету мақсатында пневмонияны емдеу кезінде қолданылатын медициналық құрал-жабдықтарды сыйға тартты.
Әрқашанда көмек қолын созуға дайын ауданымыздың жомарт қолды азаматтары бүгінде елімізде болып жатқан қазіргі жағдайдан да шет қалмай, коронавирус инфекциясымен күресуге, бұл сынақты еңсеруге үлес қосуда. Мәселен, аптаның алғашқы күні ауданымызда орналасқан «AGRO-IMPERIAL» компаниясының басшысы Төрехан Ермекбаев «Жетісу адалдық алаңы» мен «Адал көмек» акциясы аясында, аудандық орталық ауруханаға жасанды жолмен демалуға көмектесетін оттегі концентратын сыйлады. Тарту етілген құрылғы Шамалған ауылында жуырда ашылған провизорлық стационарына қолданысқа берілді. Сондай-ақ, компания басшысы жақын арада ауруханаға емделушілерге арналған 20 төсек жеткізетіндігін де айтты. Мұнан бөлек өткен аптаның жұмасы күні «Каз ПАКО» мен «BI Group» компаниялары бірлесе отырып, аудандық орталық ауруханаға 3 оттегі концентраторын сыйға берді. Бүгінде ол құралдардың екеуі реанимация бөлімінде, ал біреуі перзентханада қолданылуда.
Сонымен қатар, Елтай округінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияның медбикесі Зухра Губайдулина ота жасайтын бөлімге сұйық биологиялық материалды жарадан немесе науқастың дене қуысынан алып тастауға арналған хирургиялық аспиратор құрылғысын тарту етті.
Бүгін, міне, осындай жанашыр азаматтарымыздың жасап жатқан игі істері елімізде орын алып отырған қиын шақта үлкен көмек болып отыр!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.