Бір жылдан астам қазақстандық дәрігерлер COVID-19 індетімен арпалысып, науқастардың өміріне араша болып келеді. Ел ішінде инфекция тарағалы жұқпалы ауру зәре-құтымызды қашырып, қаншама адамдарды ортамыздан алып кетті. Ауру асқынғанмен оған қарсы шара жоқ.
Қазіргі таңда вакцина салдыру арқылы ғана бұл инфекцияны арамыздан алыстата аламыз деп ойлаймын. Сырқатты жеңудің бірден-бір амалы да осы шығар. Мұндай маңызды әрі тәуекелді қадамды мен де жасадым.
Ерікті түрде екпе қабылдап, сырқаттан сақтанудың амалын орындадым. «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) препаратының алғашқы компонентін өткен айдың 15-нде салғызып, дәрігерлердің кеңесімен 5-сәуірде ІІ компонентін де алдым. Вакцинаның екі кезеңі де ойдағыдай өтті. Денсаулығыма зиян келетіндей кері әсерлері байқалмады. Бүгінгі таңда жағдайым жақсы.
Екпені ешкімнің нұсқауынсыз өз еркіммен салдырттым. Қызметім халықпен жұмыс істеу болғандықтан, көпшіліктің қауіпсіздігін ойлап, жауапты қадамға бардым. Мен үшін жақындарым мен елдің амандығы басты назарда.
«Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» демекші, біз дерттің қай кезде келетінін бағамдай алмаймыз. Қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – тек сақтану. Басты байлық – денсаулығымызды күтіп, жанымызға жақын жандардың амандығын ойлайық!
Эльмира ТАСЫРОВА,
Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының
басшысы.