Жыл сайын жаздың үшінші жексенбісінде әлемнің көптеген елдерінде «Халықаралық әкелер күні» өткізіліп тұрады. О бастан бұл мерекені атап өтуді анасы қайтқанда алты баланы өзі бағып өсірген әкесінің еңбегін көпке жеткізгісі келген америкалық Сонора Смарт 1910 жылы ұсынып, оны кейіннен Ұлыбритания, Голландия, Франция, Қытай, Жапония елдері қолдаған. Содан бері «Әкелер күні» көптеген мемлекеттерде бекітіліп, отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту мақсатында жылда дәстүрлі түрде аталып келген. Биыл аталмыш мереке біздің елімізге де енгізіліп, тойланып отыр.
Осыған орай өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымыздың орталық кітапханасында «Әкені қаншалықты ардақтаймыз!» атты шара өтті. Аудандық Қоғамдық келісім ұйымы ұйымдастырған жиынға арнайы қонақтар ретінде ақын журналист Қуаныш Қолқа, ауданымыздың бас имамы Дауренбек Жандосұлы және облысқа аты шыққан Бірінші май ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің мүшесі 72 жасар спортшы атамыз Бұлар Мирманов қатысты.
Отбасы құндылықтарын насихаттау, әкенің рөлі мен тәрбиесі, отбасы институттарын жаңғырту мәселелері сөз болған жиында арнайы шақырылған қонақтар өз өмірлік тәжірибелері мен отбасындағы құндылықтары және ұстанымдарын ортаға салды.
Жиынды Қоғамдық келісім ұйымының жетекшісі Дидар Мұхтарұлы ашып, қатысушыларға алғысын білдіріп, шараның мақсатын түсіндіре келе алғашқы сөз легін Бұлар Алматайұлына берді.
Үнемі жастарға үлгі, бір әулеттің арқа сүйер үлкені болып отырған атамыз жиналған жастарға өзінің өмірі жолын, спорт жолына қалай келгенін оған не себеп болғаны жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ көпті көрген атамыз жастарға біраз ақыл-кеңесін беріп, жалпы ер адамның міндеті отбасын қорғау, балаларына жақсы істерімен үлгі болу, оларға дұрыс тәлім тәрбие беріп, отбасының жағдайын жасаймын деп жүріп балаға әкелік мейірімін, махаббатын көрсетуді ұмытпау керектігін де айтып өтті. Ал бас имам болса, әр отбасы өз алдына жеке мемлекет екенін және ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке екені туралы ой өрбітті.
– Ерте заманнан қазақ қоғамында әке – отбасының қорғаны, асыраушысы, асқар тауы мен айбыны. Қазақ халқы «Әкеге қарап ұл өсер» деп, ұл бала үшін әкенің орны ерекше екенін әу бастан түсініп, әке беделін биік қойған ел. Алайда, қазіргі нарықтық заманда кей әкелер отбасын керек-жарақпен, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуші адамның рөлін атқарып, отбасын асырау қамымен жүргенде, бала тәрбиесіне аса көп назар аудармай жатады. Дегенмен әкелік парыз материалдық міндеттерден ғана тұрмайды. Ең алдымен әке – баланың қорғаны. Бала өмірінде кішігірім қиыншылықтарда жол көрсететін, бағыт-бағдар сілтейтін де әке. Сондықтан ер азаматтар әке болу – отбасын құру ғана емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздардың келешек тәрбиесіне ат салысу екенін ұмытпауы керек, – деді Дауренбек Жандосұлы.
Ақын журналист Қуаныш Қолқа жалпы қоғамдағы, отбасындағы ерлердің рөлі, олардың отбасылық өмірге қатысуы және бала тәрбиесіне қатысты пікірін білдіріп, әке махаббаты мен қамқорлығының баламасы жоқ екенін айтып өтті.
Жиын соңында бірнеше бағытта бала тәрбиесіне қатысты өзіндік көзқарастарын танытқан ер азаматтар осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілек білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.