Жалпы әр елдің азаматтары әлемде болып жатқан ахуалдан хабардар болып, түрлі қауіп-қатерге қарсы тұруға әрдайым әзір болуы керек. Осы ретте елімізде жылда әскери даярлық, әскери міндеттілерді қайта даярлау, білімін жетілдіру, қажетті жауынгерлік дайындық деңгейі мен машықтарын пысықтау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, бүгінде ауданымызда ҚР Үкіметінң 2012 жылғы 620 қаулысымен бекітілген 57-бабының 4-тарауына және 65-тармағын орындау үшін және ҚР Қарулы күштерінің әскери бөлімдерін жақсарту сапасын арттыру мақсатында әскери міндеттілерді іріктеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты бір апта бұрын ауданымыздың қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің аумағында аталмыш бөлімінің бастығы, подполковник Бекмырза Жүсіптің бастамасымен қайта даярлау курстарынан өтуге аттанған сарбаздарға арналған іс-шара өтті.
Оның барысында әскери міндеттілерге арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар шараға ҚР Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы подполковник Амангелді Шормаков, ҚР Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы полковнигі Малик Қалиев сияқты бірқатар ауған соғысының ардагерлері келіп, әскерде болған кездеріндегі өзіндік тәжірибелерімен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, биыл қайта даярлау курстарына ауданымыздан 110 қарасайлық әскери міндетті азамат барады. Олар Гвардейск кентінде орналасқан 22326 әскери бөлімінде өз қызметтерін атқарады. Әскери бөлімшелерде сарбаздар Қарулы Күштердің соғыс және мобилизациялық дайындығын арттыру үшін әскери білімдерін жетілдіреді.
Аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің мәлімдеуінше, биыл олар ҚР Қорғаныс министрінің қойған тапсырмасын толығымен орындады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.