Елімізде жылда дәстүрлі түрде шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтуде. Аталмыш байқау биыл да өз жалғасын тауып таяуда ауданымызда оның алғашқы кезеңі өтіп, қарасайлық отбасылар арасынан үздіктер анықталған болатын. Осы ретте аптаның алғашқы күні аталмыш конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған отбасыларды аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова марапаттады.
Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулеттердің өмірін көпке үлгі ретінде көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» сайысы бүгінде өрісін кеңге жайып, оған қатысушы отбасылар саны артып келеді. Биыл, міне, аталмыш байқауға ауданымыздың әр округінен қатысқан 11 қарасайлық әулеттің мүшелері бақтарын сынады. Араларында өнер, білім, мемлекеттік қызмет сияқты әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген адамдар бар. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жанұя мүшелері жас ұрпақты рухани құндылықтарға үйретіп, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеп келеді. Ұйымдастырушылардың мақсаты да осы қасиеттерді насихаттау еді.
Биылғы байқау еліміздегі карантинге байланысты онлайн форматта өткен болса да, жылдағы ережеге сай оған қатысу үшін ең алдымен әрбір шаңырақтағы отбасы мүшелерінің қоғамға, елімізге сіңірген еңбегімен қатар, ұл-қызына берген тәлім- тәрбиесі, оларды ұлағатты ұл-қыз етіп тәрбиелеу жолындағы жұмысы да тәрбиелері де ескерілді. Сайыстың осы қатал сынынан аудандық кезеңге қатысқан отбасылар арасынан екі әулет ауданымызда үздік атанды. Нақтырақ айтқанда, қазылар алқаларының шешімі бойынша отбасымен жеке кәсіппен айналасып, көптеген қайырымдылық шараларына белсене атсалысып жүрген қаскелеңдік Жанылған Айекешованың және ауданымыздың өнер саласының дамуына үлесін қосып жүрген шамалғандық Шәрбану Қалиеваның отбасылары жүлделі орынға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Осы ретте аптаның дүйсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде жүлдеге ие болған отбасыларды марапаттау рәсімі өтті. Оның барысында аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы жеңімпаздарды құттықтап, келесі кезеңде сәттілік тіледі. Сонымен қатар, оларды І-ші дәрежелі дипломмен марапаттап, арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.