Қарасай ауданының тарихы тереңнен тамыр тартады. Өткен ғасырдың басында кішігірім қорған ретінде тұрғызылған бұл өңір көптеген қиын кезеңнен өтіп, бүгінде тоғыз жолдың торабына айналған, өндірісі мен кәсібі көркейген, 400 мыңға жуық тұрғыны бар облыстағы маңызды аудандардың біріне айналды.
Қарасай жері жылдан жылға кәсіпкерлік нысандары бой көтерген, жолдары жөнделіп, демалыс алаңдары салып, көшелері абаттандырылып, жаңа білім ордалары пайда болған көрікті, дамыған өңірге айналып келеді.
Газетіміздің биылғы соңғы санында ауданымызда ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың бір бөлігін, нақтырақ айтқанда, биыл ашылып, аудан экономикасы мен әл-ауқатының дамуына үлкен үлес қосып отырған ірі әлеуметтік және кәсіптік нысандар туралы қысқаша деректер беріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Көкөзек» қосалқы стансасы
Жуырда Елтай ауылдық округінде іске қосылған «Көкөзек» қосалқы стансасы ауданымыз ғана емес сондай-ақ облыс экономикасын дамыту үшін аса маңызды энергетикалық нысан болып саналады. Себебі бұл станса осы аймақтағы 1362 жеке тұрғын үй мен жұмыс істеп тұрған 346 шағын және орта бизнес нысандарын үзіліссіз және жеткілікті электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оған біздің ауданнан бөлек, Іле ауданы, кейін Жамбыл ауданының шаруашылықтары да қосылатын болады.
Қуаты 110/10 кВ болатын «Көкөзек» қосалқы стансасы «АЖК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компаниялардың қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жалпы бұл жобаға 2,73 млрд. теңге қаржы жұмсалған.
Жаңа нысанда әлемнің жетекші өндірушілерінің қазіргі заманға сай жабдықтары орнатылған және де ол стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. Қосалқы стансада өрт және күзет дабылы орнатылған. Өрт сөндіру жүйесі жеке сорғыш стансасының ғимаратымен, жалпы көлемі 108 текше метр суға арналған резервуармен жабдықталған.
Мамандардың алдағы бір-екі жылда электр қуатына тапшылық қайта пайда болуы мүмкін деп айтқан болжамдарына байланысты «Көкөзек» қосалқы стансасын болашақта кеңейту және модернизациялау жоспарлануда.
Бұл жерде айта кететіні, электрстансаны салу 2016 жылдан бері жоспарланған еді. Алайда жер мәселесі туындағаннан соң, кейінге шегеріліп, құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, биыл қолданысқа берілді.
«Алтын таға» ЖШС
Ауданымызға қарасты Жібек жолы ауылдық округінде 2022 жылдан бері бой көтеріп келе жатқан «Алтын таға» ЖШС кез келген күрделі ғимараттарды салуға қажетті материалдарды өндіріп, құрылыс нарығын қазақстандық мазмұнмен өркендетуді мақсат етіп отыр. Ауқымды жобаның құны – 32 млрд теңге. Мұның барлығы да жекеменшік инвестиция есебінен жүзеге асырылады.
Аталған зауытта жылына 14 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 1200 жұмыс орнын құру жоспарланған. Өндіріс орынның алып жатқан аумағы – шамамен 64 гектар. Онда 22-ден астам нысан, оның ішінде 11 өндірістік ғимарат орналасады. Олардың кейбіреулері қазірдің өзінде күшіне енген.
Шет елдердің озық технологиясымен жабдықталған кешенде отандық тауар өндірушілері қажет ететін темір-бетон бұйымдарының мыңнан астам түрі шығарылады. Нақтырақ айтқанда, мұнда тас төсеніштер (брусчатка), су ағатын лотоктардан бастап, құдық сақиналары, тіреуіштер мен электр сымдарын тартатын бағаналар, темірбетон қабырғалары, ригельдер мен фермалар жасалынбақ. Сонымен қатар өндірістік ғимараттар мен тұрғын үй салуға арналған бөлшектер, тасымалдап жүруге ыңғайлы қызметтік нысандар, көкөніс сақтайтын қоймалар дайындалады.
Бүгінде құрылыс жұмыстары аясында ұзындығы 200 метрге дейінгі әртүрлі ірі тігіссіз металл конструкцияларын шығару үшін металл өңдеу және металл бояу шеберханасының құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ алдағы уақытта 1000-нан астам темірбетон өнім түрін шығаратын және қазіргі уақытта танымал бола бастаған ПИР сэндвич-панельдер жасайтын цехты іске қосу жоспарланған. 270 вагонға арналған жеке теміржол жамылғысын, сондай-ақ сыйымдылығы 4000 тоннадан астам цементті сақтайтын силостар салынатын болады.
Мұнан бөлек осында істеп жүрген жұмысшыларды сапалы еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету мақсатында 500 орындық заманауи асхана салынған, 400 адамға арналған жатақхананың жобасы аяқталды, ол 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы кешен толығымен іске қосылған жағдайда 1200 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Сондай-ақ өнімді Орталық Азия мен ТМД елдеріне экспортқа шығаратын ірі өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде.
Құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосатын бірегей көпсалалы өндірістің алғашқы нысандарын іске қосу 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Білім ошақтары салынды
Бірінші қыркүйекте аудан орталығы Қаскелең қаласында балаларға есігін ашқан мектеп-гимназиясы 1500 орынға есептелген. Құрылысын «BI Global» ЖШС мердігері жүргізген жаңа білім ордасы осы уақытқа дейін 2177 баламен 97 жиынтық сыныпта үш ауысымда оқытқан №17 орта мектептің жүктемесін азайтты. Бүгінгі таңда мектепке 700 оқушы қабылданып, 52 сынып ашылған.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» бағдарламасы аясында заманауи үлгіде салынған мектеп жоғары деңгейде материалдық-техникалық жағынан жабдықталған. Үш бөліктен тұратын ғимаратта жарық әрі кең сыныптармен қатар кіші және үлкен спорт залдары, 270 бала бір мезгілде тамақтана алатын асхана бар. Мектепте барлығы 84 кабинет болса, олардың 76-сы интерактивті тақтамен, мұғалімдер үшін жеке компьютермен жабдықталған. Инклюзив, информатика, лингофон, арт-кабинеттер оқушылардың қабілетін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ауласы да толықтай көгалдандырылып, оқушылардың түрлі ойындарына ыңғайлы стадион да ойластырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, мектеп-гимназия оқушыларының қауіпсіздігі үшін ғимараттың кіреберісіне адамның жеке басын анықтайтын «Face ID» құрылғысы орнатылып, 86 бейнебақылау камерасы мектеп ішін толық түсіріп отырады. Сондай-ақ мектепке апаратын жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолдары толықтай асфальтталған. Бұған қоса аудан әкімдігінің бастамасымен балалардың қуанышына жаңа білім ордасына қатынайтын қалаішілік автобустар да жүргізілді.
Бұдан бөлек биыл ауданымызда Іргелі, Жібек жолы және Алмалыбақ ауылдарында 600 орындық үш жапсаржайдың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Үштерек пен Жармұхамбет ауылдарында 600 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Өнер мектебі
Аталмыш өнер мектебі Шалқар ауылында М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимаратында республика күніне орай ашылған еді. Бір айта кетерлігі, бұл нысан 2017 жылы салынғаннан кейін жеке меншікке өткен. Алайда биыл аудан әкімінің қолдауымен мемлекет меншігіне қайтарылып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысы әкімінің қаулысымен өнер мектебі болып ашылды.
Екі қабатты мектеп ғимараты 350 оқушыға арналған. Мұндағы жас өнерпаздар 17 бағытта қабілеттерін шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобызда ойнауды үйренуге мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ халық өнері мен актерлік өнерді де оқуға болады.
Мәдениет ошағы Жандосов ауылдық округінің аумағында орналасқандықтан, мұнда келетін оқушыларға №5 бағытта қатынайтын, яғни Қаскелең қаласы мен Жандосов, Шалқар, Шамалған, Бекболат, Қайнар ауылдары арасында жүретін автобус қолайлы болмақ. Ең бастысы бұл мектепте Шалқар ауылының ғана емес, жақын маңда орналасқан басқа елді мекеннің балалары да білім ала алады.
Өнер мектебі мемлекеттік мекеме болғандықтан, оқуды аяқтаған түлектерге мемлекеттік үлгідегі сертификаттар беріледі. Мұнда штат бойынша 65 мұғалім жұмыс істейді. Ашылған сәттен-ақ 38-і жұмысқа қабылданды.Олардың ішінде Қаскелең өнер мектебінің ұстаздары да бар. Мұғалімдердің барлығы жоғары білімді.
Жалпы бүгінгі таңда өнер ордасына 305 бала қабылданған.
«Фокус» логистикалық кешені
Осыдан бес ай бұрын ауданымыздағы Елтай ауылдық округінде Қазақстандағы ең ірі логистикалық кешен – «Ozon» халықаралық маркетплейс орталығының құрылысы басталды. Бұл қадам халықты Қазақстанда жасалған тауарлардың кең ассортиментімен қамтамасыз етіп, шағын және орта бизнесті дамытуға нақты қолдау көрсетіп, ел экономикасына қомақты үлес қосады деп күтілуде.
Жобаның жалпы құны – 70 млрд теңге. Ауданы 300 мың шаршы метр болатын логистикалық хаб 2028 жылы толықтай іске қосылады деп жоспарланып отыр. Аталған кешен Елтай ауылындағы «Ақсеңгір» солтүстік теміржол стансасында орналасады.
Мұнда сыйымдылығы жылына 100 мың вагон кіріп-шығатын заманауи контейнерлік терминал және 300 мың шаршы метрден асатын «А» сыныпты әмбебап тауар қоймасы, «Логистикалық парк» инвестициялық жобасының құрылысы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, бұл жоба жергілікті кәсіпкерлерге тауарларын сату үшін тек Қазақстан аумағында ғана емес, шетелде де жаңа нарық көздерін табуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы 1-ші кезеңнің құрылысына 15 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Құрылысқа және жоғары технологиялы құрал-жабдықтар сатып алу және өндірісті автоматтандыруға арналған ІТ-жүйесін орнатумен қоса есептегенде алғашқы кезеңде жалпы сомасы 25 млрд теңге жұмсалмақ.
Кешен 500 гектар жерге орналасады. 1-кезеңнің құрылысы соның 90 гектарында жүргізілмек. Алғашқы кезеңнің өзінде мұнда 750 жұмыс орны ашылады. Ал жоба толықтай іске асқанда 2 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар салық түрінде бюджет қоржынына 5 миллиард теңге түспек.
Құрылыс жұмыстары аяқталып, кешен толықтай жұмыс жасай бастағаннан кейін 1500 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.
Елімізде сатушылар мен тұтынушылардың маркетплейс қызметіне деген сұранысы өсіп келеді. Аталған ірі нысанның Алматы аймағында іске қосылуы онлайн-тапсырыс берушілер үшін клиентке тауар жөнелту, қабылдау, жеткізу, қоймада сақтау, жөнелтілім қалыптастыру сияқты қызметтердің толық үрдісін қамтамасыз етеді.
Темекі зауыты
Биыл Көкөзек ауылының маңында әлем бойынша ең ірі өндіріс орындарының бестігіне кіретін Оңтүстік Кореяның «KT&G» компаниясы Қарасай ауданының аумағында темекі фабрикасының құрылысын бастады. Жаңа зауытқа бөлінген жер көлемі – 20 гектар. Оны іске қосу 90 млрд. теңгеден астам шетелдік инвестицияның келуін қамтамасыз етеді. Инвестициялардың болжамды көлемі 1-ші кезеңде – 70 млрд. 500 млн теңге 2024 жылы пайдалануға беріледі, екінші кезеңде-124 млрд. 550 млн теңге.
Нәтижесінде 405 жұмыс орындарын ашу көздеп отыр.
Компания басшылығы құрылыс жобасын басқаратын «AA Aki Group» және «HanmiGlobal» компанияларымен келісім жасасқан. Қазіргі жағдайға келсек, жобаның эскизі дайын. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жартылай аяқталды. Бүгінде жерде тегістеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы контейнерлер орнатылуда.
Компанияны құрылыс кезеңі 2022-2026 жылдарға жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 8 млрд таяқшаны, яғни стикті құрайды. Ал жобаны тұрақты түрде электр қуатымен қамтамасыз ету жоғарыда айтып өткен «Көкөзек» қосалқы стансасы арқылы жүзеге асырылады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында
Биыл ауданымызда үш ауысымда оқитын білім ордалары азайғанымен мектеп тапшылығы мәселесі әлі де күрделі. Осы ретте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында өңірде 13 мың оқушыға арналған 10 мектеп салынбақ. Құрылыс жұмыстарына 14,8 млрд.теңге бөлінген.
Жоба аясында 2023-2024 жылдары Қаскелең қаласында 1500 орындық, Жалпақсай және Кемертоған ауылдарында 1500 орындық, Көкөзек, Қошмамбек, Елтай, Долан ауылдарында 1200 орындық, сондай-ақ Бұлақты ауылында 900 орындық мектептер қолданысқа беріледі. 2024-2025 жылдары аралығында Қырғауылды ауылында 1500 орындық және Жандосов ауылында 1200 орындық мектеп салынады.
10 мектептің ішіндегі 8 білім мекемесінің құрылыс жұмыстары биыл басталған, қалған екеуі келер жылдың еншісіне қалып отыр. Соның бірі – Қаскелең қаласындағы SDU университетіне қарама-қарсы аймақта орналасқан мектеп. Ал, екіншісі Елтай округі Көкөзек ауылында салынуда. Нысандардың құрылысы биыл мамыр айында басталып, келесі жылы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Қос ғимаратты мердігер мекеме – «BI GLOBAL» компаниясы салуда.
Бұл жоба арқылы бой көтеретін мектептердің артықшылығы көп. Мәселен, бірнеше спортзал, бастауыш пен жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар, балаларға арнайы дәретханалар, эко-жүйе бойынша кабинеттер салынады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Оның әрбірінің өз асханасы мен спортзалы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.