Өкінішке қарай, биылғы жылы көктем мезгілі басталғалы бері елімізде су тасқыны көбейіп, кейбір өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Сол сәттен бастап барлық аймақта су тасқынынан зардап шеккен облыстардың тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау жұмыстары басталған болатын.
Игі бастамадан Қарасай ауданы да қалыс қалмай, қиындыққа түскендерге барынша қолдау көрсетуде. Сәуір айының екісі күні ауданның орталық Мәдениет үйінде арнайы жинақтау пункт ашылды. Сол сәттен бастап осы жерге ауданымыздың кәсіпкерлері мен волонтерлік ұйымдарынан, сондай-ақ тұрғындар тарапынан гигиеналық құралдар, киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық ыдыстар, жылы жапқыштар секілді қажетті заттар келуде. Күні кеше жиналған заттар арнайы жүк көлігіне тиеліп, облыс орталығы Қонаев қаласына жіберілді. Ол жақтан әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға таратылатын болады.
Алдағы уақытта да ауданымызда көмек қолын созу шаралары жалғасатын болады.
Айта кетейік, жалпы мұндай қолдау Алматы облысының барлық аймағында белсенді түрде байқалуда. Алғашқы күндері облысқа қарасты өңірлерден төрт тоннаға тарта гуманитарлық көмек жиналды. Оның ішінде жергілікті ірі кәсіпорын иелерінен, «Илийская душа» қайырымдылық қорынан, «Baron food» ЖШС-нен арнайы пункттерге азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар толы жәшіктерді әкелінген.
Бұған қоса облыста «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы су тасқынынан зиян шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмек қолын созып, гуманитарлық көмек жинауды бастап кеткен еді. Таяуда партияластар мен депутаттық фракция мүшелері 1000-нан аса резеңке етікті алғашқы көмек ретінде жіберіп те үлгерді. Осыдан екі күн бұрын олар «Өжет» базары кәсіпкерлерінің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 6 тонна гуманитарлық көмек жинады. Анығырақ айтқанда, партияның «Күшіміз бірлікте!» акциясы аясында базар ұжымы су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге өз үлестерін қосып, 3 тонна аяқ киім және 3 тонна киім-кешек жіберді.
Гуманитарлық көмек әлі де жиналуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.