Қарасай ауданы әкімінің 2019 жылғы №59 Қаулысына сай ауданымызда 2019 жылдың 15 наурызы мен 15 мамыры аралығында көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы өтуде. Яғни, ауданымызда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда, аудан тұрғындары мен барлық мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділерінің қатысуымен жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл сенбілік табиғи ландшафтың бейнесін сақтау және қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық реттеуге бағытталған.
«Таза бейсенбі» атты іс-шараға ауданымыздың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындары, барлығы 500-дей адам қатысып, 30 техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде көше бойын, аула, үй маңдарын қоқыстардан тазалау, арықтарды жөнге келтіру, ағаштарды ақтау сияқты жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, республикалық және облыстық маңыздағы трассаларда да тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Ауданымыздағы тазалыққа бағытталған бұл науқандық жұмысқа ұйымшылдықпен жұмыла атсалысу әрбір қарасайлықтың міндетінің бірі деп білеміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.