Кеше алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХ сессиясы өткізіліп, оны сессия төрағасы Ақшолпан Марат ашып жүргізіп отырды. Сессияға халық қалаулыларынан бөлек, аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен оның орынбасарлары, округ әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары қатысты.
Сессияның күн тәртібі бойынша алдымен «Қарасай ауданының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы» №38-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, ол жайында аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев хабарлама жасады. Нақты айтқанда, аудан бюджетінің өзгерістер жобасы аясында «кірістер» 24 млрд-тан аса, «шығындар» 25 млрд көлемінде болғанын жеткізді.
Мұнан кейін сөз кезегі аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Дәрмен Жапаровқа беріліп, ол күн тәртібіндегі «Қала және ауылдардың бас жоспарларға сәйкес егжей-тегжейлі сызбаларын бекіту туралы» №18-4 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесіне қатысты хабарлама жасап, бірқатар өзгерістерді ортаға салды.
Сондай-ақ, сессияда «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және тұрғын үй алу үшін мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттар тізбесі» мен «Қарасай ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамы» бекітілді. Дәл осындай халық қалаулыларының шешімі арқылы күн тәртібіндегі басқа да мәселелер толықтай қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы С. Мәсімақыновтың Жеңіс күніне орай, ардагерлерге құрмет ретінде мекеме қызметкерлерінің біркүндік жалақыларын аудару туралы ұсынысы да мақұлданды.
Сессияда аудан әкімі Ж.Далабаев қаралған маңызды іске қатысты ойын білдіріп, бірқатар әлеуметтік мәселеге тоқталды. Сонымен қатар, аудан басшысы депутаттардың барлық шешім жобаларына қолдау білдіргені, аудандағы қажетті жұмыстарға мән беріп жүргендері үшін алғысын айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.