Қарасай ауданының денсаулық саласында жағымды жаңалық орын алып, аудандағы ең басты медициналық мекеменің дәрежесі арта түсті. Жақында Қарасай клиникалық көпсалалы ауданаралық орталық ауруханасы Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың ішінде алғашқы болып жоғары аккредитациядан өтті.
Айта кетейік, аудандық орталық аурухана 2022 жылы аккредитациядан өтіп, І санатты алған болатын. Енді, міне араға үш жыл салып, мекеменің қызмет сапасы қайта бақыланып, жоғары санаттық дәрежеге жетіп отыр. Осылайша медициналық ұйымның жұмысы ұлттық стандартқа сай келіп, қауіпсіздігінің жоғары деңгейде екені расталып отыр.
Жалпы аккредитациядан сәтті өткен медициналық ұйымның аккредитация нәтижесі біраз мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қаржыландыруға қатыса алады, халыққа сенімді ұйым ретінде танылады, пациенттердің сенімін арттырады және ұйымның имиджін көтереді. Сонымен қатар, еңбек және медициналық процестерді жақсартуға жағдай жасайды, процестерді стандарттап, тәуекелдерді басқаруға және құжат айналымын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Қызмет сапасын көтеру арқылы көрсеткіштердің жақсаруына әсер етеді, тәуекелдерді азайтып, қателерді алдын алады және персонал кәсіби деңгейін арттырады.
Міне, осындай мүмкіндіктерге енді Қарасай клиникалық көпсалалы ауданаралық орталық ауруханасы да қол жеткізіп отыр. Медицина сапасын арттырудағы мұндай жетістіктер алдағы уақытта да жалғаса береді деген сенімдеміз.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
