Елтай ауылдық округі Қарасай ауданына қарасты ірі округтің бірі болып табылады. Мұнда ауданның ғана емес, сондай-ақ облыстың экономикасына жақсы серпін беріп отырған көптеген ірі кәсіпорын орналасқан. Алдағы уақытта аталған округте жаңа өрт сөндіру бекеті салыну жоспарлануда. Бұл жайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының Қарасай ауданы әкімімен кездесу барысында мәлім болды.
Еліміз бойынша ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы іске қосылды. Шалғай ауылды жерлерде жедел және тиімді көмек жүйесін құруға бағытталған жоба шеңберінде бүгінде ТЖМ-нен ауыл әкімдіктеріне өрт сөндіру техникасы мен жабдықтары берілді, ерікті өртке қарсы құрылымдар мен бекеттер желісі дамуда, еріктілердің кезекшілігі мен жұмысы үшін жағдай жасалуда, барлық жергілікті бөлімшелер үшін бірыңғай визуалды сәйкестендіру енгізілуде. Жыл басынан бері Абай, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ ауылдық елді мекендерінде ведомство басшысының қатысуымен бес ерікті бекет ашылды. Сонымен қатар жылдың соңына дейін елде 40 ерікті өртке қарсы құрылым мен жергілікті атқарушы органдардың бекетін құру жоспарланған.
Аптаның сейсенбісі күні аталған бағдарлама аясында ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келді. Комитет төрағасы аудан әкімі Жасұлан Естеновпен кездесіп, аудандағы өрттен қорғау жүйесінің деңгейі мен төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарының тез әрі кедергісіз жүргізу үшін тұрақты инфрақұрылымның қажет екенін талқылады. Сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» жобасының бағыты мен маңыздылығын сөз етті.
Төтенше жағдай бөлімдерінің жұмысын нығайтуға байланысты маңызды мәселелер талқыланған басқосу барысында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы Ерлан Төрегелдиевке Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылына өрт сөндіру бекетін салу туралы ұсынысы бар екенін жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, жаңа нысан 36 мыңнан астам тұрғынды, оның ішінде ауылдың өзін және оған жақын орналасқан елді мекендерді өрттен қорғауға мүмкіндік береді. Бұған қоса осы арқылы аудандағы төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету жылдамдығын айтарлықтай жақсартуға болады.
Аудан басшысы Жасұлан Естеновтің бұл ұсынысы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келіп, аудандағы ТЖ қызметінің жұмысын күшейтуге сеп болатындықтан, Комитет төрағасы тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ Ерлан Төрегелдиев жобаны іске асыруға Төтенше жағдайлар министрлігі барынша әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесуден кейін Комитет төрағасы жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы бірқатар нысандарды аралап қайтты.
Алдағы уақытта ТЖМ қолдауын көрсетіп аудан әкімінің ұсынған жобасы іске асса, Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында заманауи үлгідегі жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, ел игіліне берілетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
