Жаңа жылдан бастап Қарасай ауданында газ тарифі өсті. Сондай-ақ су, жарық секілді өзге де коммуналдық қызметтер үшін төлемдердің тарифтерінде өзгерістер орын алды. Бұл қызметтерді көрсететін компания өкілдерінің айтуынша, мұндай бастама ағымдағы жылы күшіне енген жаңа Салық Кодексіне қатысты.
Ашып айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізді. Алайда халық үшін жаңа кодекспен келген маңызды өзгеріс – ол пайда болған қымбатшылық. Яғни азық-түліктен бастап, тауарлар мен коммуналдық қызметтердің бағасында айтарлықтай өсім пайда болды.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданына қарасты елді мекендерді «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ, «Тәуекел-Н-Алғабас» және «Сигма-ГАЗ» ЖШС газбен қамтамасыз етеді. Таяуда аталған мекемелер өздерінің тарифтері көтерілгендігі туралы мәлімдеме жасады. Мәселен «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС-де 2025 жылғы 30 маусымдағы № 19-01-02-08/685-I шекті бағаны бекіту туралы хабарламаға сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2025 жылғы 1 шілдеден бастап облыстың Қарасай ауданы, Алматы қаласының Наурызбай және Алатау аудандары үшін тауарлық газдың шекті бағасын келесідей келісті: ққс-сыз – 1000 м3 үшін 42 828,73 теңге, ққс-ты қоса алғанда 1000 м3 үшін 47 968,18 теңге, ққс (12%) – 1000 м3 үшін 5 139,45 теңге. Алайда жаңа кодекске сай қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруіне байланысты, тауарлық газдың ең жоғары бағасы: ққс-сыз – 1000 м3 үшін 42 828,73 теңге, ққс-ты қоса алғанда – 1000 м3 үшін 49 681,33 теңге, ққс (16%) – 1000 м3 үшін 6 852,60 теңгені құрады. Яғни жаңа ққс-сыз қоспағанда тариф бұрынғы деңгейде қалған.
«Сигма-газ» ЖШС-де де жағдай ұқсас. Аталған мекеме тұтынушылары үшін коммерциялық газдың бөлшек сауда бағасы 1000 м3 үшін ққс-сыз 46 665,18 теңгені құраған. Алайда жыл басындағы өзгерістерге сай газдың мөлшері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1000 текше метрге ққс-пен 54 131,61 теңге болды.
Ал «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ келер болсақ, бұл мекеменің қазіргі кезде тұрғын үй тұтынушылары үшін 1 м³ коммерциялық газдың бағасы ққс-сыз 40,9 теңге (ққс-пен 47,45 теңге), басқа тұтынушылар үшін 1 м³ ққс-сыз 59,18 теңге (ққс-пен 68,65 теңге). Бұл бағалар 2026 жылдың қаңтар айынан ақпан айына қатысты тұтынылған газдың түбіртектерінде көрсетіледі. Коммерциялық газ үшін төлем ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бекітілген бағаларына сәйкес қатаң есептеледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
