Биыл Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4 кезеңі бекітілді. Енді болашақ түлектер ҰБТ-ны 4 рет тапсырып, ең үздік нәтижесін жоғарғы оқу орнына түсу үшін пайдалана алады. Білім министрлігі, мұндай бастама абитуриенттердің жоғарғы білім ордасына түсу мүмкіндігін арттырады деп отыр. Алғашқы ҰБТ-ны қаңтарда тапсырады. Тестілеудің екінші кезеңі наурызда өтеді. Үшінші және негізгісі – маусымда, төртіншісі – тамызда. Мұнымен қоса білім гранттарын үлестіру тек маусым айындағы ҰБТ қорытындысымен есептеледі. Қалған кезеңдер тек ақылы негізде оқуға түсуге мұрсат береді. Айта кетерлігі, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 2019 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Тестілеуге қатысуға өтінім беру үшін тұрғылықты тіркелген жері бойынша ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ өткізу пункттеріне жүгіну қажет.
Ең үздік жоғары балмен оқуға түседі. Өтпелі деңгейдегі елу балдық көрсеткіш өзгеріссіз қалады. Ұлттық жоғары оқу орындарының көрсеткіші 70 балл, медицина саласына – 60 балл. ҰБТ тапсыру ұзақтығы – 3 сағат 50 минут. Биыл бірыңғай ұлттық тестілеу 16-шы рет өтіп жатыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің ақылы бірінші кезеңі қаңтар айында Алматы қаласындағы Нархоз университетінде өткен болатын. Оған ауданымыздан 242 бала қатысты. Кезекті тестілілеудің ақылы екінші кезеңі ауданымыздағы осы аптаның сәрсенбі, бейсенбі, яғни, 28-і және 29-ы күндері өтті.
Біздің аудандағы тестілеу өткізу пункті Қаскелең қаласы, Белинский орта мектебі базасында орналасқан. Барлық аудитория 16 бейнебақылау камерасымен, алты металліздегішпен, 12 ұялы телефондардың сигналдарын басатын құрылғылармен жабдықталған.
Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, тестілеуге бағын сынауға өтініш білдірген 1253 білімгердің1240-ы қатысты. Бірінші күні 680, екінші күні 560 оқушы өзі білімін тексерген. Сол нәтижелер негізінде жоғарғы балл 122-ні, төменгі балл 38-ді құрап отыр.
ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.
Ал, грант иегері атануға ниетті білімділер тек қана маусым айында тапсырған ҰБТ нәтижесімен ғана конкурсқа түсіп, бағын сынай алады. Мәселен, маусым айларынан бөлек басқа айларда 130 ұпай алып, маусым айында 51 ұпай алып қалса, ол жоғары алған 130-бен конкурсқа түсе алмайды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.