Таяуда ауданымызда жастар қауымы үшін қуанышты жаңалық орын алады. Жас кәсіпкердің бастамасымен осы аптаның сенбісі күні «Roller Skating» деген атаумен Қаскелең қаласында аудан аумағындағы ең алғашқы ролик орталығы ашылмақ. Енді қарасайлық жастарға ролик тебу үшін көршілес жатқан Алматы қаласына барудың қажеттілігі жоқ.
Жаңа алаң жайлы сөз қозғамас бұрын оны ашуды қолға алған азамат жайлы айтып өтейік. Қуаныш Бақытбайұлы – Алматы қаласының тумасы. Төрт баланың әкесі. Қазіргі уақытта еліміздегі мобильді және сымды интернеттің ұялы байланыс операторы болып табылатын «Beeline» компаниясында өзге компанияларға арналған өнімдерді әзірлеуге, енгізуге немесе қолдануға жауапты B2B инженері болып қызмет етеді. Негізгі жұмысымен қатар қосымша табыс табу үшін өз кәсібін ашқысы келген. Бір күні оған өмірлік жары Қарасай ауданында роллердром ашу туралы идея тастаған.
– Колледжде оқып жүргенде достарыммен осындай жерлерге жиі баратын едік. Тіпті, тегін ролик тебу үшін орталықтағы қызметкерлерге шағын тапсырмаларды орындауға көмек көрсететінбіз. Одан кейін де әйелімді кездестірген кезде екеуіміз сереуендерімізді қызықты өткізу үшін роллердромға баратынбыз. Қызығушылық осы орталықтың ашылуына негіз болды деуге болады.
Яғни, кейінгі жылдары басыма жеке іс ашу туралы ой жиі келіп жүрген еді. Бірақ қандай бағытта бастайтынымды білмедім. Сол кезде әйелім маған «ролик тебуге арналған орталық аш» деп кеңес берді. Бұл ұсыныс маған қатты ұнады. Осылайша, ойымдағыны ақырындап іске асыруға көштім. Өз қаражатыма қажетті ғимаратты жалға алдым, оның жөндеу жұмыстарын жүргіздім, керекті құрал-жабдықтар мен жиһаз алдым, – деді кәсіпкер.
Бүгінгі таңда кез келген жаңа кәсіпті жақсы деңгейде бастау үшін ауқымды қаражат керек екені белгілі. Тіпті, алдын ала бәрін есептеп қойғанның өзінде жұмыс барысында әртүрлі шығындар пайда болып жатады. Бұл мәселе Қуаныш Бақытбайұлын да айналып өтпеген. Соңғы дайындықтар кезінде кәсіпкер қаражат тапшылығына тап болған. Сол сәтте тикток желісі арқылы мемлекет тарапынан 400 АЕК көлемінде берілетін қайтарымсыз грант туралы ақпаратты көріпті. Бағдарламамен оны алу талаптарымен жақынырақ танысып, қатысып көруді ұйғарған. Қуанышына орай, ағымдағы жылы өткен конкурстың екінші кезеңінде оның бизнес-жобасы комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапқан. Берілген ақшаға кәсіпкер сусындар қойылатын тоназытқыш, ыстық сусын мен тамақты жылытуға арналған техникалар және бейнебақылау камераларын сатып алған.
Ашылуына санаулы күндер қалған орталық соңғы дайындықтан өтуде. Залдың ені – 350 шаршы метр. Соған сәйкес бір уақытта 30-дан астам адам бір-біріне кедергі келтірмей, еркін ролик тебе алады. Келушілерге берілетін роликтердің өлшемі 34-тен басталып, 42-ге дейін барады. Алдағы уақытта 43-44 өлшемдегі аяқ киімдер әкелінеді. Жалпы орталық 10 жастан асқандарға арналған. Себебі айтып өткеніміздей, жалға берілетін аяқ киімнің ең кішісі 10 жастағыларға сәйкес. Залдың бір бөлігінде белсенді ойын-сауықтан кейін отырып демалуға арналған пуфиктер қойылған. Әлденіп алу үшін шағын бар орналастырылған. Роликті қалай тебу керек жайлы нұсқаулар мен қауіпсіздік техникалары туралы видео арнайы проектор арқылы көрсетіледі. Айтылғандардан бөлек, қазіргі уақытта естелік суретке түсуді ұнататындарға арналған фотоаймақ жасалуда.
Бұдан бөлек кәсіпкердің алдағы мақсаты – кәсібі өрге басқан жағдайда еденге төселген ламинаттың орнына «резеңкелі ромбик» деп аталатын арнайы материал төсеу.
Қуаныш Бақытбайұлының айтуынша, ашылу сәтінде роллердромда үш қызметкер болады. Біреуі кассада тұрады, біреуі демалушылардың арасында жүріп, қажет сәтте көмек көрсетеді. Үшіншісі тазалыққа жауап береді. Бұл, әрине, қазіргі шешім. Алайда алдағы уақытта қажеттілік туындап жатса, жұмысшы саны көбейтіледі. Роликтті жалға алу құнына келетін болсақ, роллердром бағасы 30 минутқа – 700 теңге, 1 сағатқа – 1200 теңге.
«Roller Skating» орталығының ашылуы осы аптаның сенбісі, яғни ертеңге жоспарланған. Айтулы сәтке орай Қуаныш Бақытбайұлы аудан тұрғындарына арнайы жақсы жеңілдік те жасалатынын айтып өтті. Нақты айтқанда, орталыққа келіп, ролликті 1 сағатқа жалдайтындарға қосымша 1 сағат тегін беріледі. Бұл акция бір ай бойы жалғасады.
– Жалпы Қарасай жерінде соңғы жылдары жастарға қатысты мәселелерге ден қойылып, аудандағы балаларды жан-жақты дамытатын мәдени, спорттық, оқу-сауықтыру кешендері секілді орталықтар саны айтарлықтай өсті. Дегенмен олардың бос уақыттарын қызықты ойын-сауықпен өткізуіне арналған демалыс орындарының жоқтың қасы. «Roller Skating» орталығын үлкен мегаполисіміз Алматы қаласында емес, Қаскелеңде ашуымның да бір себебі осы.
Алдағы уақытта бұл орталық қарасайлық балалар үшін жақсы демалыс орнына айналып, мұнда келетін әр тұрғын тек тамаша әсер алып қайтады деп үміттенемін, – деді сөз соңында Қуаныш Бақытбайұлы.
Айта кетейік, «Roller Skating» орталығы Қаскелең қаласы, Наурызбай батыр көшесі, 23/1 мекенжайында орналасқан. Ресми түрде 27 қыркүйекте ашылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
