Жуырда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан прокуроры Ғалымжан Сәрсенов қабылдау өткізіп, осы орайдағы жиынды аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат ашты. Қабылдауға келушілер негізінен сот үкімдерін аяғына дейін орындамаған сот орындаушылары мен рұқсатсыз жасалған жолдар сияқты бірқатар мәселелер бойынша шағымданды.
Мәселен, Қырғауылды ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымов көршісінің үйінде 30-дан астам шошқа өсіретінін, бірақ, тазалық сақтамағандықтан жан-жағына жаман иіс шығып, тұрғындарға кедергі келтіретінін, осыдан кейбіреулердің бастары жиі ауыратынын жеткізді. Бұл туралы бірнеше рет құзырлы органдарға шағымданып, ветеринариялық инспекция, прокуратура, полиция қызметкерлерімен көршісіне барғанын, бірақ, әртүрлі себептермен үйдің иесі кіргізбей қойғанын да айтты. Нұрлан Касымовпен бірге келген аудандық ветеринария бөлімнің қызметкері Қ.Орланбеков та құзырлы органдарды тыңдамаған азаматқа байланысты заңды шешім қабылдап, бұл жағдайды жақын арада шешуге көмек көрсетуді сұрады. Ауыл тұрғыны мен маманның сөзін мұқият тыңдаған аудан прокуроры алдағы аптада осы мәселе жөнінде, бір шешімге келу үшін ветинспекция, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізетіндігін айтты. Ал, Шамалған ауылынан келген Жансара Магжаева ұрыс кезінде қолын сындырған көршісінің үстінен аудандық полиция бөлімшесіне үш ай бұрын арыз жазған, бірақ, әлі күнге ешбір нәтиже жоқтығына айтып, осыны шешіп беруді өтінді. Прокурор полияцияда әлі толығымен қаралып болмаған іске прокуратураның араласпайтынын жеткізді. Сондықтан істің аяғын тосып, шыққан шешіммен келіспесе ғана прокуратураға қайта қарау туралы арыз жазу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, «Ақжар» ықшам ауданының тұрғыны Жаухар Нагуманова жолдың үстіне үй салып алған көршісіне шағымданып келген. Азаматшаның айтуынша, ол осыдан біраз уақыт бұрын Долан ауылынан сатып алған учаскеге кіретін жалғыз жолдың үстіне көршісі үй тұрғызып қойған. Осы мәселе бойынша ол аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне де, әкімдікке де талай рет шағым жазған, бірақ, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. Прокуратураның мұндай істерге қатысы болмағандықтан, Ғалымжан Сәрсенов бұл іске байланысты құжаттардың барлығын жинап, аудан әкіміне хат жазу керектігін айтты.
Жиын соңында қабылдауға келген басқа да қарасайлықтардың сұрақтары мен өтініштерін мұқият тыңдаған аудан прокуроры алдағы аптада өтетін қабылдауда барлығы да қарастырылып, тиісті шешімдерін табатынын айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.