Аптаның алғашқы күні аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Жасұлан Естеновтің төрағалығымен аппараттық кеңес жиыны өтті. Басқосу барысында аудан басшысы өзінің жаңа орынбасары Нұрлан Төлепбергенді таныстырды.
Жауапты лауазымға тағайындалған Нұрлан Асқарұлы осы уақытқа дейін құрылыс саласына қатысы бар мекемелерде еңбек еткендіктен, алдағы уақытта сәулет және қалақұрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары сияқты бөлімдердің қызметін жетілдіру мақсатында жұмыс атқармақ.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жаңа орынбасарын ресми түрде орнына отырғызып, алдағы атқарар қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ, аудан игілігі мен халық мүддесі жолында абыроймен адал қызмет атқаруын тілеп, өзінің басқаруындағы бөлімдердің қызметін жандандыруды тапсырды.
Нұрлан Асқарұлы 1993 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін «құрылыс», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы «Altyn LTD» ЖШС директорының орынбасары ретінде бастаған. 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасында жайлы қалалық орта бөлімінің бас маманы, 2020-2022 жылдары Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының сметчик инспекторы, Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Сарыарқа және Байқоңыр аудандары инспекциясы бөлімінің бас маманы қызметін атқарған.
2022-2023 жылдары Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының құрылыс және перспективалық жоспарлау бөлімінің, қоғамдық кеңістік дамыту бөлімінің бас маманы, 2023-2024 жылдары Астана қаласының құрылыс басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді.
Ал 2024 жылдың 30 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін Семей қаласының құрылыс бөлімі басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
