Аудан әкімі Жасұлан Естенов Беларусь мемлекетінде «Витебскідегі Славян базары» фестивалі аясында өткен «Витебск» XXI халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы Шерхан Арыстанды қабылдап құттықтады.
Қазақстанның атын әлемге әйгілі еткен, қарасайлық жас әнші Шерхан Арыстан мен оның ұстазы Қалбибі Абдуллаева жексенбі күні елге оралды. Ал сейсенбі күні аудан басшысы жас талантпен кездесіп, мерейлі жеңісіне деген ыстық ілтипатын білдірді.
Талай байқауларда бақ сынаған Шерхан Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында биыл 5 сыныпты бітірді. Оның әжесі 4 жасында Қалбибі Абдуллаевада білім алуын қалап, өзі жетектеп алып келген. Шерхан Арыстанның жеңістері мен жетістіктері өнердегі ұстазының еңбегі деуге болады. Жас талант бұған дейін де дүбірлі додаларға қатысқан. Атап айтқанда, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасында орындаған «Молдабайдың әні» арқылы Шерхан Арыстан дүниежүзінің 100 елінде көрсетілген «The voice.Kids» мегажобасының топ ондығына енген.
Жақында Беларусь мемлекетінде «Витебскідегі Славян базары» фестивалі аясында өткен «Витебск» XXI халықаралық балалар музыкалық байқауында Гран-при иегері атанды. Бұл жүлдені осы елдің Президенті Александр Лукашенконың қолынан алды. Шерхан Арыстан бұл байқауда екі кезең бойынша ең максимал 140 ұпайды (70+70) еншілеп, ең жоғарғы балды жинады. Жерлесіміз байқаудың алғашқы күнінде Андреа Бочелли, Дэвид Фостер және Эми Фостердің «Ama, Credi e vai» деп аталатын композициясын орындады. Ал екінші күнде «Молдабайдың әнін» шырқады. Шерханның бұл байқауға барып-келген жолақысына аудан әкімдігі мен демеушілер қолдау білдіргенін де айта кеткен жөн.
Шерханның музыкадан басқа да пәндерге қызығушылығы бар, үлгерімі жақсы. Ол музыкадан бөлек, компьютерге де көп қызығады. Осыны ескерген аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы Шерханға ноутбукті сыйлыққа тарту етті. Сонымен қатар, жас жеңімпазға және ұстазына өз атынан Алғыс хатты табыстады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.