Күні кеше VIII шақырылған аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті. Аудандық әкімдікте өткен жиынға жаңадан сайланған қарасайлық халық қалаулыларынан бөлек, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов те арнайы қатысты.
Жиында алдымен Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова сөз сөйлеп, 2023 жылдың 19 наурызында өткен аудандық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын таныстырды. Одан кейін қарасайлықтар сенім білдірген аудандық мәслихат депутаттарына тиесілі куәліктер мен төсбелгілерін табыстады.
Сессияның тағы бір маңызды сәті – аудандық мәслихат төрағасын сайлау. Күн тәртібіндегі дәл осы мәселеге қатысты Қарасай аудандық мәслихатының «AMANAT» партиясы фракциясының төрағасы Қаныбек Айтжанов пен «Ауыл» партиясы фракциясының төрағасы Орынбай Жанәділ пікірлерін білдіріп, жоғарыда аталған лауазымды бұрын да атқарған Бауыржан Айнабековті ұсынды. Айтылған бұл ортақ ойлар көпшіліктің қолдауына ие болды. Осылайша сессиясының жұмысын ары қарай аудандық мәслихаттың жаңа төрағасы Бауыржан Бақтыбайұлы жүргізіп, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының тізбесі мен саны, сол тұрақты комиссиялардың төрағаларымен мүшелері, мәслихат депутаттарының фракция құрамын бекіту туралы мәселелерді атап өтті. Барлығының шешім жобасы депутаттардың бірауыз қолдауымен бекітілді.
Сессияның соңында Қарасай ауданының басшысы Жасұлан Тоққожаұлы сөз сөйлеп, жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарын құттықтады. Аудан әкімі әрбіріне сенім білдіріп, оларды билік пен халық арасындағы көпір болуға шақырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Аудан әкімі мәслихаттың алғашқы сессиясына қатысып, депутаттарға сенім білдірді
Главная » Новости » "Аманат" партиясы » Аудан әкімі мәслихаттың алғашқы сессиясына қатысып, депутаттарға сенім білдірді