Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығы бойынша қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру міндеттелген. Осыған байланысты аудан әкімі Танат Есенкелдіұлы Ақтас ауылындағы №36 орта мектепте Кеңдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлының биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған есеп беру баяндамасымен басталған кездесудің соңы тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелерге қатысты сұрақтармен жалғасып, тұрғындар сұрағына тиісті жауаптар берілді.
Бесінші саяжай тұрғыны Хадиша Қабденқызы саяжайға жақын маңдағы жол торабына орналасқан аялдаманың өзге жаққа ауыстырылғаны тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық келтіріп отырғаны туралы мәселесін көтеріп, жақындатып беруді сұрады. Сондай-ақ газ құбырын тардың қымбаттығын тілге тиек етіп, 600-700 мың теңгені төлеуге халықтың шамасы жетпейтінін атап өтіп, бірінші саяжай жаққа көшіп кеткен медпункттің алыстығын айтып налыды. Ол жаққа не такси, не автобус бармайтыны айтқан ол медпунктті орталыққа жақын жерге ауыстырып беруін сұрады.
Медпункт мәселесіне аудандық аурухананың бас дәрігері Тимур Ақмырзаұлы жауап берді.
– Мәселені білемін. Ол жердегі медпункт бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны жақындату ойда бар. Қазір жалға алатын ыңғайлы орын іздеп жатырмыз. Оған кем дегенде 100 м.кв орын керек. Ал саяжай маңынан табылатын орындар 60-41 м.кв ғана болғандықтан, санэпидемстанция оған рұқсат бермей отыр, – деп бас дәрігерін уәж айтты.
Ал аялдамаға қатысты сұраққа аудан әкімі Танат Айдарбеков тиісті жауабын берді.
– Биыл аудан бойынша 299 аялдама салуға өтініш бергенбіз. Қолданыстағы аялдамалар саны 50. Мәселе алдағы уақыта шешіледі», – десе, округ әкімі А. Нұрдәулетұлы: «Сіздер жақтан өтініші көп түскен. Аялдаманы жақындатып береміз. Ал газ бойынша сұрақ әзәрге күрделі болып отыр. Мердігерлермен жиналыс та өткізгенбіз. Оларға ұсыным берілді. Бірақ Бесағаштағы «Тәуекелгаз» ғана құбыр тарту бағасын 410 мың теңдеген 350 мың теңгеге төмендетті. Қалғандары жауап бермей отыр, – деген аудан әкімі олардың мәселесін тек прокуратура арқылы шешуге болатынын айтып өтті.
Жергілікті тұрғын Бақыт Мұрынов екі жыл бұрын Аманжолов көшесіне су құбырын тартқан мердігер қазған жерлерін дұрыстап жасамай жолдың да быт-шытын шығарып кетті деген шағым айтып, асфальттап беруді сұрады. Бұл жұмысты аудан әкімі қосымша қаражат қарастырылған жағдай ретке келетінін жеткізді.
– Аманжолав, Сайғақ, Молодежный, Мейірманов, Строительный көшелерінің қиылысы жобада жоқ болғандықтан жасалмай қалған. Кеше ғана облыстық автомобиль жолдары басқармасына хат жолдап, осы көшелерді жобаға қосу туралы хат жолдадық. Олардың жалпы аумағы 1000 м.кв құрайды. Қосымша қаржы қарастырылса алдағы уақыта жасалатын болады, – деп жауап берді округ әкімі.
Жол бойына орынсыз салынатын кедергілерді азайтуды сұраған тұрғындардың Кеңдала мен Бәйтерек ауылының арасындағы көпірден үйге жету мұң болғанын айтып, қаладан 45 минутта келеміз де, осы жердегі бір шақырым жолды 30 минут жүреміз деген жанайқайы да орынды екенін айтқан Б. Мұрынов жол бойында болатын апаттардың 60 пайызы жаяу жүргіншілердің менмендігінен болатынын ерекше атап өтті.
– Жолға келеді де арнайы жолақтан жол менікі деп алды-артына қарамай өте шығатындардың қолында телефон, құлағында табақтай құлаққап болды. Олар не көлікті байқамайды, не сигналды естімейді. Сөйтеді де жанымен жан сақтап жүрген бір шопырдың обалына қалады. Мен кәсіби шопырмын. Кез келген жерге жол кедергісін салуға болмайтынын жақсы білемін. Ол туралы әкімге де талай айттым. Ол бұл мәселенің әкімдікке қатысы жоқ екенін айтады. Тиісті жерге бағдарщам қойылса жетіп жатыр ғой… – деп көптің көкейінде жүрген келелі мәселені де қозғады. Сондай-ақ бау-бақша өсіру үшін арық суын қолданатын жергілікті тұрғындар сыртан көшіп келіп, ауыл жағдайын жете түсінбейтіндердің арық жолдарын қасақана жауып тастайтынына ренжулі. Ала жаздай азын-аулақ көкөніс егіп қыстық қамын жасайтын тұрғындардың тіршілік көзіне кедергі келтіргендерге шара қолданып, мәселені шешіп берсеңіздер деген өтінішінің орынды екенін айта кеткен жөн.
Жолдардың толық жөнделмейтінін айтқан тұрғынға аудан басшысы Танат Айдарбеков Талғар-Бәйтерек жолындағы жол кедергілеріне қатысты жұмыстар қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
– Сіздердің әкімдіктің жылына жұмсайтын қаржысы 103 млн 200 мың теңге. Ал жиналатын салықтарыңыз 86 млн ғана. Сондықтан округтің барлық шығындарын өтеуге жетпейді. Көше жарықтары орталырып жатыр. Оларды орнату оңай, ал орнатып болған соң оларды ұстап тұру қыруар қаржыны талап етеді. Салықтан түскен қаржы округтің шығындарына жетпейді. Осы мәселеге байланысты көп кедергінің туындайтын басты себебі осында жатыр. Электр желісі әкімдікке қарамайды. Ал жол кедергілерін қою – тұрғындардың өтініші бойынша атқарылатын жұмыс. Оны да әкімшілік қоймайды. Ондай жерлерде жол апаттары жиі болатынына байланысты шағымдар түскендіктен, полиция қызметкерлерінің шешімімен жасалады. Жаңа жол жасалып бітсе екі жерге бағдаршам қойылады, – деп жауап берді Танат Айдарбеков. Ал жол мәселесіне қатысты жауап берген аудандық автомобиль жолдары басқармасының маманы алдағы уақытта мектеп алдына кәсіби жол кедергісі жасалып, артық кедергілерді жылдамдық белгілерімен ауыстыру мәселесі облыстық полицияда қарастырылып жатқанын атап өтті.
Тұрмыстық алдықтарды жинайтын компаниялардың бағаны орынсыз көтеріп отырғанын жеткізген Индира Ізетбаева бағаның әртүрлі екеніне шағымданды.
– 800 теңгеден 1200 теңгеге тағы көтерді. 3-4 айлан кейін бағаны тағы өсірмейтініне кепілдік жоқ. Жолымызды да өзіміз ақша жинап жасаймыз. 150 үй 25 000 теңгеден жинап орталық көшені жасаттық. Оның өзіне ескі асфальт әкеп төсейді. Басқа жолдар ақ шаң. Мектепке баратын балалардың киімінен киім қалмады.Үнемі жаңа киім алып беруге қалтамыз көтермейді. Не істеуіміз керек? Ал дүкендердегі бағаның ала-құлалығы өз алдына бір мәселе. Бір жердегі дүкендердің бағасы әртүрлі. Арзандау болып ашылады. Артынша қымбаттап кетеді. Осыны да қадағаласаңыздар, – деп шарасыздық танытты.
Бұл ретте Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұргелдіұлы былай деп жауап қайтарды: «Саяжай тұрғындарының мәселесі көбінесе олардың мүшелік жарнасы есебінен шешіледі. Саяжайға бюджеттен бір тиын ақша бөлінбейді. Саяжай төрағасын да тұрғылықты халық өзі сайлайды. Оған біздің араласатын құқымыз жоқ. Аумақ округке қарағандықтан саяжайлардың ішкі мәселесіне мәжбүрлі түрде араласуымызға тура келеді. Тұрғындардың өтініші бойынша сол жердегі тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында болмаса, кез келген мәселелеріңізге араласа алмаймыз. Ал жиналған қаржыларыңызды қадағалау, қайда жұмсау мәселесін де саяжай төрағаларымен ақылдасып өздеріңіз шешулеріңіз керек. Ал баға мәселесін құзырлы орындардың көмегімен қадағалауға болады».
«Саяжай деген сонау кеңес кезінде қалада тұратын елдер демалыс күндері қала сыртына шығып бау-бақша өсіру үшін қолданатын орын ретінде қалыптасқан. Қазір тек біздің ауданда 152 саяжай бар. 2020 жылдары оларды елдімекендер қатарына қосу туралы мәселе көтерілген. Бүгінгі таңда аудан бойынша 25 саяжай елді мекендер қатарына қосылды. Келесі жылы 95 саяжайды осы қатарға қосуды сұрап отырмыз. Олар елді мекен қатарына кірген бетте барлық мәселесі шешіледі деуге болмайды. Олардың барлық мәселелеріне қатысты анализдер жасалып, жобалар қарастырылады. Оларды бекіткен соң қаржы мәселесі алға шығады. Ал елдімекен қатарына кірген соң көшелері арнайы стандарттарға сай келмейтіндіктен тағы да қыруар мәселе туындайды. Оларды реттеу үшін үкімет бір қатардағы барлық үйлерді сатып алуы керек… Міне, осындай көптеген мәселелерді шешу үшін уақыт қажет», – деген аудан әкімі Т.Айдарбеков: «Осы қызметке келгеніме жаңадан 4 айдан асты. Біраз жұмыстар атқарылды. Ал алдағы жоспар көп. Саяжайларды қоспағанда аудан бойынша 48 елдімекен бар. Осын бөлінген жылдық бюджет 8,8 млрд теңгені құрайды. Үлкен аудан үшін бұл аз. Алайда сіздердің айлықтарыңызды отбасы шығынына жеткізу үін бөлетіндеріңіз сияқты, біз де бұл қаржыны округтерге бөлеміз. Жол, ауыз су, жарық мәселелерін шешу үшін қосымша қаржы да сұрап отырмыз», – дей келе аудан тұрғындарын тазалық сақтауға шақырды. Апта сайын аудан көлемінде өтетін сенбіліктерге атсалысуды сұраған ол тазалық мәселесінің ортақ екенін айтып, тұрғындар ең болмағанда өз аумақтарын, көшелерін таза ұстаса деген өтініш білдірді.
Расымен, қай жердің қай көшесінде болмасын орынсыз шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Кез келген жерге қоқысын тастап кететін жауапсыз адамдардың орынсыз қылығына қынжыласың. Айналып келіп оған тағы да әкім мен әкімдік кінәлі болады да, көше тазалайтын қарапайм жұмысшыларға артық қиындық тудырып жататыны өтірік емес.
Сонымен артық айқайсыз, өзара түсіністікпен өткен жиналыстың соңында мәмілемен шешілетін мәселелерге қорытынды жасалып, өзара түсіністік дейгейінде өткен жиынның арты мектеп оқушыларының қолөнер көрмесін тамашалаумен аяқталды.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.