Аудан әкімінің Тұздыбастау ауылдық округі бойынша есеп беру баяндамасымен басталған кездесудің соңы тұрғындардың түйткілді мәселелерге қатысты сұрақтарымен жалғасты. Әр салаға жауапты саланың өкілдері тиісті жауабын да берді. Тұрғындарды тығырыққа тіреп, тіпті шарасыз күйге түсірген тұрмыстың түйткілдері қай жерде де аз емес. Жеке мәселесімен ғана емес, ортақ мәселелерін ортаға салған көпшіліктің қарасы қалың болды.
Сұрақ қоюда алғашқы болып сөз алған Бақытгүл Абдил баласы баласының денсаулығына алаңдаулы екенін жеткізіп, денесін жара басқан жас баласын жетектей келіпті. «Бала – бауыр етің» дейтін қазақтың «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп соңғы демі қалғанша тілейтін ақ тілегі бар емес пе? Бұл ананың да басын тауға да, тасқа да ұрып, баласын емдету үшін шарқ ұрып жүргеніне бірталай уақыт болған көрінеді. Оның үстіне ауру балаға үйінде қолайлы жағдай да жасай алмай жүргенін айтып пұшайман болған ана көз жасына да ерік берді. Көзімізбен көрген жағдай ет жүрегі бар адамның бәрінің жанына батқаны анық. Ауруы асқынған балаға мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдік бойынша берілетін дәрі-дәрмек себетінде балаға қажетті дақпа майлар мен дәрілердің санаулы ғана екенін, тіпті оның ішінде мүлде керегі жоқ дәрілердің бар екенін айтқан тұрғынға аудандық ауруханадан хабарласып, аталған дәрі себетін алып кету туралы ескертілген. Алайда керегі барынан жоғы көп дәрілерді әкелгенмен оларды сақтайтын да жерім жоқ деп егілген шешенің бауырына тығылған баланың жүзінде үміттен гөрі үрей басым. Аудан әкіміне шағымын айтып, мұңын шаққан Базарбаев көшесінің тұрғыны жағдайын нақтылап жеткізді.
Округте халыкка 1 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша 2020 жылы ауылдық округтің амбулаториясы «A-Class Medicab» компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді. 2022 жылы амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу және қосымша 160 шаршы метр болатын модульдік ғимараттың құрылысы толығымен қолданысқа берілді. Оның ішінде 10 дәрігер, 43 орта медициналық қызметкер, 5 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Құжат айналымы толығымен компьютерлендірілген. Амбулаторияға кажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған 4 санитарлық автомобиль қызмет көрсетеді. Күндізгі стационарда 36-40 науқас ем алуда.
Талғар ауданының әкімдігі.
– 13 мың теңгенің көлеміндегі дәрі-дәрмектің 50 пайызы бізге жарамсыз. Яғни көбі жаңа туған балаларға арналған. Оның маған керегі де жоқ. Аудандық ауруханадан хабарласып: «егер Сіз оларды алудан бас тартсаңыз, онда балаңызға ешқандай дәрі-дәрмек берілмейді» деді. Ал тұрғын үй мәселесіне келсек, 724 болып тіркелгеніме 7 жыл болды. Ешқандай кезек жылжымайды. Мен мәселемді айтып тұрған жетінші әкім шығарсыз. Көмектесуіңізді сұраймын. Әкімдіктен көмек сұрасам мешіттен барып көмек сұраңыз дейді. Сонда мен мешітке барып қайыр тілеуім керек пе? Қазір Тұздыбастау ауылының жеке қоры азын-аулақ тиын-тебенмен көмектесіп келеді. Олар да қашанғы көмектесе береді? Мына баламның денесінің 70 пайызы жараға айналды. Ал өзім ауырып ауруханаға барсам, медициналық сақтандыруымның бар екеніне қарамастан, маған ақылы түрде қаралуға жолдама беріп отыр. 8000 теңгеге ультрадыбыстық тексеру жасатып келдім. Өздеріне айтсам: «Сіз біздің үстімізден шағым жасадыңыз» деп қорқытқан адамдар да болды…», – деп еңірегенде ананың етегі жасқа толды.
Тұздыбастау ауылдық округін сумен жабдықтау ШЖҚ «Талғар Су» МКК-сі, оның ішінде Айсұлу ы/а
«Нұра Топтық Су Құбыры» ШЖҚ РМК-сі айналысады Судың бекітілген тарифі 1м3 құрайды: Тұздыбастау ауылы — Жеке тұлғаларға 129,75 теңге, заңды тұлғаларға 147,71 теңге;
2023 жылы Тұздыбастау ауылының 127 шақырым су жүйесін қайта жаңғырту және салу жұмыстарына жоба әзірлеуге 73,5 млн.тг. қаражат бөлінді.
Жобалаушы «РедлайнПро» ЖШС. Аяқталу мерзімі 2023 жылдың желтоқсан айы.
Талғар ауданының әкімдігі.
Бұл ретте аудан әкімі Т.Айдарбеков былай деп жауап берді: «Бұл кісіні жеке қабылдап, егер біздің тараптан кеткен кемшіліктер болса, орнын толтырып, жауапты адамның жазасын беру керек. Бұл баланы қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Одан бөлек жоқ дәрілердің тізімін жасап, ұсыныс беріңіз маған, ол бойынша демеушілр құарастырсақ та мәселені шешуге тиіспіз», – дей келе, залда отырған тұрғындар тарапынан қойылатын баспана мәселесіне қатысты сұрақтардың міндетті түрде болатынын ескеріп: «Аудан бойынша маған дейін де 3 жыл бұрын бір де бір пәтер берілмеген. Алдағы 3 жылда да ешқандай пәтер берілмейді. Өйткені ол мақсатта жаңадан соғылып жатқан пәтер жоқ. Себебі үй салуға тиісті жер телімдері Талғарға енді ғана беріліп жатыр. Ол жерлерге су, жарық, газ құбыры тартылуы керек. Бұл біраз уақытты алатын шаруа. Бүгінгі күні біздегі ең маңызды мәселе – ауыз су мәселесі болып тұр. Газдандыру мен ауылдардағы жолдардың да жайын біліп отырсыздар. Қазіргі уақытта аудандық бюджетке тиесілі қаражаттың басым бөлігі осы мақсатта жұмсалып жатыр. Ал кезек борйынша берілетін үйлер 3 жылдан кейін ғана салына бастайтындықтан, олардың берілу уақыты да соншалықты кешеуілдейді деген сөз. Сондықтан Сізге тұрғылықты жер табу бойынша жатақханалардан болса да орын тауып берудің жолдарын қарастырамыз…», – деген уәж айтып, баланың денсаулығына қатысты мәселені аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Тимур Ақмырзаұлына тапсырды.
Ал Тұздыбастау амбулаториясының бөлім меңгерушісі демалысқа кеткенін айтқан орынбасары баланың ауруы ауыр екенін айтып, күнделікті қабылдайтын дәрілері жоқ екенін түсіндірді.
– Қазіргі уақытта жарақаттарын тұрақты тазалау, таңу деген тәсілдерді қолданады. Керекті дәрілерін аудандық ауруханының қоймасынан алып кетуіне болады. Сақтайтын жерім жоқ деп өзі әкетпегендіктен, қазір олар дәріханада тұр.., – деді дәрігер.
Иә, тауы шағылып, тауаны таусылғандардың басы да, соңы да бұл әйел емес екені анық. Дегенмен қолда бар мүмкіндікте пайдаланып көмек қолын созамыз деген атқамінердің бір ауыз сөзінен үміттенген әйелдің бүгін-ертең бар жағдайы жасалып кетпесе де, құзырлы орындар тарапына жеткен жанайқайының негізінде көмектің көрсетілетініне біз де іштей тілектестік білдірдік.
Аудан әкімінің қабылдауына жазылудың қиындықтарын алға тартқан ауыл тұрғыны кездесу мәселесіне шағымданды. Айтуынша, тіпті телефон арқылы тілдесу де мүмкін емес.
«Сіздерге телефон шалып сөйлесу мүмкін емес. Қабылдау бөлмесіне хабарлассақ арнайы нөмерге телефон шалып жазылыңыз дейді. Ал ол телефонды өмірде ешкім көтермейді. Білейін дегенім, Сізге қашан жазылып, қалай келуге болады?» – деп сұрады.
«Егер түйінді мәселелеріңіз болса, айтыңыздар. Шақырсаңыздар да мен міндетті түрде келемін», – деген әкім көмекшісіне шұғыл тапсырма беріп тұрғындармен кездесетін уақытты белгілеуді жүктеді.
Әл-Фараби көшенінің тұрғыны Күлайша Рахимова тұрғылықты жеріндегі электр жарынығы мәселесін көтерді.
– Электросеть: «ақша бөлінді, 2021 жылы көшедегі электр бағаналарын ауырытырып береміз» деген хат жазып берген. 2023 жыл болды. Енді барсақ, ендігі жылы дейді. Бұл қалай болды сонда? 16-18 бағананы ауыстыру керек. Бәрі шіріп, құлап жатыр. Әкімдікке жылда барамыз», – деп ауыл тұрғыны табанынан таусылып жүргендерін жеткізді. Мәселесін хатқа тіүсіріп, тұрғындардың қолы қойылған бір жапырақ қағаздарын алға тартып, шарасыз отырған елдің жайына құлақ түрген жапуапты маман Асыл Болатханұлы жұмыстың жоспар бойынша атқарылып жатқанын айтып, алдағы уақытта ауыстырылатынын атап өтті. Тұрғындардың мәселесі бір күнде болмаса да, біртіндеп шешілсе жақсы болар еді деген келесі сұрақ қоюшыны тыңдадық. «Кездесудің болатынын естіп, Бесағаштан әдейі келдім», деген Ахмет Жақсылық мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін көмектердің мән-жайын білгісі келетінін жеткізіп және саяжайда тұратын 40 шақты баланың мектепке қатынауын қамтамасыз етуін сұрады. Сондай-ақ саяжайдың газ, жарық мәселелерін Бесағаш ауылының әкімдігі арқылы шешіп берсеңіздер деген ұсынысын білдірді. Бұл ретте жауап берген аудан әкімінің орынбасар О.Қаспақбаев былай деді: «Жарық мәселесі сіздерде неге шешілмейді.? Өйткенің трансформатор жекеменшіктікі. 154 саяжайдың бәрінде осы бір-ақ мәселе. Төраға ақшаны жинайды. 19 теңгенің орнына 28 теңгеден алады. Керек кезде ауырып қалады, қонаққа кетіп қалады т.б… Сонымен уақытында ақша төленбейді де, бәрі жиналып қарызға айналады. Ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Оның бәрі үкіметке өтпейінше, саяжайлар ауылдың құрамына кірмейінше, бұл мәселені шешу қиын. Өйткені трансформатордан бастап бағаналар мен электр желілері де жекеменшікке қарайтындықтан ауданның жауапты және құзырлы орындары да ол жерге заңды түрде монтерларды да жібере алмайды. Құдай сақтасын, ел айтты екен деп Асыл Болатханұлы оларды жіберетін болса, онда қандай да бір оқыс оқиға орын алып, апатты жағдай болса мына жап-жас жігіт 5-6 жылға жайдан-жай сотталып кетеді», – кетеді деп әңгіменің ашығын айтты.
Жергілікті тұрғын әрі табиғат жанашыры Ахмет Жақсылық көтерген мәселе басқалармен салыстырғанда ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ тұрып жатқан көшесіне былтыр төселетін асфальттың жоқтығын сөз етті. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңның қашан, қай жерге салынатынын сұрады.
« Бізге жақын маңда салынып жатқан құрылыс көп. Өзіміз әупірімдеп жасап алған жолдың шаңын аспанға шығарып барлық көлік біздің көшемен жүреді. Бала-шағаның амандығы үшін қорқамыз. Өйткені айналамыздағы көшелерде асфальт жоқ Бұл – бір. Екінші, Қабанбай батыр мен Темірлан көшесінің арасында 16 қарағай отырғызылған. Есептесең, 1 миллионға жақын қаражаттың шығыны. 1 метр қарағай қазір 50 000 тг тұрады. Қарағай – жылына бар болғаны 15 см өсетін ағаш. Соның бәрі бір жыл болмай түгел өліп қалды. Обал. Осыған жауапты адам бар ма? Ең болмаса маңайындағы елге мынаны суара жүріңіздер десе, содан ешкім қашпайтын еді…» – деген сауал жолдады.
«Талғардың өзінде 500-ден астам көше бар. Ал бөлінетін ақша 5 көшеге. Енді есептеңіздер, сіздерде де көше аз емес, 294 көше бар. Жылына 5-6-ақ көшенің жасалатынны содан. Қай көшені алдымен жасау керек деген мәселе әр ауылдың қоғамдық кеңесінде бірінші қаралады. Шешімді де сорлар шығарады. Биыл да облыс басшысының қолдауымен 500 млн теңге алғанбыз. Оған шағын ықшам аудандардағы көшелерге қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылғы қоғамдық кеңестің тізіміне көшелеріңізді қостырыңыздар», – деген аудан әкімі ағашқа қатысты жекеменшік аумақтың мәселесіне раласа алмаытыны атап өтті.
№31 мектептің жанында тағы бір мектеп салуға болатын жер бар екенін жеткізген Фазлеева Гүлжауһар үш ауысымды мектептің мәселесін көтеріп, аталған жерге ең болмағанда бастауыш сыныптарға арналған мектеп салу мәселесін қолға алуды сұраса, Ауған Қыпшақов көшелеріндегі құлауға шақ тұрған кәрі ағаштардың сол маңдағы ауыл тұрғындарының өмірініе қауіп төндіріп тұрғанын айтып, құзырлы орындар отап берсе деген өтінішін жеткізді.
Бұл ретте аудан басшысы Т.Айдарбеков ауданды жүзеге асып жатқан істердің аз емес екенін айтып, атқарылатын жұмыс одан да көп екенін түсіндірді.
«Бізге жылына атқарылатын барлық жұмысқа бар болғаны 8,5 млрд қаражат бөлінеді. Осы жылы осы қаражаттың көлемі 11 млрд-қа жетті. Облыстан тағы да қосымша қаражат сұрап отырмыз. Өйткені келесі жылға көптеген жоспар жасап отырмыз. Мысалы, тек Бесағаштың ауыз су мәселесін шешуге 7,5 млрд ақша қажет. Ойлап қарасаңыздар, біздің бүкіл бюджетке пара-пар. Халықтың шыдамы таусылғанын да білемін. Бірақ қолда бар мүмкіндікті біз де барынша пайдаланып жатырмыз. Сондықтан тағы да шыдауға тура келеді…», – деген әкім алда атқарылатын істердің көп екенін тілге тиек етіп, төзіммен қарау керек екенін жеткізді.
«Былай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетін» жағдайлардың көптігі сонша, базынасын айтып басшылыққа барғанымен, айта-айта жалығып, қажыған жұрттың жанайқайы да орынды. Басшылардың да айтқан уәжін мүлде теріске шығара алмайсың. Десе де ел тілегі ескеріледі деген үміттеміз.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.
Талғар ауданы.