Осы апатаның сейсенбісінде аудан әкімі Жасұлан Естеновтің халық алдында кезекті есеп беру кездесуі Елтай ауылдық округі Көктоған ауылының тұрғындары үшін өтті. Жиында атқарылған істер сараланып, ертеңгі күн еншісіне межеленген мақсаттар мен міндеттер сөз болды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған Көктоған ауылының тұрғыны Сәнімбүбі Суанбекова жарықтың күнара өшетінін, ал жарық өшсе судың бірден тоқтап қалатынын айтып шағымданды. Айтуынша, ауылдағы жалғыз су бағанасы барлық үйлерді сумен қамтамаыз етуге шамасы жетпейді екен. Жасұлан Тоққожаұлы бұл мәселелерге назар аударып, аталған ауылға қызмет көрсететін коммуналдық мекемелердің өкілдерінен нақтылы жауап берулерін сұрады. «Алатау жарық» компаниясының өкілі атап өткендей, мекеменің өз қаражаты есебінен 5 жылдық жоспарына сәйкес Елтай ауылдық округіне қарасты бірқатар ауылдарда ішкі жарық жүйелерінің сымдары ауыстырылады. Сонымен бірге, биыл округте «Көкөзек» электр стансасының құрылысы аяқталған соң аталған мәселе шешілетін болады. Аудан басшысы бұл нысанды жыл соңына дейін бітіруге мүмкіндігінше атсалысатынын жеткізді.
Келесі кезектегі су мәселесі аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Елтай округін сумен «BeyAzh Trans» ЖШС-і қамтамасыз ететін болғандықтан, осы мекеменің өкілі Көктоған ауылына үш-төрт ай көлемінде су мұнарасын салып беруге уәде етті. Десе де қос мәселенің реттелуі электр стансасы салынған соң жүйелі шешімін таппақ. Бірақ электр желісін тарату тіреулерін орнату жұмыстары жүргізілуі тиіс жер телімдерінің иелерімен соттасу жүріп жатқандықтан, жоғарыда аталған қосалқы стансаны іске қосу жағы кешіктірілуде. Соның салдарынан аудандық әкімдік Б.К.Тулеубаевпен, К.Б.Махмутовамен және Д.А. Ашиновпен сот ісін жүргізуге мәжбүр.
Кездесу барысында Көктоған ауылының тұрғыны ауыл ішіндегі екі көпірдің жағдайы өте нашар екенін, сол жол арқылы күнделікті балалар мектепке қатынайтынын жеткізді. Аудан әкімі Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатовқа көпірді жөндеуге жақын арада бюджеттен қаражат алуға ұсыныс беруді тапсырды.
Есептік жиын аяқталған соң Жасұлан Тоққожаұлы Көктоған ауылындағы су мұнарасы салыну керек орынды арнайы барып көрді. Осы мәселеге қатысты жауапты мекемелерге, ауыл әкіміне жағдайды жіті бақылауда ұстап, тез арада аяқтау керектігін айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.