Спортты серік еткен қарияларға ұқсағың келеді. Олар еңкейгеніне қарамастан, әрдайым жарыстарға қатысып бәйге төрінен көрініп жүреді. Жуырда Кеген ауданында саламатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында Жалаңаш ауылында ардагерлер арасында кезекті шахмат пен дойбыдан, Қарқара ауылында волейболдан аудандық жарыс өткізілді.
Тағылым сол – жастарды салауатты өмірге тек үндеп қана қоймай, бір кездері аудан, облыстың намысын қорғаған ардагерлер әлі де спортты серік етіп, ізбасарларына үлгіні алаңдағы тартысты ойындарымен көрсету. Жалаңаш ауылындағы жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбеков құттықтау сөз сөйледі.
– Спортты жанына серік ету адамның өзіне байланысты. Елімізде азаматтарымыздың қай спорт түрімен болсын, шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Ауданда да бұқаралық және кәсіби спорттық дамуына да ден қойылып келеді. Бұгінгі ардагерлері арасындағы жарыс олардың бірін-бірімен етене қарым-қатынас орнатып, бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізері сөзсіз. Іріктеу сайысында өзінің спорттық шеберлігін көрсеткен ардагерлеріміз облыстық турнирге жолдама алып, Кеген ауданының намысын қорғайды. Барлық спортшыларға сәттілік серік болсын, – деді Кеңес Күнесбайұлы.
Доданың жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Келесі күні Қарқара ауылында волейболдан ардагерлер арасында кезекті ойын жалғасын тапты. Жарысты Кеген ауданының Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Г.Мұқанқожаев құттықтау сөзімен ашылды. Волейбол ойындары да тартысты өтті. Оған жеті команда қатысып, Қарқара командасы қарсылас шақ келтірмеді. Екінші, үшінші орындарды Жылыса және Алғабас ауылдарының кұрамасы иеленді. Ал, төртінші орынды Ұзынбұлақ ауылы иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылардың тағайындаған кубоктарымен, дипломдарымен, медальдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, Қарқара ауылында спорттың бұқаралығын арттыруға көмектескен адамдарға аудан әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.