Бүгін еліміз 2025 жылға аяқ басты. Осылайша тағы бір жыл артта қалды. Ұлу жылында Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өмірі сан алуан оқиғаға толы әрі жемісті жыл болды. Спорт, мәдениет, білім сияқты маңызды салаларда өңіріміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, республика көлемінде өзін мойындата білді. Жылды жемісті қорытындылау үшін газетіміздің 2025 жылғы алғашқы нөмірінде өз салаларында жақсы нәтижеге қол жеткізген қарасайлықтар жайлы жазуды құп көрдік.
«Алтын скальпель» иегері
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Максим Стадников – Қарасай ауданының денсаулық сақтау саласына зор үлес қосып келе жатқан жоғары білікті дәрігерлердің бірі. Өз саласында танымал, ісінің нағыз маманы атанған кәсіби хирург өткен жылы «Алтын скальпель» халықаралық сыйлығының иегері атанды. Айта кетейік, «Алтын скальпель» сыйлығы – халықаралық Ғылыми кеңестің шешімімен хирургияда тың жетістіктерге жеткен дәрігерлерге берілетін медицина саласындағы мәртебесі жоғары марапат.
Максим Александрович 20 жылға жуық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді. Ол – Қарасай жерінің тумасы. Ең қызығы, Максим Стадникова 1982 жылы бүгінде өзі жұмыс істеп жатқан аудандық аурухананың перзентханасында дүниеге келген. Қаскелең қаласында орналасқан В.Белинский атындағы меткепті бітіріп, 1999 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін алғашқы жұмыс орны ретінде өзі туып-өскен Қарасай жеріндегі орталық ауруханасын таңдаған. Сөйтіп, ол 2006 жылдың бірінші маусымында ауруханадағы хирургия бөліміне қатардағы хирург болып орналасқан. Кейін өзінің еңбекқорлығы мен байыпты мінезінің арқасында хирургия бөлімінің меңгерушісі атанды.
Жұмыс істеп жүріп, өз біліктілігін де арттыруға көңіл бөлуді ұмытпаған Максим Стадников Литваның ең үлкен қалаларының бірі – Каунасқа білім алуға барып, 2008 жылы кардиохирургия бойынша оқуын тәмамдаған. Кейіннен сол кездері орталық аурухананы басқарған бас дәрігер Мәулен Малғаждаровтан онкология, эндоскопиялық хирургия және тағы да басқа бағыттар бойынша тәжірибе жинақтады. Бұған қоса магистратураға түсіп, «денсаулық сақтау менеджменті» мамандығын алып шыққан. Тәжірибесі мен біліктілігін шыңдап, ол соңғы төрт жылдан астам уақыт Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етуде.
Аталған ауруханадағы көп жылдық еңбек өтілі кезінде медицина саласының үздігі Максим Стадников еселі еңбегінің арқасында хал үстінде жатқан көп адамның өмірін сақтап қалып, қауіпті ауруларынан айығуға көмектесіп келеді.
Франция елшілігі ұйымдастырған байқаудың үздігі
Қоғам белсендісі Мадина Саутбекованың жетекшілігімен 2021 жылы ауданымызда «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қоры ашылған еді. Оның мақсаты – әлеуметтік осал топтағы және қиын жағдайға түскен әйелдер мен балаларға көмектесу. Қорға жүгінген әйелдерге мамандар психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік қолдау көрседі. Сондай-ақ мұнда әйелдерге «бухгалтер», «тігінші» секілді мамандықтарды үйрететін тегін курстар да ұсынылған. Оған қоса балаларға арналған ағылшын тілі үйірмелері де оқытылады.
«AZAMATSHA KZ» қоры жұмысын бастағалы бері әртүрлі қайырымдылық шарасын өткізіп, көптеген әйелдерге көмек көрсетуде. Жақсы жобалар іске асқан. Таяуда аталған қор тағы бір жетістікке қол жеткізді. Нақты айтқанда, жуырда Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау жобалары байқауы өткен болатын. Оның қорытындысы негізінде 4 миллион теңге көлемінде субсидия алатын тоғыз үкіметтік емес ұйым анықталды. Олардың қатарында сотталған әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған жобаны ұсынған Қарасай ауданының атынан қатысқан «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қоры да болды.
Қор басшысы Мәдина Сауытбекованың айтуынша, олар Іле ауданындағы Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясындағыларға бір жыл тегін көмек көрсетіп отырған. Бұл жұмыстар 2023 жылдың қараша айында қор мен Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) арасында жасалған меморандум негізінде басталған. Негізгі мақсаты – әйелдер колониясына аптасына бір рет келіп, ондағы әйелдермен мотивациялық жұмыс жүргізіп, жақсыдан үміт үзбеуге шақыру. Ал қордың психологы Елена Семенова аптасына екі рет келіп, психологиялық тренингтер мен жеке кеңестер беруде. Дәл осы жұмыс байқауды ұйымдастырушыларды қызықтырған. Бөлінген қаражат бір жыл бұрын басталған жобаны одан әрі жүзеге асыруға бағытталады.
Бұған қоса жақында Жауғашты ауылындағы колонияда «AZAMATSHA KZ» қорының оқу орталығы ашылу жоспарда бар. Онда тұтқындалған әйелдер үшін компьютерлік және қаржылық сауаттылық, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздері бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
Осылайша «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қоры бүгінде қоғамымыз үшін әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге өзінің лайықты үлесін қосып, біреудің тағдырын, отбасын сақтап қалуға, күйзеліске ұшырағандарға көмек қолын созуда.
«Үздік педагог – 2024»
2024 жылдың желтоқсан айында республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Сайысқа қатысқан көптеген үміткердің ішінен С.Керімбеков атындағы орта мектебінің ұстазы Айман Байсейтова дара шығып, жеңімпаз атанды.
Айман ұстаз – бар саналы ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнап, жан жылуын, бар білгенін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болуна зор үлес қосатын мейірбан, аяулы жан.
Мамандығына адалдық танытқан ұлағатты ұстаз 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (қазргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне) оқуға түскен. 1996 жылы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында орналасқан С.Керімбеков атындағы орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірген.
Сол уақыттан бүгінге дейін «шебер-педагог» атанып, оқытушылық, әдіскерлік қызметтердің алғы шебінен көрініп, кәсіби білімі мен шеберлігін ұштастыруда.
Кәсіптік білім беру саласында тәжірибелі педагогтердің шеберлігі аса қуатты күш-құрал екені белгілі. Осы ретте Айман ұстаздың еңбегі де еселі екенін айта кету керек. Ардақты мұғалім бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, көптің құрметіне бөленген. Білікті маман ретінде 28 жылдан астам уақыт білім беру саласына өз үлесін, озық ойлы шәкірт тәрбиелеп келеді.
«Үздік психолог – 2024»
Ағымдағы жылы Алматы облысында дарынды, шығармашылықпен жұмыс істейтін, кәсіби біліктілігін көрсете алатын педагог-психологтарды анықтау мақсатында «Үздік психолог – 2024» байқауы өткен еді. Облысқа қарасты қала, аудан және ауылдардан көптеген мамандар қатысқан конкурс қорытындысы бойынша ауданымыздың намысын қорғаған Б.Тамабаев атындағы орта мектептің жас маманы, педагог-психолог Сания Қосан І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 250 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Байқау барысында ол «Мектептегі буллингтің алдын алу» тақырыбында авторлық бағдарламасын және «Менің ғажайып әлемім» тақырыбында монолог қорғаған. Нәтижесінде, қазіргі таңдағы жастар мен жасөспірімдер арасында белең алып, өзекті болып бара жатқан мәселені көтерген психологтің жұмысы комиссия мүшесі тарапынан жақсы баға берген.
Сәния Ержанқызы 2021 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бакалаврды аяқтаған соң, бірден қайта оқуға тапсырып, 2023 жылдары әлеуметтік ғылымдар магистрі атанған.
Алғашқы еңбек жолын 2022 жылы Қарасай ауданында орналасқан Б.Тамабаев атындағы орта мектепке педагог-психолог ретінде жұмысқа орналасқан. Сәния жас маман болса да, қызметте, әлеуметтік өмірде әрі өзін дамытуда айтулы жетістіктерге жетіп үлгерген. Үлкен ұжымға сіңісіп, бүгінде әріптестерінің мақтанышына айналған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.