Жақында Қонаев қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күніне орай салтанатты шара өтті. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты.
Мерекелік басқосуда өңір басшысы Марат Елеусізұлы ауыл шаруашылығы саласына серпін беріп, осы бағытта белсенділік танытып, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар мен мекемелердің еңбектерін ерекше бағалады. Олардың әрбірін түрлі санат бойынша марапаттап, атқарып жатқан жұмыстарын жалпақ жұртқа таныстырды. Бұл жемісті жетістіктердің арасында Қарасай ауданының да мерейі үстем болғанын айрықша атап өтуге болады.
Салтанатты жиында алдымен облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев кәсіби мереке иелерін құттықтап, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп бойынша жетістіктерді тізбектеп, облыс көлемінде егін мен мал шаруашылығын дамуын айрықша атап өтті. Одан бөлек ауыл еңбеккерлерінің табандылығын жоғары бағалап, білікті мамандардың ауыл шаруашылығы өнімін арттырудағы рөлі маңызды екенін айтты.
«Бүгінгі климаттық өзгеріс жағдайында судың маңызы артып келеді. Сол себепті біз суармалы жерлерді жаңғыртуға, цифрландыру мен үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Жаңа технологияларды енгізу тек табиғи ресурстарды қорғап қана қоймай, фермердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – өнімділікті арттыру, шаруаның шығынын азайту және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту. Біз облыс деңгейінде осы бағыттағы жобаларды қолдап, фермерлерге нақты практикалық шешімдер ұсынамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ өңір басшысы Алматы облысы үшін ауыл шаруашылығы экономиканың басты бағыты екенін нақтылап жеткізді. Айтуынша, осы саладағы жалпы өнімнің көлемі бойынша облысымыз Қазақстанда алдыңғы орыннан көрінуде.
Марат Елеусізұлы осындай ауыз толтырып айтатын жетістіктерге тоқталғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында ең үздік деп танылған еңбеккерлер мен шаруа қожалық өкілдерін марапаттады. Олардың ішінде қарасайлықтардың да нәтижелі істері ерекше бағаланды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» деген төсбелгісімен «Eurasian Green Product» ЖШС директоры Марат Қартабаев, «Tengri Milk» ЖШС директоры Жазира Шаяхмет, «Нажимидинов» шаруа қожалығының басшысы Жүнісәлі Нажимидинов марапатталды.
Ал «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша Қарасай ауданы алдыңғы қатардан көрініп, І дәрежелі дипломға және 700 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Бұл марапатты өңір басшысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматовқа салтанатты түрде табыс етті.
Ауданның абыройын асқақ еткен жетістіктің тағы бірі – «Таза Қазақстан» акция аясында өткен байқауда Жібек жолы ауылының «Үздік ауыл» атануы. Салтанатты жиында округ әкімі Дидар Нұрақыновқа фронтальды жүк тиегіш техникасының кілті мен І дәрежелі диплом табыс етілді. Ал округ басшысы көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, бұл марапаттың ауыл үшін маңызы айрықша екенін сөз етті.
«Бұл марапат біз үшін үлкен мәртебе. Енді ауылымызды көркейту мақсатында бұрынғыдан да белсенділік танытуға тырысамыз және бар күшімізді салып еңбек етеміз», – деді Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Құрманжанұлы.
Айта кетейік, «Үздік ауыл» байқауы биыл Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Алдағы жылдары іс-шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.
Қарасай ауданының экономикасын дамыту жолында қажыр-қайратын жұмсап, үздіктердің қатарынан табылған жерлестеріміздің жетістігі аудан үшін үлкен мәртебе. Еңбектің еленгені жұмыстың нәтижелі болғаны деп білеміз. Құрмет төрінен көрінген үздік қарасайлықтарды шын жүректен құттықтаймыз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
