Осы аптаның сәрсенбісі күні Қарасай ауданына жаңа прокурор тағайындалып, соған байланысты аудан әкімдігінде жиын өтті. Басқосуға Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек төрағалық етіп, аудан активіне, мәслихат депутаттарына, зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ бөлімдер мен мекемелердің басшыларына Қарасай ауданына жаңа прокурор тағайындалғаны жайлы хабардар етті.
Алдымен сөз кезегі Алматы облысы прокурорының орынбасары Абылайхан Оңдасынға беріліп, ол ротациялау тәртібіне байланысты Бас прокурордың бұйрығымен Қарасай ауданының прокуроры қызметіне тағайындалған Аңсаған Данағұлды көпшілікке таныстырды. Оның өмірбаяны мен еңбек жолына қатысты ақпарат жеткізіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Ал қызметіне енді кіріскен аудан прокуроры Аңсаған Жеткергенұлы өзіне жүктелген жауапкершіліктің жоғары екенін айта келе, қылмыспен күресу, аудандағы ахуалды тұрақтандыру сияқты маңызды жұмыс күтіп тұрғанын және сол мақсатта нәтижелі жұмыс істеуге күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Жиын соңында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов сөз сөйлеп, көпшіліктің атынан жаңа прокурордың қадамына құтты болсын айтты. Сонымен қатар ауданның қазіргі статистикалық жағдайына тоқталып, Қарасай жұртшылығымен қоян-қолтық жұмыс істеуді алға тартты.
Аңсаған Данағұлының өмірбаяны мен осы уақытқа дейін атқарған қызметіне тоқталар болсақ, ол 1978 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. Жоғары білімін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданындағы прокуратурасында бастаған. Одан кейін 2004 жылдан 2017 жылға дейін Медеу, Әуезов аудандарындағы прокуратурада көмекші, аға көмекші, бөлім басшысы, Алмалы ауданы прокурорының орынбасары болып еңбек еткен. Сондай-ақ Аңсаған Жеткергенұлы 2017-2019 жылдары Атырау облыстық прокуратурасында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеп, 2020 жылдан 2024 жылға дейін Бас көлік прокуратурасында түрлі жауапты қызметтерді атқарған.
Ал 2024 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының прокуроры болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
