Таулы өлке атанып кеткен Кеген ауданындағы Мойнақ өңірі десе, елеңдемейтін жан жоқ. Мойнақ – ел тарихына «Ғасыр құрылысы» ретінде жазылып қалды. Мойнақ – еліміздің электр энергиясының көзін молайтып отырған бірден-бір нысан. Мойнақ – Тәуелсіздігіміз арқылы қол жеткізілген үлкен игілік.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қарашадағы № 1143 қаулысы бойынша Мойнақ су электр стансасының құрылысы қолға алынды. Айта кету керек, бұл аса маңызды құрылыс Кеңес Одағы тұсында қолға алынып, ол тарап кеткеннен кейін құрылысы тоқтап қалған болатын. Сөйтіп, Мойнақ республикамыздағы «Ғасыр құрылысы» атанды. Осынау табиғаты көз тартар тамаша өңір бұрынан-ақ жер асты су электр стансасын салуға қолайлы екені дәлелденген. Мынау бір ғажайыпты қараңызшы, Нарынқол, Кеген өңірінен бастау алатын Шәлкөде, Қарасу, Кеген, Қарқара, Шырғанақ, Талды секілді көптеген тау өзендері жиналып келіп, бір арнаға тоғысқан жерден бастап әйгілі Шарын өзені, шатқалы бастау алып жатыр. Шарын өзенінің етек жағы Америкадан кейін кездесетін Шарын каньонына ұласып кете барады. Жалпы, табиғаттың төрт маусымында Шарын каньонын, Шарынның өзенін, Мойнақ су электр стансасы орналасқан ғажайып өңірді көріп, тамашалаушылар жетіп-артылып жатады.
2012 жылы Мойнақ су электр стансасы пайдалануға берілген еді. Реттейтін Бестөбе су қоймасы бар Мойнақ СЭС-і құрылыстарының кешені Шарын өзенінің жоғары ағынындағы Алматы қаласынан шығысқа қарай 150 км қашықтықта орналасқан қысымды деривациясы бар су торабы болып табылады. Мойнақ СЭС-інің негізгі мақсаты ҚР-дың Оңтүстік аймағында ең жоғарғы жүктемелерін жабу үшін электр энергиясының маневрлі көздер ретінде СЭС-ті пайдалану болып табылады.
Айта кетейік, Елордадан, Алматы қаласынан, облыс орталығынан мәртебелі қонақтар, министрлер, депутаттар келсе болды, ақпарат құралдарының өкілдері сол жерден табылады. Жер астында бір-біріне жалғастырылып, жасалып жатқан биік-биік трубалар – мамандардың, құрылысшылардың қажырлы еңбектері. Адамның қолынан келмейтін шаруаның жоқтығына сенгенбіз. Алапат шаруаларға таңдана таңдай қаққанбыз. Шын мәнінде, Мойнақ су электр стансасы биіктігі 500 метр болатын деривациялық үлгідегі алғашқы жоғары қысымды су электр станциясы сапалы энергия көзін алуға мүмкіндік беруде. 500 метр биіктікте орналасқан үлкен су қоймасы жасалып, жасанды үлкен көлге айналды. Сол арқылы 9 шақырым жер асты су жолы арқылы биіктігі 5 метрлік құбырмен келетін арынды су 300 МВт электр энергиясын өндіреді. Стансаның жылдық қуаты 1 миллиард кВт/с электр энергиясын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, Мойнақ су электр стансасы соңғы 10 жылдың аумағында 10 миллиард кВт/с астам электр қуатын өндіріпті. Соңғы он жылдың ішінде жергілікті бюджетке 1 миллиард теңгеге жуық қаражат құйыпты. Бұл жақсы дүние. Аталған СЭС өткен жылы 758263 мың кв.с. электр энергиясын өндірді. Кеген ауданының бюджетіне өткен жылы 438217 мың теңге салық құйса, биыл 500 миллион теңге салық құйып берді.
Қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ су электр стансасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасының электр энергиясының 2030 жылдарға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылды. Мойнақ СЭС-і – халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі. Станцияның негізгі нысандарының жобасы Қытайдың Халықаралық Су шаруашылығы және энергетика корпорациясының қатысуымен әзірленіп, құрылысы жүзеге асырылды. Станцияның ғимаратында Andritz Hydro (Австрия) жасап шығарған су трубиналары орнатылған, ал, су генераторлары Харбин қаласында (ҚХР) құрастырылған екен.
Бұл су электр стансасы бүгінде Қазақстанның БЭЖ Оңтүстік аймағындағы электр энергиясының тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жауып, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Алматы энергия торабының жұмысын қамтамасыз етуде. Мұнда 127 адам жұмыс істейді. Станциядағы бүкіл жұмыс автоматтандырылған. Станцияның жүрегі, миы мен көзі – орталық басқару пункті болып табылады. Мойнақ су электрстансасына станцияның алғашқы бас директоры, нысан құрылысына алғашқы күндерден басшылық жасап, республикамыздың энергетика саласындағы маңызды жобасының іске асырылуына өлшеусіз үлесін қосқан Оразалы Қантаевтай азаматтың есімі берілген.
Мойнақты, аталған өңірді көрген де, көрмеген де арманда. Станцияның бас ғимараты Шарын өзенінің жағасына қоныс тепкен. Станцияның ең астыңғы қабатындағы гидроагрегаттар тынымсыз айналып, сапалы электр энергиясын өндіріп жатыр. Станция ғимаратынан тау жолдары арқылы биік белеске шыққаннан кейін Мойнақ атты шағын әдемі ауылға тап боласыз. Мойнақта жұмыс істейтін жүзден астам мамандар осындағы жылы да жайлы, электр қуатымен жылытылатын заманауи тұрғын үйлерден тұрады. Кеген ауданының картасында Мойнақ атты ауыл пайда болғалы жылдар жылжып барады. Ауыл Жылысай ауылдық округіне қарайды. Мойнақ су электр стансасы – республикамыздың мақтанышы. Еліміздің энергия көзін молайтуға елеулі үлесін қосып отырған Мойнақты қалай дәріптесең де жарасады.
ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ;
Белгіленген қуаты — 2х150 МВт;
Орташа жылдық өндірісі— 1027 млн. кВтсағ.
ҚТД— 1770м;
ҚКД— 1736 м;
ҚТД кезінде су қоймасының толық көлемі — 238 млн. м³;
Су қоймасының пайдалы көлемі — 198 млн. м³;
Есептік қысымы — 471,4 м;
Есептік шығын — 74 м³/сек.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.