Жаңа оқу жылы басталғанда оқушылардың көптігінен олардың үш ауысымда білім алуы ең өзекті мәселеге айналатыны жасырын емес. Мұндай жағдай біздің ауданда да соңғы жылдары үнемі байқалуда. Ата-аналардың сансыз сауалдарына айналған мектептің жеткіліксіздігі немесе қолданыстағы білім беру мекемелерінің тарлығы – қоғамның қызу талқылауында.
Күрмеуі қиын мәселенің нақты шешімі – жаңа мектептің іргетасын қалау. Одан бөлек, жапсаржай салу арқылы да үш ауысымдықты жоюға болатыны белгілі. Дәл осы аталған жұмыстар біздің ауданда оңтайлы іске асырылып жатқанымен, көпшілікке оның беймәлім тұстары да бар. Оған қатысты ақпаратты құрылыс саласына жауапты, аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев жан-жақты айтып, келешекте атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын түсіндірді. Нақты дерекке сүйене отырып аудандағы бірқатар мектептің жағдайын оқырман қауымға жеткізуді жөн санадық.
Белинский мектебінің күрделі жөндеуі биыл бітуі тиіс
Талай жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы болып саналатын В.Белинский атындағы орта мектебіне биыл күрделі жөндеу жүргізіледі дегенде бұл мекеменің ұжымы да, мұнда оқитын оқушылардың ата-аналары да өте қатты қуанған еді. Тозығы жеткен білім беру ордасы, расымен де, жаңартуды қажет етеді. Алайда, жаңаша сипатқа айналатын мектеп өзінің биылғы оқу жылында есігін айқара аша алмады. Әрине, ауқымы кең ғимараттың жұмысы шілде айында басталса, қыркүйекке дейін үлгермейтіні белгілі ғой. Құрылысының кеш басталғаны бұл баяғы бітіспес дауға айналған тендер мәселесіне келіп тірелген екен. Жә, әйтеуір, көптің тілеуімен мектептің күрделі жөнделуі шілде айында басталды. Жауапты мердігер мекеме – «Авторемстрой ЛТД» ЖШС.
Қазіргі таңда мектептің ішкі және сыртқы көрінісіне көз тастасақ, жұмыс бірқалыпты жүріп жатқандай. Шымкенттік мердігер мекеме құрылысты бастардың алдында биылғы оқу жылының екі тоқсанына дейін бітіреміз деп уәде етіпті. Алайда, байқағанымыздай нәтиже жоқ. Күрделі жөндеудің мұнша сағызша созылуын олар құрылыс саласына қатысты түрлі себептермен түсіндіруде. Бүгінгі сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыс толығымен аяқталып, қолдануға беріледі. Бірақ, сонда да көңілде күдік әлі басым.
Қазіргі таңда бұл мекемеде білім алатындар жақын маңайда орналасқан бірқатар мектепке барып білім алуда. Қыстың қырауы шалып, күн суытқанда баласын әр жерге апарып оқытатын ата-аналарға қиын түсетіні анық. Өйткені, кейбір отбасы бір емес бірнеше бала оқытып, олардың әрқайсысын жан-жаққа оқытуға мәжбүр. Сондықтан күрделі жөндеуге жауапты мердігер мекеме құрылысты одан әрі соза бермей, уәде еткендей уақытында бітірсе екен деген көпшіліктің өтінішін жеткізгіміз келеді.
Дүрліктірген Долан мектебі
Ескірген ескі мектептің есігін тоздырып бүгінгі таңда Долан бастауыш мектебінде 250 бала білім алады. Қуықтай бөлмелері былай тұрсын, апаттық жағдайда тұрған ғимаратта емін-еркін білім алудың өзі қорқынышты. Үш ауысымда оқитын балаларын ата-аналар әлі күнге дейін үреймен апарып, алып қайтады. Қайтсін, баланың білім алуы маңызды. Ресми дерекке сүйенсек, бұл мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы ағымдағы жылдың 24 тамызында толығымен дайын болып, мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен. Қазіргі таңда құрылысқа жауапты мекемені анықтау үшін ашық конкурс жарияланған. Жердің мәселесі де оңтайлы шешілді. Былайша айтқанда, тек сабырмен күту ғана қалып тұр. Келер жылы құрылысы басталса, 2023 жылы доландықтар үшін 600 балаға арналған жаңа мектеп толығымен қолданысқа беріледі.
Бұлақты мектебінің де жағдайы мәз емес
Бұлақты ауылының тұрғындарына «мына жылы сіздерге мектеп салынады» деп айту әлі ертерек.
Дегенмен, жақсы іске деген нақты қадам бар. Қазіргі уақытта 600 баланы оқытатын жаңа мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде және ол жылдың соңына дейін толығымен бітеді деген ақпарат бар. Оны дайындап жатқан «КАПРЕМПРОЕКТ» ЖШС.
Одан кейін жер мәселесі ойдағыдай шешілсе, келешекте бұл ауылда да жаңа мектеп бой көтереді. Әзірге оның нақты қашан, қалай болатыны белгісіз. Сонда да игілікті іске үмітпен қараймыз.
«Қарлығаш» жақта жаңа білім ұясы болады
Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшам ауданында соңғы жылдары қоныстанушылардың қатары артып келеді. Халық саны көбейген сайын, әрине, әлеуметтік нысандардың да қажеттілігі білінетіні рас. Олардың қатарында мектептің де бар екені айтпасақ та белгілі.
2022 жылы ықшам ауданның маңайында жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта оның құрылысы өз деңгейінде жүріп жатыр. 1500 оқушыға арналған білім ордасының толықтай бітуіне «BiGLOBAL» ЖШС жауапты.
«Асыл арман» тұрғындарының талайдан бергі арманы
25 мыңға жуық халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде мектеп мәселесі шешімі қиын жұмбаққа айналғалы қашан. Әу, баста іргетасын қалауды ойластырмаған нысанның қажеттілігі жыл өткен сайын көптің ашуына айналды. Осыдан екі жыл бұрын 6,5 га. жер телімі табылып, енді мектептің құрылысы басталады деп, асылармандықтарды бір қуантып қойған едік. Алайда, қазығы қағылмаған жерде 2020 жылы ешқандай өзгеріс болмады.
Дегенмен, тұрғындардың қуанышына орай ағымдағы жылдың наурызынан бастап жұмыс жүргізіле бастап еді, қарқыны бәсеңдеп қалды. Оның себебі бізге беймәлім.
Нысанның төлқұжатына көз тастасақ, «Adventoo» ЖШС-гі жүргізетін құрылыс 2022 жылдың соңғы айында бітуі тиіс. Бірақ, 2000 оқушыны оқытатын білім ошағы келер жылы пайдалануға берілетінге ұқсамайды.
Тұрғындардың талабын ескеріп, алдағы уақытта бұның да себебін анықтауға тырысамыз. Ал, әзірге бізге жеткен ақпарат осы.
Үштерек ауылында – жақсы жаңалық
600 оқушыға арналған Үштерек ауылындағы жаңа мектептің құры-лысы аяқталуға жақын. «Корпорация АҚ орда» ЖШС-нің ықпалымен салынып жатқан нысанның іргетасы былтыр қаланған еді. Бүгінгі таңда жаңа мектептің электр желісі мен ішкі су тарту жүйесінде соңғы жұмыстар жүргізілуде.
Құрылыстың қарқынына байланысты Үштеректегі жаңа білім ошағы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мектептен қиыншылық көрген ауыл тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық деуге болады.
Үш мектепке жапсаржай салынады
Үш ауысыммен оқыту – мектептердегі ең басты қиын мәселе. Дәл осындай ауырлыққа тап болып отырған білім беру мекемелерінің қатарында Алмалыбақтағы орта мектеп-гимназиясы, Іргелідегі Л.Толстой және Жаңашамалғандағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептері бар.
Бұл білім ошақтарының барлығына жергілікті бюджеттің есебінен 600 орындық жапсаржай салынатын болады.
Қазіргі таңда бұл ауыл мектептерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2022 жылдың соңғы айында толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл да ауданның білім саласындағы ілгері істердің бірі десек болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ