«Халықтан асқан сыншы жоқ». Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда да ел лайықты бағасын беріп отырады. Бұл ретте округ әкімінің лауазымына тағайындалып, екі жылдан аса Бірінші Май округін басқарып келе жатқан Елдос Мұқатаевтың тұрғындардың тыныс-тіршілігіне жіті назар аударып, елдік мүдде жолында бірқатар игі істердің жүзеге асып жатқаны көпшілікке белгілі. Наурыз айы – күн мен түн теңелетін, бар жаратылыс жаңарып, гүлденетін мезгіл. Осынау мәуелі маусымда қат-қабат істің атқарылу барысы мен алдағы жоспарлар жайында біз округ әкімімен әңгіме-сұхбат құрған едік.
Жүзеге асқан жұмыстар
Жамбыл ауданымен шекаралас жатқан, 7800-ге жуық тұрғыны бар Бірінші Май ауылдық округінде былтырғы жылы қолға алынып, жүзеге асқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Елдос Мұқатайұлының айтуынша, электр жүйелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 7 млн. 800 мың теңге бөлініп, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бекболат пен Қайнар ауылдарында жалпы көлемі 100 электробағаналар мен алты шақырым СИП (өздігінен оқшауланған сым) кабельдері ауыстырылды. Сонымен қатар, «жарық көше – қауіпсіз көше» демекші, былтыр округке қарасты ауылдарда, яғни, Бекболат пен Қайнарда жарықтандыру жұмыстары қарқын алды. Олардағы жарық шамдар LED лампаларына ауыстырылды.
Сондай-ақ, ауданымыздың өзге елді мекендеріндегі сияқты бұл округте де көшелердегі жолдарда асфальттың жоқтығы жыл сайын көтерілетін өзекті мәселенің бірі болып отыр. Әрине, бұл мәселені шешу мақсатында округте көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, 2020 жылы Бекболат ауылындағы Достық көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 500 метр асфальт төселді. Сонымен қатар, Қайнар-Алматы бағытында қатынайтын Бекболат-Қайнар облыстық маңызы бар жолына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4,5 метр жол асфальтталып, 680 метр тротуар жасалды. Бұған қоса, тұрғындардың жазған өтініштері бойынша Бекболат ауылындағы Алматы-Қарғалы тас жолы мен Қайнар ауылындағы Бобров көшелерінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «жаяу жүргіншілер» мен «70» деген жол белгілері қойылды.
Округке келетін меймандардың бірінші кезекте назар аударатыны әкімдік ғимараты екені белгілі. Осы ретте былтыр жергілікті бюджеттен 7 млн. 400 мың теңге қаражат бөлініп, тозығы әбден жеткен ескі ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын құру үшін, көшелерді абаттандыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте округ тұрғындарының, әсіресе, балалардың көңілді, әрі пайдалы уақыт өткізуі үшін, мектеп аумағында меценаттардың көмегімен Бірінші Май орта мектебіні аумағында «Work Out» спорттық-сауықтыру алаңы орнатылды. Мұнан бөлек Бекболат ауылындағы қоғамдық саябақ пен ҰлыОтан соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында арнайы тұрғызылған ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жылға келетін болсақ…
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бірінші Майда өткен жылы бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілген. Бірақ, биыл да округ әкімі Елдос Мұқатаевтың айтуынша, округ тұрғындарын қуантарлықтай істер жетерлік. Әсіресе, осы уақытқа дейін аудан әкімінің есебінде бірнеше рет көтерілген Бірінші Май орта мектебі ғимаратының жағдайы. Бүгінде 1200 оқушы оқитын бұл білім ұясының іргесі 1976 жылы қаланған. Сол уақыттан бері бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3млн. 500 мың теңге бөлініп, мектеп ғимаратында 10 ішкі әжетхана орналастырылған. Алайда, 45 жылдың ішінде тозығы шыққан мектеп ғимараты бүгінде күрделі жөңдеуді қажет етіп отыр. Осы ретте округ әкімі биыл аталған мектепке сейсмикалық тұрғыдан нығайта түсетін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Бүгінде балалардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, олардың арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданымыздың барлық округтерінде «Work Out» алаңдары ашылуда. Бірінші Май округінде де бұл бастама қолға алынған. Осы ретте биыл Қайнар ауылында «Work Out» мен кіші футбол алаңдарын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде бұл мәселені шешу мақсатында әкімдік тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізетін жер іздестірілуде. Сондай-ақ, Бекболат ауылында да адамдардың демалыс уақыттарын таза ауамен демалып, серуенмен өткізулері үшін биыл мұнда сквер салу жоспарланған. Бұған қоса балаларға арналған алаңның құрылыс жұмыстарын жүргізу белгіленіп отыр.
Биыл біріншімайлықтарды қуантатын тағы жайт – ол алдағы уақытта құрылысы жоспарланып отырған жаңа амбулаторияның салынуы. Нақтырақ айтқанда, бүгінде Бекболат ауылында амбулатория бар, бірақ, 43 жыл бұрын тұрғызылған оның ғимараты әбден тозған. Осы ретте биыл 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбуларторияның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 14 млн. 200 мың теңге бөлінген. Округ әкімінің айтуынша, егер де осыған байланысты облыстан рұқсат келсе, онда бірден амбулаторияның тұрғызуға байланысты жұмыстар басталатын болады.
Мұнан бөлек өткен жылы Бекболат пен Қайнар ауылдарының тұрғындарын мазалаған су мәселесін шешу мақсатында бюджеттен 622 млн. теңге қаражат бөлініп, су жүйелеріне толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізу басталған болатын. Биыл бұл жұмыстар аяқталып, округ тұрғындары сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қайнарлықтарды мазалаған кәріз мәселесі де биыл өз шешімін табатын болады. Өткен жылы осыған байланысты бюджеттен қаоажат бөлініп, Қайнар ауылының кәріз жүйелерінің құрылысы мен оны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде оны мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүзеге асып жатыр.
Сонымен қатар, инфрақұры-лымды дамыту биыл да назардан тыс қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, Бекболат ауылындағы Майбұлақ көшесінің электр бағаналары және СИП кабельдерін ағымды жөндеуден өткізу, жаңа трансформатор орнатып, «Алатау Жарық» компаниясының иелігіне өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек әрдайым су мәселесімен қатар жүретін жол мәселесін шешу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Мәселен, 2021 жылы Қайнар ауылындағы Амангелді, Алатау, Бейбітшілік көшелеріне, Бекболат ауылындағы Жайлау, Жастар, Бәрібаев көшелеріне және де Сауыншы ауылындағы Бірлік көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш берілді.
Сол сияқты округ әкімі жоғарыда айтылып өткен жұмыстардан бөлек жуырда аудан әкімінің есебінде көтерілген қаңғыбас иттер, жер-жерлердегі қоқыс сияқты мәселелер де уақтылы қарастырылып, жоспарға сай, кезең-кезеңдерімен шешілетіндігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.