Қазіргі уақытта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мәнінде ірі жоба екенін ұққандаймыз. Ол бойынша бүкіл ел көлемінде аса ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде біздің ауданда да ұйымдастырылған шаралар аз емес. Жуырда Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласының үш жылдығына арналған жиын өтті.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Қанат Айманов, аудандық білім, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Жастар ресурстық орталығының мамандары және музей қызметкерлері қатысты. Ауданда бағдарлама аясында жүзеге асырылған жобалардың қорытындылары және алдағы жылға ұсынылған жоспарлар да жұртшылыққа таныстырылды. Бұл жөнінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Ділдә Әбілқасымованың баяндамасынан белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, «Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшіру», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» сынды білім және тіл салаларына қатысты жобалар бойынша жүйелі жұмыстар істелген. Ал, «Архив-2025» жобасы бойынша құжаттарды бір арнаға тоғыстырып, сандық форматқа енгізу үшін «Е-архив» жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар, бағдарламалық мақалада көтерілген негізгі жобалардың бірі – жер-жерде жанданып келе жатқан «Туған жер» арнайы жобасы. Оның аясында ақын, жазушыларға, жалпы ұлы тұлғаларға арналған түрлі деңгейдегі мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылған. Білім мекемелері бұл жоспарға сәйкес тәрбие сағаттарын, басқа да іс шаралар өткізіп тұрады. Баяндамадан соң жиынға қатысқандар өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Жоғарыда куә болғанымыздай, бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде қолға алынған іс-шаралардың бір бөлшегі ғана. Ауқымды жобалар алдағы уақытта да өзіндік сипаты мен маңызын жоймай, жалғасын тауып, ұлттық сананың сілкінуіне үздіксіз қызмет ете беретіні сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.