Ауған соғысы – тарих бетінде орын алған алапаттардың бірі. Бұл майдан ардагерлердің ғана емес, барлық кейінгі ұрпақтың есінде сақталары анық.
Биыл – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Майдан даласында от кешкен қазақстандықтар қашанда құрметке лайық. Өмір мен өлімнің арасында жүрген сондай жауынгерлердің біразы бүгінгі таңда Қарасай жерінің жерігілікті тұрғынына айналған. Солардың қатарындағы Ауғанстанда азаматтық борышын өтеген, бүгінде Шамалған ауылының тұрғыны, ардагер Ильхан Сайфуллинді ерекше атап өтуге болады.
Ильхан Сайфуллаұлының балалық шағы да, жасөспірім кезі де Тараз шаһарының маңындағы Сарыкемер ауылында өткен. Осында мектепті аяқтап, «тауартанушы» мамандығын меңгерген. 1986 жылдың 6 қарашасында аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен Түркіменстанның Теджен қаласына азаматтық борышын өтеуге аттанған. Мұнда ол мотоатқыштар полкінде әскери міндетін атқарды.
Ал 1987 жылдың 16 мамырында Ауғанстан Демократиялық республикасына интернационалдық борышын өтеу үшін Құндыз губерниясына жіберілген. Жас жауынгер бұл жерде 149-гвардиялық полк құрамында І взводтың І ротасының кіші сержанты, 2-ші жаяу әскердің ұрыс машинасының командирі болған.
Ильхан Сайфуллаұлы сонау ауған жеріне алғаш аяқ басқан сәттерін әлі ұмытқан емес. Өйткені бөтен елге жауынгер ретінде бейімделу оңайға соқпаған.
– Ауғанстанға келгеннен кейін біз үлкен психологиялық шиеленісті сезіндік. Бірақ бірте-бірте бөтен елге бейімделіп, кез келген ортада жылдам және мобильді әрекет етуді үйрендік. Алдымен полигондарда оқу-жаттығулар өтті. Содан кейін Ханабад, Бағлан, Ташқорған және Құндызда бақылау-өткізу пункттерінде ұрыс-қимылдарына қатыстық, – деп ардагер майдандағы кездерін еске алды.
Ауған жеріндегі соғыстың қауіпті болғаны 1987 жылдың жаз айында болған. Сол кезде баспашылар жаңбырша оқ жаудырып, салдарынан техника бүлініп, әскери азаматтар қырылған. Жауынгер Ильханның көз алдында қасында жүрген механик-жүргізуші Янбаев пен пулеметші Т.Едеев оққа ұшқан.
1988 жылдары Гардез тауларындағы ұрыс-қимылдарына қатысып, жарылғыш пен пулеметті басқарушы ретінде командир атанған. Қар-жауынға қарамай, әскери міндетін мүлтіксіз орындап, қаскөйлердің басып кіруіне жол бермеген. Одан кейін Джалалабад провинциясын, Құндыз, Ташқорған сияқты қалаларды қорғаған. Айбынды Ильхан ағамыз сол кезде осындай ерлігінің арқасында ауған халқының ықыласына бөленіп, бірнеше рет лайықты дәрежеде марапатталған.
Жауынгердің Ауғанстанды азат ету мақсатындағы әскери міндеті 1988 жылы аяқталған. Соңғы рет осы елдің оңтүстік шекарасын қорғап, интернационалдық борышын өтеген. Сөйтіп, сол жылдың ақпан айында абыроймен аман-есен Отанға оралған. Ол бүгінгі таңда қан майдандағы әскери міндетін күрсініспен еске алуда. Өйткені қаншама қарулас достарын жоғалтты. Сондықтан мұндай сұм соғысты әлі жадынан өшірген емес.
2002 жылдан бері ауданымызға қарасты Шамалған ауылында тұрып жатқан Ильхан ағамыз Алматы қаласында белгілі құрылыс компаниясында қызмет етеді. Бүгінде ол орнықты отбасының қамқоршысы, үш перзенттің асқар тауы болып отыр. Аудандағы қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай, түрлі патриоттық шараларда төбе көрсетіп, өнегелі өсиетін айтып келеді. Сондай-ақ ол Қарасай аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының төрағасының орынбасары, сондай-ақ Шамалған ауылдық округі бойынша аталмыш ұйымның төрағасы әрі ауылдық округтің ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде жергілікті әкімдікпен бірлесіп, ауыл ішіндегі шараларға бір кісідей атсалысып жүр. Ильхан ағаның бастамашыл ізгі істерінің бірі – Шамалған ауылындағы Ауған соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш. Оны ол ардагерлермен бірігіп, ақылдасып, ортақ кеңесе отырып 2020 жылы орнатуға атсалысқан. Ал 2023 жылы бұл маңызды дүние қазақи тұрғында жаңғыртылған. Төбесіне шаңырақ қойылып, жан-жағы абаттандырылған.
Жүректі жауынгер әркез аудан көлеміндегі қоғамдық, әсіресе патриоттық шаралардан қалмайды. Жас ұрпаққа отаншылдықты дәріптейтін жиындар мен кездесулерде ағалық ақылын айтып, қарулас жолдастарының ерлік істерін насихаттап келеді.
Дидар МӘЛКҰЛЫ.