Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шамалған ауылдық мәдениет үйінің әлеуметтік парақшаларында «Аты аңызға айналған ардагерім!» атты соғыс және еңбек ардагері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Үсенбай Тастанбековты еске алу бейнеролигі ұсынылып, онда ол кісінің жеке және аудан әкімі Ж.Далабаевпен түскен суреті көрсетілді. Сонымен қатар, ардагердің өмірбаяны мен еңбек жолы да баяндалды.
Ауданымыздың ақылшы ақсақалы болған Үсенбай Бахтиярұлы жайлы айта кетсек, ол 1919 жылы, 20 қазанда ауданымызға қарасты Батан ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар мен Журналистер Одақтарының мүшесі. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. 17 жауынгерлік және мерекелік медальдары бар. Қаскелең қаласы мен Қарасай ауданының Құрметті азаматы. 1939 жылы әскер қатарына алынып, кіші командирлер курсын тәмамдап, елде жүріп соғысқа аттанған.
Үсенбай Тастанбеков 1942 жылы майдан алаңында қос аяғынан ауыр жарақат алып елге оралады. Соғыс аяқталған соң өзінің кәсіби жұмысын жалғастырады. Аудандық «Социалистік майдан» газетінде жауапты хатшы қызметінде жүріп, 1948 жылдың күз айында Еңбекшіқазақ аудандық «Үлгілі колхоз» газетінде редакторлық қызметке ауысады. Одан әрі 1950-1952 жылдары республикалық жоғары партия мектебінде оқып, екі тілде шығатын Қаскелең аудандық «Коммунизм үшін» газетінің бас редакторы, ауданаралық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакторы болып жемісті де, жеңісті қызмет атқарды. Еңбек жолдарында Қаскелең аудандық партия комитетінде аға нұсқаушы қызметін атқарып, еліміздің саяси өміріне белсенді араласты. Еліне еңбегі сіңген ардагер азамат 1979 жылы құрметті демалысқа шықты. Жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылған жылдары журналист-жазушы Қарасай ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оны 1991 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін өзі басқарып талай мәселенің басын қайырды. Қоғамның құрметті төрағасы бола білді. Үсенбай Бахтиярұлы тек жазушы-журналист ғана емес, мемлекеттік тілдің нағыз жанашыры, зерттеуші, тарихшы, өлкетанушы еді. Үсенбай Бахтиярұлының тікелей басшылығымен Қарасай ауданында көптеген жер-су аттары және көшелер қазақшаландырылды.
Үсенбай Бахтиярұлы 2019 жылы сәуір айының 16 жұлдызында ғасыр жасаған шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Аты аңызға айналған ардагеріміздің әрбір ісін үлгі етіп, есімін мәңгі жадымызда сақтаймыз!
Айсұлу ЕРНАУАН,
Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері.