Биылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгені белгілі. Бірыңғай жәрдемақы осыған дейін беріліп келген 3 түрлі өтемақының орнын алмастырмақ.
Яғни, енді көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы, яғни, азаматтардың табысына қарамастан, республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Егер бұрын азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат әзірлеп, бір мекемеге, яғни, жұмыспен қамту орталығына барады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік шартты және шартсыз ақшалай көмек ретінде төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аз кірісі бар азаматтарға немесе отбасыларға тағайындалады. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ, аз қамтылған отбасыларына ай сайын төленеді. Ал шартты әлеуметтік көмек отбасында еңбекке жарамды азаматтары бар аз қамтылған отбасына беріледі. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни, еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалынады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал, жұмысқа тарту шараларына қатысудан бас тартса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, жылдың басынан бері ауданымызда барлығы 214 отбасына осы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, олар өздерінің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алған.
Солардың бірі Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында тұратын Нұралиевтер отбасы. Төрт баланың анасы Гүлжазира Жүнісханқызы аталған бағдарлама жайында теледидардан естіп, ғаламтордан да қарап біліпті.Сосын, бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына келген. Себебі, өзі бала күтімімен үйде отырған келіншектің жолдасының да тұрақты жұмысы болмаған. Барлық талаптарға сай келген отбасының айлық бюджеті қарастырылып, шартты ақшалай көмек берілген. Бұған қоса, отағасы Б.Нұралиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ІІІ бағыты бойынша қоғамдық жұмысқа орналастырылды. Қайтарымсыз қаражатқа ие болған ерлі-зайыптылар ақылдаса келе, саудамен айналысуды жөн санап, аяқ киім сата бастады. Ендігі олардың мақсаты – тауар айналымын кеңейтіп, тұрмыстарын түзеу. 2000 жылы отау құрғалы пәтер жалдап тұрып келе жатқандықтан, жеке баспанаға ие болуды да армандайды. Биыл мектеп бітірген тұңғыштарын қалаған оқуына түсіріп, үлкен өмірге нық қадам басуына жәрдемдесу де ата-ананың міндеті. Сондықтан да олардың мемлекет тарапынан берілген бұл көмек үшін алдымен Елбасына, оны жылдам әрі жүйелі жүзеге асыра бастаған жергілікті атқарушы органдарға айтар алғыстары көп.
Клара КӨПБАЕВА.