Терең тарихтың қойнауына сүңгітіп, жан дүниеңді рухани рахатқа бөлейтін, ол – халықтың қазынасы музей екені рас. Ал, осы саланың ерекше мейрамы 18 мамыр – Халықаралық музей күні болып табылады. Дәл осы мереке күні түнде құрметті қонақтар есігі айқара ашылған музей ішінде көңіл көкжиегін кеңейтіп, мәдени құндылықтармен танысып, рухани азық алуға мүмкіндік алады.
Дәстүрлі түрде маңызды мереке Елбасымыздың кіндік қаны тамған жер – Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында да айрықша аталып өтілді. Кешқұрым мұнда жиналған құтты қонақтардың қарасы аз болмады. Ерекше түн алдымен мерекелік бағдарламамен басталып, округ әкімінің, музей қызметкерлерінің ақ тілегімен жалғасты. Өз кезегінде округ басшысы Ержас Тоқтасынов мұндай орталықтың ауылымызда орналасқаны үлкен мақтаныш екенін айтады.
– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іргетасы қаланған мұндай орталықтың біздің округте орналасқаны біз үшін зор мақтаныш. Орталық ашылғалы ауданымыздағы түрлі ауқымды іс-шаралар да осында ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. Баршаңызды Тұңғыш Президенттің естеліктері сыр шертетін мәдени ортаға шақырамын. Есігіміз келген қонақтар үшін әрдайым ашық, – деді Ержас Серғазыұлы.
Музей түнінде ұйымдастырылған шара барысында қазақ эстрада жұлдыздары мен ауданымыздың түрлі өнерпаздары өз өнерлерін тарту етіп, келген көпшілікті керемет әсерге бөледі. Әсіресе, жас әнші Самат Жанғазиннің әсерлі әндері шамалғандықтар мен келген қонақтарға орталықтың алдын би алаңына айналдырғандай болды.
Музей түнінде орталықтың екі қабатына да түрлі көрмелер қойылып, тоқыма, ағаш өңдеу қолөнершілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жапон тағамы болып табылатын сушиді дайындаудан шеберлік сабақтар өткізіліп, аспазшыдан білгендерін үйренуге тырысты. Ал, музей түніне арнайы келген суретшінің туындылары көпті таңғалдырды, тіпті, келушілер кезек күтіп өз бейнелерін ақ қағазға түсіруге құлшыныс танытып жатты. Музейге енді қадам басқан қонақтар экскурсия барысында Елбасымыздың түрлі естеліктерімен танысып, орталықтың кинозалында түрлі бейнематериалдар тамашалау сәтіне де куә болды.
Тарихи-мәдени орталық игі шараны жүзеге асыру барысында мерекеге орай арнайы шақырылған қонақтарды марапаттау жағын да ұмыт қалдырмады. Орталықтың басшысы Адиля Қоржумбаева рухани шараға атсалысқан құрметті меймандарға орталықтың атынан ықылас ретінде Алғыс хаттар табыстады.
Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына арналған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы осылайша мерекелік шараны өз деңгейінде есте қаларлықтай өткізіп, жұртшылыққа мәдени құндылығымыздың қадір-қасиетін насихаттады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.