Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алматы облыстық дін істері жөніндегі басқармасының дін саласы проблемаларын зерттеу орталығының бастамасымен, барлық аудан орталығы қамтылған ерекше сипаттағы «Рухани керуен» жобасын жүзеге асыру басталған еді. Осы орайда ауданымызға 25 адамнан тұратын топ келіп, аудан әкімдігімен бірлесіп, әртүрлі шараға қатысты.
Мәселен, Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында осы рухани керуенге қатысушылар қадірлі қариялармен, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Мұнан кейін «Рухани жаңғыру –халықтық аса маңызды мақсат» тақырыбында дөңгелек үстел болып, оны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова ашты, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов жүргізді.
Алдымен қатысушылар алдында топ жетекшісі, жоғарыда аталған облыстық орталық директорының орынбасары Айгүл Әли сөйледі. Мұнан кейін, басқа да топ мүшелері тақырып бойынша әңгіме өрбітіп, ұлы Абайдың пікірлерін айтты, Құран сүрелеріне тоқталды. Олардың ішінде «Жетісу» телеарнасының тілшісі, мәдениет қайраткері Жайлаубай Жұмахмет, Талдықорған қаласы Әжелер алқасының мүшесі, заңгер Аян Сегізбаева және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы Руслан Сейтқазиев бар еді. Ал, қарасайлықтар атынан Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов ой-пікрін ортаға салды.
Бұл жерде адамгершілік, имандылық туралы баса айтылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай тәрбие жұмысын жақсарту жайында, мемлекеттің негізі – адам капиталы және халықтық дәстүрді сақтау жөнінде ой-пікірлер кеңінен ортаға салынды.
Сонымен қатар, ауылдағы орталық базарда жастарды радикалдық діни ағымдардан сақтандыратын кітаптар мен плакаттардың көрмесі ұйымдастырылды. Дәл осы жерде жастарға буклеттер, кітапшалар таратылды.
Танзиля МҰХТАРОВА.