Елімізде 2011 жылдан бері 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні атап өтіліп келе жатқаны баршамызға мәлім. Өткен аптаның сенбісі күні аталмыш мейрамға орай «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев жастармен кездесіп, Елбасының айқындаған бағыттары, оның Қазақстанның дамуына қосқан үлесі жайында баяндады.
Осыдан үш жыл бұрын Ұлт Көшбасшысының құрметіне орай ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткен басқосуды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов жүргізіп, оған Елбасының сыныптасы Күләш Әмірова, округ әкімі Ержас Тоқтасынов пен ауданның белсенді жастары қатысты.
Кездесудің алғысөзін Қаныбек Құлжабайұлы бастап, алдымен жиынға қатысушы жастарға өзінің құттықтау тілегін арнады. Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің тәуелсіз және құқықтық мемлекет ретінде дамуына қосқан үлесі жайлы, сондай-ақ, әлі күнге дейін туған елі үшін атқарып келе жатқан еңбегі туралы кеңінен айтып өтті. Мұнан кейін сөз кезегін Жанболат Әкебайұлы алып, қарқынды әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы бар мемлекеттің бірегей үлгісін жасаған Елбасының халқы үшін, әсіресе, еліміздің болашағы – жастар үшін атқарған ерен еңбектері туралы әңгімеледі.
– Елбасы үнемі жастар мәселесін, жастар саясатын назардан тыс қалдырған емес. Тегін білім, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу, жастарға қолжетімді баспана, оқу гранттары, «Дипломмен – ауылға» жобасы, «Серпін» бағдарламасы, «Жастар тәжірибесі» сынды түрлі бағдарламалар мен жобалар жастарымыз үшін жасады. Осындай жастарға деген жанашырлықтың арқасында бүгінде болашақтың тұтқасын ұстар азаматтарымыз көбейіп келеді. Осының бәрі де елі сүйген, елін сүйген Елбасының арқасы! – деді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Одан кейін Күләш Сыбанқұлқызы жастарға үлгі ретінде Елбасының осы уақытқа дейін халқы үшін жасаған істері мен жеткен жетістіктерін айтып, жастарды ұлтты сүюге, елін көтеруге ұмтылуға шақырып, үлкендік ақыл-кеңесін жеткізді. Жиын барысында Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова да сөйлеп, еліміздің дамуы үшін Тұңғыш Президентіміздің алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында ауданымызда атқарылған және де бүгінде жүзеге асып жатқан істер туралы егжей-тегжей түсіндірді. Сонымен қатар, басқосуға құрметті қонақ ретінде қатысқан аталмыш округтің бірқатар ардақты азаматтары да қатысушыларды мерейлі мерекелерімен құттықтап, Елбасы жайлы өз ой-пікірлерін білдірді. Мұнан бөлек жиында «Jas Otan» Жастар қанатының мүшесі, Жастар ресурстық орталығының маманы Аяулым Болатбек Ұлт Көшбасшысының еңбек жолына арнаған эссесін оқып, осы шығармасы арқылы жастар атынан Елбасыға деген үлкен алғысын білдірді.
Нұрсұлтан Әбішұлының халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, жүргізген саясатын насихаттау мақсатында өткен кездесу соңы Тұңғыш Презиндентіміздің өмірі мен еңбек жолын таныстыру мақсатында арнайы ұйымдастырылған экскурсиямен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.