Нарынқол ауылында жақында ардагерлер мен зейнеткерлер арасында аудандық фестиваль өтті. Жеке орындаушы, дуэт, вокалдық ансамбль, хор және мәнерлеп оқу, шахмат, дойбы ойындары бойынша жоғары дәрежеде өнер көрсеткен қарттар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында өткен облыстық фестивальға қатысты. Райымбек ауданының намысын қорғауға барған қарттар бірден көрермендердің назарын өздеріне аудара білді. Облыстық фестивальда Оразхан Құсайынұлы атақты Біржан салдың «Теміртасын» өте жоғары деңгейде орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сарыбастау мен Текес ауылындағы әжелерден құралған «Алтын қазық» және «Ақкер» әжелер ансамблі де шаршы топтың алдында өнер көрсетіп көрерменнің көзайымына айналды. Әбиева Тұрсынай апамыз М. Мақатаевтың «Атамекен» поэмасынан үзінді оқып, көрерменге қасиетті Хантәңірдің етегіне барып келгендей әсер қалдырды.
Жалпы фестиваль барысында ауданымыздағы ардагерлер мен зейнеткерлер өнерлерінің үстем екенін, жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын тағы бір дәлелдеп қайтты. Зейнеттік демалыста болса да аудан намысын әлі қолдан бермей қорғап жүрген қарттарымыз аман болсын!
Райымбек ауданы.
Өз тілшіміз.