Еліміз үшін 30 тамыз – ел тарихындағы айрықша күн. Өйткені биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Мемлекетіміздің тұңғыш Ата Заңы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ал 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданып, қазіргі қолданыстағы негізгі заң өмірге келді.
Ата Заңның қабылдануы еліміз үшін тарихи оқиға болды. Ол мемлекетіміздің тәуелсіздігін бекітті, құқықтық жүйенің негіздерін қалады және халықтың мүддесін қорғаудың басты құжаты ретінде орнықты. Конституция тек құқықтық құжат емес, ол елдің демократиялық дамуының көрінісі болып табылады.
Жылдар бойы Конституция жаңғырып қоғам мен заман талабына сай өзгеріп отырды. 1995 жылы Конституция президенттік басқару жүйесін нығайтты, парламент пен Үкіметтің өкілеттілігін айқындады, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты міндет ретінде бекітті. Ал 2007 жылы енгізілген түзетулердің өзегі – саяси жүйені демократияландыру болды. Мәжіліс депутаттары енді тек партиялық тізім бойынша сайланатын тәртіпке өтті. Бұл өзгеріс партиялардың рөлін күшейтіп, Парламенттің жұмысын саяси алаңға айналдырды. Сонымен қатар сол жылы Президенттің бір мезгілде жетекшілік етуіне мүмкіндік берілді және өкілеттілік мерзімі жеті жылдан бес жылға қысқартылды. 2011 жылы Конституцияға енгізілген өзгертулер негізінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мүмкіндігі пайда болды. 2017 жылы өзгерістерде елдегі мемлекеттік басқару жүйесін қайта бөлу жүзеге асырылды. Ең соңғы 2022 жылы 5 маусымда Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп, Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі еді.
Атап айтқанда, жер және табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген қағида Конституцияға бекітіліп, елдің ұлттық байлығы мемлекет пен қоғам игілігі үшін қызмет етуі керек деген маңызды ұстанымды көрсетті. Сондай-ақ Конституциялық сот қайта құрылып, әрбір азаматқа өз құқығы бұзылған жағдайда тікелей осы сотқа жүгіне алу мүмкіндігі берілді.
Осылайша, 30 жыл ішінде Ата Заңымыз ел тәуелсіздігінің берік тірегіне, қоғамдық тұрақтылық пен бірліктің кепіліне айналды. Конституция саяси реформалардың негізін қалап қоймай, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда басты құжат болып келеді.
Конституция күні – өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерді бағалап, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін мереке. 30 жылдық мерейтой – Ата Заңымыздың тарихи маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
Мемлекетіміздің тұрақтылығына айналған Конституциямыздың маңыздылығы жайлы SDU университеті студенттерінің пікірін білгенді жөн санадық.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
