Нағима Сағатова – ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің, «Дарын» РҒПО 10 жылдық мерейтой төсбелгісінің, «Халық мұғалімі» медалінің иегері. «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Қарасай ауданының Құрметті азаматы.
Төменде белгілі, тәжірибелі педагогтың Алмалыбақ ауылындағы, кейіннен гимназия мәртебесін алған алғашқы қазақ мектебі туралы жазған мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ия, жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты көз ілеспес жылдамдықпен мектебіміздің ашылуына отыз жыл болғанына да куә етті. Бәрі, бәрі дәл бүгінгідей есімде… Оңайлықпен ештеңе келмейді. Атағы дүрілдеп, алысқа кеткен алтын ұя осы күнге оп-оңай жете қалған жоқ.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ұлттық сананы оятты. Ана тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ұмытып, мәңгүрттеніп бара жатқан ұлтымызды жасындай жарқ еткен Желтоқсан дүр сілкіндірді. Мен онда Алмалыбақ ауылындағы КИЗ орыс мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болатынмын. Ол кезде Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданында 40 мектеп болса, оның біреуі ғана – Абай атындағы орта мектеп-интернат қазақ тілінде білім беретін еді. Әрине, ауылда қазақ мектебінде оқып, жоғарғы оқу орнының қазақ бөлімін бітіріп келген жас мамандарға бұл ауданнан мұғалімдік орын табу бір қиямет еді. Ауданға келген жас мұғалімдер әртүрлі жұмыстарға – бірі тәрбиеші, енді бірі институтқа (КАЗНИИЗ) лаборант болып орналасып жатты. Жоғарыда айтып кеткен Желтоқсан көтерілісі КИЗ мектебінде жұмыс істеп жүрген қазақ мұғалімдеріне де ой салғаны даусыз. Ауылда неге қазақ мектебі, қазақ балабақшасы жоқ деген мәселе туындады. Жасыратыны жоқ, ашық айтуға қорқамыз, сондықтан түнделетіп біздің үйге жиналып, жоспар құрамыз. Басшымыз Саргелекова Меруерт апай математика пәнінің мұғалімі. Ол кісі өте өжет, шыншыл, ойын тура, батыл айтатын адам еді, әрі тамаша математик, шебер ұстаз, нағыз тәлімгер болатын. Мектептің ашылуына ұйытқы болған, тікелей басшылық жасаған, барлық лауазымды тұлғалардың алдына именбей барып, мәселені төтесінен қоя білген де Меруерт апай. Бүгінде арамызда жоқ апайдың жаны жәннәтта болғай!
Тағы бір ұлтжанды ұстазымыз Ресейде туып, сол жақта білім алса да жүрегі қазағым деп соққан Дәулетбаева Гүлбаршын Ілиясқызы еді. «Тура айтқан туғанына да жақпайды» дегендей ол кісі ойын бүкпесіз, шындықты батырып бетке айтатын. Майталман ұстаздың ерінбей, жалықпай, балапандай баулып, републикалық олимпиадада жүлделі орын алған шәкірті Қалыбаев Рауан бүгінде көпшілікке танымал тележурналист. Басқа да шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқаруда. Апайды шәкірттері ұмытпай жыл сайын құран бағыштап естеріне алып жүреді.
Б.Иманбекұлы, К.Шүлембаева, Б.Қанапина, Ж.Абдрахманова, Б.Мұхамедиярова З.Байсалбаева, К.Алдабергенова, Г.Әбішова қазақ мектебін ашуда ерен еңбек сіңірді. Ауылдың әрбір үйіне барып, баласын қазақ мектебіне беруін сұрап, жалынған кездеріміз әлі есімде. 1989 жылы Алмалыбақ ауылында «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қоғамның төрағасы жас ғалым Ә.Ысқақов, орынбасары болып мен сайландым. Жалындаған жастық жігер мен құлшынысымыз ерекше еді. Алғашқы күннен бастап орыстанып кеткен ауыл тұрғындарына арнап әдеби- танымдық кештер, кездесулер өткізіп, қазақтың небір саңлақтарымен таныстыра бастадық. 1990 жылы ауылда тұңғыш Наурыз мерекесі тойланды. Осы кезеңде ауылдағы алғашқы қазақ балабақшасы мен қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болған атаған қоғам еді.
Әлі есімде «Қазақ тілі» қоғамының жиналысы ұзақ, даулы болатын. Қоғамның мүшелері ол кезде өрімдей жас институт парторгы Ә.Дүйсебек, кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Күрішбаев, (бүгінде арамызда жоқ Ж. Түлкиев) және С.Қылышбай ұлтымыздың тілі, ділі мен діні үшін қандай сынға түсуге де даяр еді.
1989 жылы КИЗ орыс мектебінде екі қазақ сыныбы ашылды. Бұл сол кезде ұлы жеңіспен тең болатын! Бағымызға орай, мектепке келген екі ұстаздың бірі Тұмаева Бақытгүл білімді ғана емес, өнерлі де еді. Қазақ сыныбының ауыл тұрғындары арасында бірден беделге ие болуына Бақытгүлдің сіңірген еңбегі ерекше. Ол қазақша бір ауыз сөз білмейтін ата-аналармен тез тіл табысып, шәкірттеріне сапалы білім беріп қана қоймай, оларды өнерге баулыды. Бүгінде атағы жер жарып, сайыстарда жүлденің алдын бермейтін гимназиядағы «Ғасырлар үні» этнографиялық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаған да сол қазақтың қаршадай қараторы қызы Тұмаева Бақытгүл болатын. Бақытгүл домбырамен ән салатын, жүрген ортасының гүлі еді. Ол жайында естелік жазу маған өте ауыр. Тұңғыш қазақ мектебінің іргетасын қалап, біраз жыл директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болған, кезінде жас болса да ұстаздарға ұстаз болып, олардың әдістемелік шеберлігін шыңдауда үлкен жұмыс атқарды. Оның ең басты қасиеті принципшілдігі, талап қойғыштығы болатын. Ең жақын достары Фарида, Баян, Жанар, Гүлбарамдармен сауық кештерде бірге болып, ертесінде сабақтарына қатысқан кезде қатты сынын естіп жыларман болған достарына: «Достың жөні бір бөлек, ал қызметке оның қатысы жоқ» – деп қарап отыратын. Қысқа ғұмырында артында өшпестей із қалдырып бақиға аттанып кете барды… Иә, әл-Фараби гимназиясы тарихында аты алтын әріппен жазылған аяулы ұстаздардың бірі және бірегейі – Тұмаева Бақыткүл. Ал, келесі ұстаз Гүләйім ұзаққа шыдамады, жарты жылдан соң ол сыныпқа кейіннен осы гимназияның директоры болған Баян Саурамбаева келді. Баян да әдемі, өнерлі, кішіпейіл, көпшіл болды. Ол ата-аналарға бірден ұнады. Оның сыныбы ауыл-аудан көлемінде өнер көрсетіп, көпке танымал бола бастады. Бақытгүл мен Баян қосылып ән салып, оларды мектептің алғашқы директоры Ә.Дүйсебек баянда сүйемелдеп, халықты өнерлерімен тәнті ететін.
1991 жылы асыға күткен қазақ мектебі де ашылды. Ал, әл-Фараби есімін ұсынған Ә.Ысқақов еді. Директор болып институттың парторгы Ә.Дүйсебек тағайындалды. Мектеп деген тек аты ғана, аты бар заты жоқ мектепті Ә. Төлегенұлы аз ғана уақыттың ішінде жоғары деңгейге көтерді. Жаңашыл, ізденгіш, еңбекқор басшының мектеп басқарудағы басты ұстанымы демократия мен ізгілікке негізделді. Жаңа мектептің қалыптасып дамуында мектептің ғылыми жетекшісі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Төлеш Мұқашұлы Мажикеевтің еңбегі ерекше.
Ал, жаңашыл басшы жас ұжымды үлкен шеберлікпен басқара білді. Алғашқы қазақ мектебінің негізін қалап, шетелдік байланыстарды қалыптастырып, мектептің материалдық-техникалық базасын жасап, ұжымды ұтқыр ұйымдастыра білген демократ директорды бұрыңғы қызметтестері әлі де сағына еске алып, жиі кездесіп тұрады.
Жұмыс барысында қол жеткізген жетістіктеріміз – үлгілі ұстаздарымыздың, ұжымның ерен еңбегінің жемісі. «Ұйымдастыра білген ұтады» – деген халқымыздың тәмсіл сөзіне ден қойсақ, жұмысы жүйелі жоспарланған, алар межесі айқындалған жерде жеңіс те, жеміс те болатынын бағамдаймыз .
Ия, қуаныш пен қобалжуға толы сол күндерден бері отыз жыл өтіпті. Өткенге көз салып, жүріп өткен жолымызды зерделейтін болсақ, мектебіміздің ашылуы мен қабырғасының қалану кезеңі де аумалы-төкпелі заманға сәйкес келіп, біршама қиындықтарды бастан өткізіппіз. «Әттеген –ай!» – деп талай өкінген де, тығырыққа тіреліп қиналған да кездеріміз болған екен. Алайда, ел алдында ауылымыздағы тұңғыш қазақ мектебінің қабырғасын қалау жауапкершілігін мойнына алған біздің жас ұжым талай мазасыз күндер, ұйқысыз түндер өткізіп талмастан еңбек етіп, соның нәтижесінде көптеген тамаша жеңістерге-жетістіктерге жетіп, қуаныштарын тойлаған кездері көбірек болыпты.
Біз жеткен жетістіктерімізге масаттанбадық, оларды көңілге қуат еттік, ал жаңылыс басып, қиналған кездерімізді алдағы күндерге сабақ етуге тырыстық.
Мектеп тарихында есімдері алтын әріппен жазылар әріптестерімнің, бүгінгі күнде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагерлердің еңбегін жаңа толқын жас ұстаздар білуге тиіс. Әттең, әрқайсысының еңбегін тәптіштеп жазар болсам том-томдаған кітап болар еді. Егер менен «мектептің табысқа жетуінің құпиясы неде?» – деп сұраса, ойланбастан «ұстаз шеберлігінде» дер едім.
Бүгінде арамызда жоқ ұстаздар Саргелекова Меруерт, Дәулетбаева Гүлбаршын, Тұмаева Бақытгүл, Даутқулова Раушан, Тыныбаева Амангүл, Түлкиев Жұмабай, Ізмаханов Қараман, Закиряев Еркін, Сансызбаева Нұрлыхан, Оразалиев Жұбаныш… олардың есімдері ешқашан ұмытылуға тиіс емес. Ал, гимназияның ардагерлері, бүгінде мектептің сыйлы қонақтары, сіздерге әлі де мектебіміздің мерейтойларына куә бола беріңіздер, демекпін.
Жемісті еңбек етіп, тасқындаған толағай табыстарымен мектеп абыройын асқақтатқан ұстаздарды ерекше құрметпен атағым келеді. Олар – Кереева Айман, Егеубаев Алдоңғар, Егізбаева Орынкүл, Сулейменова Мариям, Әбішова Гүлбарам, Ахетова Ұлбосын, Бегімбетова Гүлсара, Сейтқазы Ғафура, Сариева Бижамал, Қыбыраева Гүлсімбүбі, Асанханова Айман, Мамбетова Гүлбаршын, Сәменова Күләнда, Захарова Тамара, Мырзамұратов Шынтемір, Сманова Әлия, Юсупова Райкүл, Аянбаева Жәміш, Мусина Гүлнар.
Гимназияның даму тарихындағы тағы бір кезең – ол жаңа мәртебеге ие болған кезі. 2007 жылы, ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың № 387 бұйрығы негізінде, мектепке «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы гимназия» мәртебесі берілді. Ол кезде көңілге қобалжу тудырып, «осындай деңгейге сәйкес бола аламыз ба» деген алаңдаушылықтың болғаны рас. Республика көлемінде ашылған 29 мектептің ішіндегі жалғыз ауыл мектебі де біз едік. Олай дейтініміз:
1) Материалдық-техникалық база талапқа сай емес; 2) Маман кадрлар жоқ; 3) Оқушыларды таңдап алуға мүмкіндік болмады; 4)Оқулық мәселесі де шешілмеген болатын.
Дегенмен, бұл мәртебе мектептің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне үлкен ықпал жасады. Жаңа биік дәрежеге сәйкес облыстық бюджеттен қаржыландырыла бастадық. Бұрын-соңды түсімізге де кірмейтін құрал- жабдықтар:мультимедия, лингафон, биология, математика, физика, химия, директор, орынбасарлардың кабинеттері бірінен-соң бірі келе бастады. Республикалық «Дарын» РҒПО арқылы мұғалімдер курстан өткізілді. Ұстаздардың шығармашылық әлеуеті өсті. Жас ұстаздар әртүрлі байқауларға қатысып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Гимназия Жарғысына сүйеніп, оқушыларды іріктеу басталды. Нәтижесінде гимназияның жетістіктері де көп күттірген жоқ. Толағай табыстардың тасқыны басталып, бақыттан бас айналған сәттеріміз көп болды. Дана халқымыз «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кірпіш қорған емес» деп бекер айтпаса керек. Осының бәрі ұйымшыл ұжым мен директордың орынбасарларының арқасы дер едім. Жарты әлемді бағындырған Шыңғысхан Отырарды алған кезде Қайырханның ерлігіне тәнті болып: «Әттең, сендей бес Қолбасшым болса егер, Бүкіл әлем жатар еді табанымның астында» деген екен…
Менің бақытым – менде сондай бес емес, одан да көп тамаша серіктерім болды. Қашан көрсең де сабырлы, байыпты, ұстаздар мен оқушылардың хал-ахуалын бақылап, маған да ақыл-кеңесін айтып отыратын өмірдегі де, қызметтегі де үлкен жүректі досым гимназия психологы Гүлсара Хасенқызы болатын. Мектеп ашылған күннен бастап әкімшілікте болған Мариям Нұрмашқызы, Гүлбарам Сәдепқызы, бізден кейінгі толқынды бастап келе жатқан Баян Нүсіпбекқызы, Бақшагүл Байзаққызы, Қанымгүл Әкімханқызы, Аида Меңдібайқызы, Гүлжаһан Рахымбердіқызы, Айгүл Исалықызына алғысым шексіз.