«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейі бірлесе «Қазақтың дәстүрлі саятшылық өнері» және «Қазақтың дархан дастарханы» атты тақырыпта іс-шара өткізді. Оның барысында «Батыр бабалар» мемориалы қызметкерлері келушілерге саятшылық өнерінің қыр-сыры және саят құсы – бүркіттің бабы мен күтімін, құрал-жабдықтарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, саятшыдан сұралатын «Сыралғы» кәдесі жайында айтып өтті.
Ал, «Анаға құрмет» музейі қызметкерлері күбімен «май шайқау», «талқан тарту», «жүн сабау», табаға «нан пісіру» сияқты өнерлерін көрсетті. Іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әбілқасымова Ділда Ұланқызы арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, ауған соғысы ардагерлерінің «Аманат» бірлестігі қоғамының төрағасы Бақытжан Мулинов шақырылды. Осы орайда Бақытжан «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Бақыт Естемесоваға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырып жүрген осындай игі іс-шараларын ескеріп, «Ана жүрегі» атты медалін тапсырып, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Соңында келуші қонақтарға дастарқан жайылып, олар күбіге пісілген айран мен шайқалған майдан және диірменге тартылған талқаннан, сондай-ақ, табаға пісірілген наннан дәм татып, риза болып тарқасты.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты қазақтың ұмыт бола бастаған саятшылық өнерінің қыр-сыры мен қазақтың дәстүрлі ас-тағам дайындау түрлерін өскелең ұрпақ пен әртүрлі жастағы келушілер назарына ұсынып, насихаттау еді.
Орынбасар ӘЛІМ,
«Батыр бабалар» мемориалды
музейі меңгерушісінің м.а.