Елбасының салиқалы саясатының негізі халыққа жағдай жасау екенін көрсететін өміршең жоба – «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда. Осы ретте аптаның сәрсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен келген «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Садық Әбдіқадыров «Бес әлеуметтік бастаманың» өңірде жүзеге асырылу барысымен танысты.
Алдымен Садық Әбдіқадыров «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында облыстық Қоғамдық кеңестің отырысын өткізді. Аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов ашып жүргізген жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов мен бөлім басшылары қатысты. Жиын барысында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» әрбір бөлімі егжей-текжейлі талқыланып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар барысы әңгіме болды.
Нақтырақ айтқанда, отырыста аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаев пен аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев аталмыш жобадағы бастаманың бірінші бағыты тұрғын үй мәселесі бойынша бүгінде, жалпы аудан бойынша «7-20-25» бағдарламасымен, 150 пәтер («Қарлығаш» ықшам ауданынан 136, «Алатау ажары» ықшам ауданынан 14 пәтер) берілгенін және де «Қарлығаш» ықшам ауданынын құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар, жаппай газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қазіргі таңда аудан бойынша елді мекендердің 95%-ы газбен қамтылғанын да тілге тиек етті. Ал, екінші бағыты жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту бағытындағы жұмыстар жайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиев баяндап, 2019 жылдың 1 қаңтарынан салық жүктемесін төмендету (10%-дан – 1%-ға) аудандағы 1298 тұрғынның жалақысын жоғарылатуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді. Елбасының негізгі әлеуметтік бастамаларының бірі жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов сөйлеп, биыл аудан бойынша 11 сынып бітірген 1799 түлектің 1289-ы ҰБТ тапсырып, нәтижесінде 644-і грантқа, 637-і ақылы түрде жоғарғы оқу орнына түскендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 9,11 сыныптардағы 100 жасөспірім О.Жандосов атындағы және Алматы қаласы экономика колледжіне тегін оқуға қабылданғанын да тілге тиек етті. Бесінші бағыт өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Эльмира Тасырова «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында сертификат алған 54 азамат 294 млн 490 мың теңге көлемінде шағын несие алып, өз кәсіптерін бастап жатқандығын жеткізді. Барлығын да тыңдап, аймақ әлеуетімен танысқан Садық Әбдіқадыров әлеуметтік бастамалардың іске асырылуына оң бағасын берді.
Отырыстан кейін ауданымызға келген облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі ауданымызда «7-20-25» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында «Қарлығаш» ықшам ауданын көріп қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.