Ауданның түрлі сала бойынша дамуы аймақтың әл-ауқаты мен сапасы жағынан жақсаруын айқындайтыны анық. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар мен бағыты айқын бастамалар да іске асырылуы тиіс және бұрынғы көрсеткішінен жоғары нәтижелер көрсетуі керек. Осы және басқа да өзекті мәселелер жайында аптаның алғашқы күні әкімдіктің үлкен мәжіліс залында кеңінен сөз етілді.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде ауданның 2019 жылдың ІІІ тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және ІV тоқсандағы міндеттері толығырақ талқалынып, атқарылған жұмыстар сараланды.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев мәжілістің күн тәртібіндегі басты мәселеге қатысты баяндама жасап, кейбір сала бойынша кемшіліктерге де тоқталып өтті. Алдымен ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында айтылған тапсырмалар аясында жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің дамуына қатысты ақпарат берді. Баяндама барысында әр саланың айналасында игеріліп жатқан істер де сөз етілді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 36,3 млрд теңгеге артық орындалса, құрылыс саласындағы жұмыстардың биылғы көрсеткіші де жоғары болған. Сонымен қатар, бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің де нәтижесі жаман емес. Ал, 2019 жылдың 1 қазанға дейінгі салықтық берешек 714,8 млн теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 31,2%-ға (324,4 млн тг) азайған. Дегенмен, кейбір саланың айналасындағы істердің қарқыны бәсеңдеп тұрғанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде ауылшаруашылығына тартылған инвестиция, құқық бұзушылыққа қатысты ескертулер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың аздығы, ағымдағы жылдың
І тоқсаны бойынша білім сапасының төмендігі сияқты мәселелерді айтуға болады. Міне, осы саланың бірқатар төмен нәтижелері Дулат Мұратұлының баяндамасында ашық айтылды. Баяндамашының сөзінен кейін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы әр салаға жауапты өзінің орынбасарларына және тиісті бөлім басшыларына сын-ескертпелерін айтып, нақты тапсырмаларды жүктеді.
Алқалы мәжілісте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаев, орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Марат Ақылбеков соңғы 9 айда атқарған жұмыстары жайында хабарлама жасап, нәтижелерін үлкен экран арқылы көрсетті. Ал, кейбір кемшілік тұстарын жылдың соңына дейін түзетіп, жоспарлы түрлі қарқынды жұмыс жасайтындарын түсіндірді.
Жиын соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен білім саласына ерекше тоқталып, ондағы атқарылатын шаруалардың да маңызы жоғары екенін айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы халықтың игілігі үшін алға қойған міндеттерді орындап, өңірдің жан-жақты дамуына барынша атсалысу керектігін жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.