Осы аптадағы сәрсенбіде, орталық кітапхананың оқу залында, Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісі өткізіліп, онда белгіленген күн тәртібі бойынша бірнеше мәселе қаралды.
Барлық санитарлық талаптар сақталған аталған жиынды аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы ашып, қоғамның өткен, яғни, 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы кеңінен баяндап берді.
– Тышқан жылының бүкіл адамзат баласына әкелген орасан зор ауырлығы мен қиындығы қазақ елін де айналып өтпеді, – деді атап айтқанда Шара Қанатқұлқызы. – Ол біздің жұмысымызға да көп кесірін тигізді. Бірталай жоспар-жобамыз іске аспай қалды. Алайда, абырой болғанда, әлемдік деңгейдегі алып тұлға, ұлы ақын, ойшыл Абайдың 175 жылдығына байланысты көп іс-шара онлайн түрде болса да өткізіліп, оның барлығына дерлік белсене қатыстық. Ал, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының өзі Абайға арнап үлкен конференция ұйымдастырып, оған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жастар қатысты, жұлдыздай жарқыраған қазақ халқының мақтанышы мен оның шығармашылығы туралы өздерінің орнықты ой-пікірлерін ортаға салды. Осы тұста атап өтерлік бір жай – қоғамның барлық ісіне аудандық орталық кітапхана ұжымы мен аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакциясы үнемі көмек-қолдау көрсетіп отырады. Бұл үшін көп рахмет айтамыз!
Мәжілісте, сонымен қатар, алқа мүшелері, ардагер ұстаздар Ақлима Көсемова мен Нағима Сағатова, сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Әуелбекова сөз алып, қоғам жұмысына, әсіресе, мемлекеттік тіл – ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, мәртебесін көтеруге байланысты ұсыныс-тілектерін білдірді.
Алқа мәжілісінде, сондай-ақ, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының үстіміздегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Онда аудан атын шығарған бірқатар атақты азаматтардың мерейтойларын лайықты атап өту, атын өзгертуге тиісті білім мекемелері мен таза қазақ мектебі ретінде қайта құрылуды қажет ететін білім ұялары жайында жоғарғы орындарға ұсыныс жасау сияқты мәселелер қамтылған.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.